ШАХМАРДАН ТЕРБЕЛГЕН ТАЛБЕСІК

Бесік – өмірге жаңа келген нәрестенің анасының құшағынан кейінгі жылы ұясы. Періште-сәбидің ақ отауы!  Ат үстінде жүріп елін қорғаған батыр қазақтың асыл бұйымы. Өйткені, бесік – ұрпақ өсіру жолындағы халқымыздың қиялы мен әрекетінің жемісі. Қазақтар бесікті қарағайдан, қайыңнан, көбіне талдан жасайды. Бесікті «тал бесік» деп атаудың сыры осында. Ыңғайлы етіп қиюластырған бұл дүние көшіп-қону жағдайында да тіршілікке қолайлы. Оны ат үстінде ердің алдына алып та, түйе үстіндегі қоршау ішіне артып та жүре береді. М. Әуезов кезінде «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөзінің мән мағынасы да терең. 

 

Биыл еліміздің ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, 33 жасында министр дәрежесіне көтерілген, Қазақстан ғылым академиясын басқарған Шахмардан Есеновтің туғанына 90 жыл толады. Жуырда атақты ғалымның дүниеге келген кезінде бөленген бесігі табылды.  Оған ие болып,  осы күнге дейін көзінің қарашығындай сақтап келген Шиелі ауданы, Алғабас ауылының түрғыны Кенжегүл апамыз екен.

... 1960 жылдардың бас кезінде ағайынды Шәймерден, Ақберген бір аулада тұратын. Үлкені колхоз жұмысында болса, кішісі – мектепте мұғалім. Ол кезде шешелері Нағи әжеміз бар. Шәймерденнің Пісте апамыздан Тұрсын есімді қызы мектепке дейінгі жаста да, Ақбергеннің Кенжегүлмен енді бас құраған кезі. Бір күні екі жеңіл көлік сырғып келіп, есік алдына тоқтай қалды. Аудан басшылары құрметтеп  бір әйел кісіге жолбасшылық жасап жүрді.

– Бұл келген Шәрипа апамыз екен. Шахмардан Есеновтің шешесі. Біздің атамызға аталас туыс болып келеді. Өйткені енеміз: «Ілгеріде осы Шәрипаны Жорабекке ұзатып едік», дегенді жиі айтып, әңгімелеп отыратын. Атақты кісіні өмірге әкеліп, ақ сүтін берген апамыз ұзын бойлы, әдеміше келген, жасы алпысқа жақындаса да келісті кісі көрінді. Бір көргеннен жақын тартатын жылы щырайлылығы есімде қалыпты. Үстінде ақ көйлегі мен өрнекті қара камзолы бар, – деп еске алады Кенжегүл Әлмаханқызы.

Осы оқиға баяндалып отырған мерзімнің нақты уақыты – 1961 жылдың қара күзі. Шахмардан Есеновтің Геология министрі кезі.  Ол кезде Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов болса, аудандық атқару комитетінің төрағасы Қонысбек Қазантаев. Ал Ленин колхозының төрағасы Әзімхан Исмайлов болатын. Шәрипа апамыз елге қыдырыстап келіп, туыс ағасы Садықтың үйінде болуды қалаған секілді. Аудан басшылары колхоз төрағасының жеңіл көлігін бір аптаға босатып беріп, жанына жауапты адамдарды да қосып береді. Ғалымның анасы туған өлкесін армансыз аралайды. Тіріге – сәлем, өлгенге – бата жасайды. Әйтеуір, күнде қонаққа шақырушылар қатары мол болыпты..

– Шәрипа апамыз қайтадан жолға шығарында Шәймерден көкеге:«Ауылда баяғы Шахмардан жатқан бесігі сақтаулы. Соны алып келіп балаларыңды бөлеңдер, Тұрсын қызыңның соңынан басқа да кішкенелер ерсін, бәрі де өскен соң, Шахмарданым секілді елге белгілі азамат болсын!» деп батасын беріпті. Мұны кейіннен үлкендерден естідік қой, біз босағаны жаңадан аттаған жас келінбіз, көп нәрсені түсіне бермейтін кезіміз, – деп еске алады Кенжегүл апа.

Содан қыстың бір күні Шәймерден атпен барып, қолдан жасалған, сырты түрлі қазақы оюмен өрнектелген әлгі бесікті алып келеді. Аузы дуалы апаның айтқаны келіп, жас келін ұзамай босанады да, сәбидің есімін Арнауыт қойып, әлгі бесікке бөлейді. Бұл 1962 жылдың 23 наурызы болатын. Содан кейін де Шахмардандай марқасқа жатқан құт бесікте тағы да сегіз бала, кейінен олардың кішкенелері бөленіп, бәрі де тәй-тәй басып кетеді. Арнауыттан соң Алма, Гүли, Алуа, Фарида, Мейрам, Әнуар, Зәкира, Ернар, баяғы апалары берген батаның Алланың құлағына шалынғаны шығар, бәрі де жоғары оқу орнын тауысты. Қазір бірі Астанада, бірі Алматыда, басқа да облыс орталығында тәуір қызметтер істеп жүр. Олардың балаларының өзі – отыз жасты орталап толысқан азаматтар. Біз сөз етіп отырған шаңырақтың ең кенжесі Ернар ғылым жолына түсіп, белгілі биіктіктерді бағындырып үлгерді. Ол – Астана қаласындағы медакадемияның кафедра меңгерушісі. Баяғы алғаш бесікке бөленген Арнауыт – Шиелі теміржолында өрт сөндіру пойызының бастығы. Ортасына сыйлы, мәмілеге мығым жігіт. Бұл баланы Шәймерден мен Піста апамыз бауырына басқан. Сондықтан ауылдағылар оны «Шәкеңнің ұлы» дейді әлі күнге дейін.

– «Жақсыдан – шарапат» деген рас екен, Шахмардан аға жатқан құтбесік бізге де құтты болды. Шәрипа апаның мейірімін салған жаратушыға ризамын. Отағасы да мектепте абыройлы қызмет етті, өзімде шамам келгенше жұмыс істедім. Өсіп-өніп жатырмыз, шүкір, – дейді кейіпкеріміз.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ, 

Шиелі ауданы.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қыркүйек 2017 г. 1 429 0