Елбасы Ұзақбай Қарамановтың жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұзақбай Қарамановтың қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеделхатта Қазақстан Президентінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған. «Ұзақбай Қараманұлы бүкіл ғұмырын халқы мен туған елінің өсіп-өркендеуіне арнады. Ол өзінің зор ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдағы беделінің арқасында көптеген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болып, өзіне жүктелген міндеттердің барлығын абыроймен атқара білді», - делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы қазақстандықтар оның есімі мен ел алдындағы еңбегін әрдайым есте сақтайтынын атап өтті.
Ұзақбай Қараманұлы Қараманов 1937 жылдың 20 тамызы күні Қызылорда облысы Арал ауданының Ұялы ауылында дүниеге келген.
ҚазСРО Министрлер Кеңесінің соңғы төрағасы және ҚазСРО-ның тұңғыш Премьер-Министрі.
1959 жылы Куйбышев (Самара) қаласындағы инженерлік құрылыс институтын бітірген;
1959 - 64 жылдары Шұбарқұдық автобазасында, «Қызылорда құрылыс» тресінде жұмыс істеді;
1964 - 80 жылдары «Алматы өнеркәсіп құрылысы» тресінде аға прораб, комбинат директоры, Қазақстан Компартиясы ОК-нің іс басқармасының қызметкері, Жеңіл және тамақ кәсіпорындары құрылысы басқармасының бастығы, Қазақ КСР ауыр өнеркәсіп министрлігінің Алматы құрылыс Бас басқармасының және Құрылыс индустриясы Бас басқармасының бастығы;
1980 - 84 жылдары Қазақ КСР жеңіл өнеркәсіп министрлігінің орынбасары, «Қазақтың су тасқындарынан қорғану құрылысы» Бас басқармасының бастығы;
1984 - 89 жылдары Қазақ КСР құрылыс министрлігінің бірінші орынбасары, Қазақ КСР мемлекеттік жабдықтау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған; 1989 - 90 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы;
1990 - 92 жылдары Қазақ КСР премьер-министрі болды; 1991 жылдың қазан айынан - ҚР мемлекеттік кеңесшісі;
1993 жылдың сәуір айынан - Аралды құтқару Халықаралық қорының атқарушы директоры; 1994 жылдың наурыз айынан - депутат, ҚР Жоғарғы кеңесі Табиғатты пайдалану және экология комитетінің төрағасы, «Қазақстан халықтық конгресі» партиясынан ұсынылған;
1995 жылдың сәуір айынан - «Қазконтракт» республикалық келісімшарт корпорациясының вице-президенті;
1998 жылдың сәуір айынан - «Қомақ-Инвест» қаржылай-кәсіпшілік тобының президенті. Онымен бір мезгілде - ҚР Құрылысшылар одағының президенті;
1999 жылдың қазан айынан - ҚР Парламенті Мәжілісі 2-ші шақырылымының депутаты (№37 Қызылорда облысының Аралмаңы сайлау округінен, «Отан» РСП атынан).
Аймақтық дамыту және экономикалық қайта құру комитетінің мүшесі;
2004 жылдың қазан айынан 2007 жылға дейін - ҚР Парламенті Мәжілісі 3-ші шақырылымының депутаты;
ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 11-ші, 12-ші, 13-ші шақырылымдарының депутаты; Қазақстан Құрылысшылар одағының негізін салушы.
II дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен; ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің медальдарымен, Қазақстан Республикасының мерейтолық медальдарымен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
КСРО Министрлер кеңесі сыйлығының, Еуропа қоршаған ортаны қорғау облыстық «Алтын глобус» сыйлығының лауреаты.
Қызылорда облысының Құрметті азаматы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қыркүйек 2017 г. 558 0