ХАЛҚЫНА АДАЛ ҚАЙРАТКЕР

 

Ағалығы жарасқан, ағайын-туыс боп қарасқан, қайран Әлекеңнің төтенше келген қазадан бұл жалған дүниеден жұлдыз болып ағып өткеніне де он үш жылдан асып бара жатыр. Көңілден өшпейтін бейне өмірден көшті.

Қимас дос Әли Мүсілімұлы – ағарту майданының генералы атанған ардақты азамат, бүкіл саналы ғұмырының 40 жылдай уақытын халыққа білім беру саласына арнаған ұстаз. Қарапайым мектеп оқытушысынан бастап он сегіз жыл (1983-2001ж) облыстық халыққа білім беру басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.

Бір елдің азаматтарындай бір-бірімізді сырттай жақсы біліп жүрсек те, Әлекеңмен шындап таныстығымыз 1971 жылы басталды. Менің Мәскеудегі жоғары оқу орнын бітіріп келіп, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарып жүрген кезім. Жастар ұйымының жұмысы таусылған ба, ертеден кешке дейін жайдақ аттай шапқылайсың келіп! Қашан басталып, қашан бітері белгісіз жиналыстар... Кезекті басқосуда Әлекеңмен танысқанымда, ол өзінің біздің ауылға алыс еместігін, Қармақшыға күйеу екенін айтып, достық пейілін білдірді. Арамызда үлкен бір жақындық орнады. Жақындық туыстыққа, туыстық достыққа ұласты. Бір-біріміздің отбасымызды көріп, аяқ-табақ араластырдық. Зейнегүл мен Гүлбарам сырлас құрбыларға айналды. Әкесі жақынның баласы жақын дегендей, көрінген төлдеріміз де ағайындық ауласында шапқылап жүрді.

Осынау жылдар бедерінде қызығымызды бөлісіп, қуаныш-мұңдарымызға ортақтаспаған кезіміз болған емес. Өмір өз ауанымен жылжып жатты. Сол кездегі медициналық училищенің комсомол ұйымының хатшысы Әли Мүсілімұлы ұстаздық қызметін де қатар алып жүр екен. Кейіннен партия, кеңес жұмысына  араласты. Мен де комсомолдың қызыл папкасын институт аудиториясына ауыстырып, ұстаздық жолымды жалғастырдым.

Менің бір байқағаным – Әлекең табиғатынан ұстаз, ағартушы, ұйымдастырушы, ізденімпаз, өте сезімтал жан еді. Саналы ғұмырын педагогикаға арнады. Мінезге бай, жайсаң еді. Өзім деген адамға өзегін жұлып беруге бар. Талай жерде бастық болса да, бәз-баяғы кішіпейіл мінезінен айнымайтын. «Болдым, толдым» демейтін. Айналасында адам үйіріліп жүретін. Бірақ, соншалықты жайдақ та емес. Жұмысқа келгенде, талапшыл, мінсіз еді.

Әлекең барды бар, жоқты жоқ деп айтуды үйренген жан. Кейін ғылымға ден қойып, кандидаттық, докторлық диссертацияларын жазып жүргенде, «менің ғылымға келуіме бірінші құдай, екінші Бақбергеннің үлкен еңбегі бар» деп мерейімді өсіріп жүрді.

Қызылорда гуманитарлық университетінің ректоры қызметінде жүрген кезімде Әлекеңе: «Ғылыммен айналысып көрсеңіз қайтеді? Құдайға шүкір, өмірлік тәжірибеңіз жеткілікті, оның үстіне білім саласының қыры мен сырын сізден жетік білетін басшы жоқ. Бойыңыздағы қабілет-дарыныңызды ішіңізге сақтамай, жинақтап, ғылыми ізге түсіріп, кейінгі ұрпақтың қажетіне ұсынсаңыз қалай болады? Өндірістен, яғни, ұстаздық қызметтен қол үзбей жүріп ғылыммен айналысқан жанның еңбегінің бағасы зор. Ғалым-практик дегеніміз сол», – деген едім.

Әншейінде құнды ұсыныс-пікірді бірден қолдай қоятын ағамыз әп-сәтте елпілдей қойған жоқ. Ойланып ұзақ отырды. Сәлден соң: – «Бақберген-ау, үш ұйықтасам түсіме кірмейді. Ол бір инемен құдық қазғандай қиын шаруа ғой. Оның бер жағында «қызмет-қызмет» деп ат үстінде жүріп, қағазға қарауға мұрша болды ма? Менің ұғымымша, ғалым болам деушілер өзің сияқты, аспирантураға түсіп, талай ғұламалардан дәріс алып, күні-түні кітапханадан шықпай, архив ақтарып, әрбір ғылыми тұжырымды отыз ойланып, тоқсан толғанып отырып жасайтын бейнеткеш жандар сияқты. Қолымнан келе қояр ма екен?» – деді абыржыңқырап. Жүзіне қарасам, алабұртып отыр. Құдды бір мен оны ғылымның қара орманына кіргізіп адастыратындай. Күліп жібердім.

