СОЛ ЖАҒАЛАУДА СТУДЕНТТЕР ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

«Қала күні» мерекесі аясында Сырдария өзенінің сол жағалауында «Болашақ» университетінің іргетасы қаланды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

– Біз бүгін тарихи сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Біздің аймағымызда жасалып жатқан игілікті істердің барлығы да Елбасының тікелей қолдауының және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың аясында жүзеге асуда. Ағымдағы жылдың мамыр айында сол жағалаудағы жаңа қаланың алғашқы шағын ауданының құрылысы басталды. Өткен жылы біз Сырдария өзенінің үстімен өтетін көпір салып, сол жағалауды игере бастадық. Қазір мұнда 18 көпқабатты үй мен 320 орындық балабақшаның құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, Жастар орталығы, Неке сарайы, Қазақ орталық атқару комитетінің үлгісіндегі ғимарат салынуда. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болады. Міне, бүгін, ширек ғасырға жуық тарихы бар, елдің ертеңі – жастарымыздың білім игеріп, тәрбие алып, ғылымды дамытып, рухани құндылықтарды дәріптейтін «Болашақ» университетінің студенттер қалашығының іргетасы қаланып, құрылысы басталғалы тұр. Бұл – облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының жарқын көрінісі, – деді аймақ басшысы.

Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде, өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді айтып өтуге болады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі  парк пен бульварлар қарастырылып отыр. 2013 жылы бұл аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы оның түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Бірнеше жерде көпқабатты үйлердің төбесі көрініп қалыпты. Тіпті, кейбіреуі төртінші қабатына дейін өрілген. Ал,  балабақшаның шатыры жабылу үстінде.

 Құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 18 көпқабатты тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. 2018 жылы республикалық бюджет есебінен 320 орындық балабақша, 600 орындық мектептің, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын жүргізу көзделген.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында,  «Шіркейлі» каналы үстінен өтетін көпір, 5 шақырымды құрайтын магистральдық көше, ұзындығы 7,8 шақырым болатын Сырдария өзенінің бойынан жағалау құрылысын салу да жоспарда бар.

«Болашақ» университетінің іргетасын қалау шарасына студенттер де көптеп жиылыпты. Олар өздері білім алатын оқу орнының өркендеп, қанат жайып келе жатқанын көріп, шаттанып тұрды.

Бұл университет – өңіріміздегі ірі оқу орындарының бірі. Қазіргі таңда мұнда 4000-нан астам студент білім алуда. Университет мемлекеттік аттестациядан, институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өткен. Университет жанынан ашылған «Болашақ» колледжінде бүгінде 900-ге жуық студент оқыса, ал, оның медициналық колледжінде 1600-ге жуық жас білім алуда.

Сол жағалауда «Болашақ» университетінің бүтін бір қалашығы бой көтереді. Атап айтқанда, 12 қабатты әкімшілік ғимарат, оқу корпустары, Студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жабдықталған медициналық колледждің және «Болашақ» колледжінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасатын болады.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қыркүйек 2017 г. 725 0