Алаштың анасы атанған Қызылорданың туған күнін жұртшылық көтеріңкі көңіл-күймен тойлады. Бірнеше күннен бері әсем ән мен жырдан шашу шашқан өнерпаздар өз тартуын гала-концертпен түйіндеді. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, Сыр халқын айтулы күнмен құттықтады.
– Еліміздің алғашқы астанасы болған Қызылорда – өткені тереңде жатқан тарихи қала. Кезінде мұнда сақтардың орталығы – Шірік Рабат, оғыздардың астанасы – Жанкент, Қазақ хандығының астанасы – Сығанақ қалалары орналасқан. 1925 жылы осы топырақта өткен жиында алғаш рет халқымыз ресми түрде “қазақ” атауын еншіледі. Биыл бұл ауқымды шара келесі жылы өтетін қаланың 200 жылдық тойына дайындық ретінде ұйымдастырылып отыр. Алдағы тойға тарту ретінде Сырдарияның сол жағалауынан бой көтерген алғашқы нысандарды пайдалануға береміз деген жоспар бар. Қала күні мерекесіне орай аталған аумақтағы кезекті нысан – “Болашақ” университеті студенттер қалашығының іргетасы қаланды, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, мерекелік кештің көркін өнер биігіне самғап, қазақ эстрадасының жарық жұлдызынa айналған Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина секілді танымал әншілер, “Ұлытау” этно-рок тобы қыздырып, торқалы тойды бір көтеріп тастады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылорданы мерекемен құттықтап, ыстық ықыластарын жеткізді. Сахна төрінен “құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй” бірінен соң бірі төгілді. Көне баба тағылымын, бағзы дәуір дәстүрі мен кие тұнған өлкенің өнерін паш ететін сахналық қойылымдар да көрерменге жол тартты. Тал шыбықтай бұралып, әуезді әуенге тербелген бишілер тобы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Осылайша, халық әндері мен домбыра көмейінен төгілген күмбірлі күй көкке әуелеп, ерекше әсер сыйлады. Естен кетпес шара аспан әлемін сәнге бөлеген отшашумен қорытындыланды.
Жалпы, қала күнінде ұйымдастырылған кештердің басым көпшілігі ұлттық тарихты зерделеу мен жаңа тарихи сананы қалыптастыруға бағытталды. Кең көлемде аталып өткен мереке осыны аңғартады. Барлық шарадан ертедегі дәстүріміздің иісі аңқып тұрғандай. Бұл қуануға, құптауға тұрарлық дүние болды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).