ҚАЗАЛЫДА АРЫҚБАЛЫҚ ШАЙҚАСЫНЫҢ 160 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылында қазақ қоғамындағы ірі бас көтерілулердің бірі Арықбалық шайқасының 160 жылдығына арналған ауқымды шара өтті.  

Алдымен жиналған қауым Тағзым алаңына гүл шоқтарын қойып,   "Сарықұл Қожа" мешітінде бабалар рухына арнап құран бағыштады. Одан соң Орталық саябақта "Арықбалық шайқасы" тақырыбындағы театрландырылған қойылымды тамашалады. Салтанатты шарада аудан әкімі Нажмадин Шамұратов «Өткен ғасырлар қойнауында қазақ жұртының көрмеген азабы, шекпеген қасіреті жоқ. Отар ел болғаннан кейін империяның жасаған қиянаты тіптен зор. Соның бірі, осы -  «Арықбалық шайқасы» деген атпен қалған көтеріліске биыл 160 жыл толды. Бүгінгі шара санада ауыр зардабы қалған сол Арықбалық шайқасындағы Жанқожа батыр бастаған сарбаздардың ерлігін дәріптеу,  өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке баулу, өткен тарихымызды қастерлеу мақсатында өткізіліп отыр» - дей келе, жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қалған ізгі қасиеттерді қайта түлету қажеттігін айтты.

Шара ауылдық мәдениет үйінде Арықбалық шайқасының 160 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты. Конференцияда филология ғылымдарының кандидаты, Болашақ университетінің аға оқытушысы, "Әлімсақ" журналының бас редакторы Нұрлан Нұрмаханов «Арықбалық шайқасы: Жанқожа батыр аңсаған еркіндіктің, ұрпаққа аманаттаған тәуелсіздіктің соңғы дүмпуі», №94 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айзада Тасым «Арықбалық шайқасы» тақырыптарында баяндама жасады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли ШайқұлЖанқожа батырдың өз ғұмырынан елінің намысын артық санағанына тоқталып, көтеріліске қатысқан сарбаздардың ерлігі дәріптеуге толық лайықты екенін жеткізді.

Шара соңында жиналған көпшілікке киіз үй мен арнайы шатырларда ас берілді.

Айта кетейік, Қазалы бекінісі түбінде орыс патшасының озбырлығына қарсы Жанқожа батыр бастаған көтеріліске 7 мыңдай адам қатысқан. Ақтық шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Фитингоф бастаған жазалаушы әскермен Арықбалық жерінде өткен.


 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қыркүйек 2017 г. 592 0