– Әлеке, қартайып тұрған жоқсыз, әлі жассыз, қолыңыздан келеді. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтерсің де кетерсің» деген. Ойланып көріңіз.

– Айтқан ұсынысың ойға қонатын сияқты. Бірақ күндіз ОблОНО-ның кабинетінде отырып, түнемелік ғылыммен айналысу қиындау шаруа ғой. Өзің қолдау көрсетсең, тәуекел етіп көрейін.

– Әрине, Әлеке! Тек сіздің ықылас-ниетіңіз болсын. Қалғанын көмектесейік. Осы сәтте өз мойныма ауыр жүктің артылғанын сездім, «шешінген судан тайынбас» деген. Тәуекел.

Әлекеңді ғылымның сара жолына салып жіберудің алғышарты ол кісіні университет жұмысына тарту деп түсіндім. Жарты жалақы белгілеп, қызметке шақырдым. Алғашында тосырқағанымен, нағыз ер екен, ғылымның тұңғиық теңізіне сүңгіді де кетті. Бара-бара Әлекең облыстық білім басқармасының жұмысына ғылыми тұрғыдан қарап, таңдап алған тақырыбын егжей-тегжейлі игеруге кірісті. Өз тәжірибесіне сүйенді, ғылыми еңбектерді саралады, архивтерде қадалып отырды. Нәтижесінде ғылым кандидаты атағын сәтті қорғап шықты.

Айтпақшы, кандидаттық диссертациясын қорғардың алдында, өзім бас болып Әлекеңнің құжаттарын реттеп, Мәскеуге апарып, КСРО Жоғары Білім Министрлігіне тапсырып, доцент ғылыми атағын иеленуіне септігімді тигіздім. Әлекең ғылыми дәрежесі болмай тұрып, ол кезде сирек кездесетін «доцент» атағына ие болды. Мәскеуге бізбен бірге жұбайы Гүлбарам апамыз еріп барған болатын. Істің оңынан келгеніне бізден бұрын ол қуанып, жемісімізді мейрамханада сол кездегі «дәстүрмен» атап өттік.

Әлекең нағыз еңбеккеш  жан еді. Кейбіреулер сияқты «кандидат болдым, мінеки!» деп арзан да жалған дақпыртқа малданып қалмай, ғылыми ізденістерді одан әрі жалғастыруға ниет етті.

– Бақберген, енді докторлыққа кіріссем қалай болады? – деді. Әзілі емес, шыны. Мұндайда қолдамағанда, қайтерсің?!

– О, Әлеке-ау, тездетіңіз. Теріңіз суып қалмай тұрғанда докторлық диссертацияға кірісіңіз. Сіз дайын докторсыз ғой! – дедім қайрап.

Қайран, Әлекем-ай! Білім басқармасының отымен кіріп, күлімен шыға жүріп, тағы бір үлкен шаруаны – докторлық диссертацияны қолға алды. Қызмет бабымен уақыты болмай, сәл-пәл жазудан қол үзіп қалған сәттері де болды. Бірақ түпкілікті мақсатынан айнымады.

Басқарма қызметін тапсырғаннан кейін, ғылыми жұмысын соншалықты жанкештілікпен жалғастырды. Уақытпен есептеспеді. Ол докторлық атақ алуға асыққан жоқ, жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа қалдыруға асықты. Оның келбетінен үлкен ұстаздың, шын ғалымның болмысын сездім. Қолымнан келгенше қолдау көрсетіп отырдым.

Тәңірдің сәтті бір күнінде Әли Мүсілімұлы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, «уһ» деп демін бір алды. «Сенің қолдап, дем беруіңнің арқасында ғалым болдым, рахмет» деп айтып жүрді. Абзал Әлекем-ай!

Әли Мүсілімұлы еліміздің білім саласындағы жүргізіліп жатқан реформаларға облыстың білім басшысы ретінде өзіндік үлесін қоса білді. Еліміздің білім саласындағы жаңалықтар мен реформаларға өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өңіріміздегі білім беру желісі кеңейіп, көптеген жетістіктерге қол жеткізуіне игі ықпал етті. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін дүниежүзілік білім мен ғылым кеңістігіне жақындауға, түрлі қорлармен байланысып, грант алуға қол жеткізді, «АКСЕЛС» бағдарламасымен оқушыларымыз Америкаға барып білім ала бастады. Гимназия, лицей, дарынды балалар мектебі, мемлекеттік емес мектептер желісінің дамуына алғашқы қадамдар жасады. Әли Мүсілімұлының қызметінің тұсында нарық заманында, яғни мектеп мұғалімдері жалақысын ала алмай қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп қиналғанда мектептерді экономикалық дағдарыстан шығару мақсатында мал бағатын минифермалар, бау-бақша егу, бал арасын ұстау, кілем, алаша тоқытып, ұлттық қолөнерді дамытып, шаштараз өнеріне баулу, т.б. ақылы еңбек түрлерін ұйымдастырып, мектептердің табыс табуына мүмкіндіктер ашты. Осы кезеңде қаржылық мәселелер шешіліп қана қоймай, оқушылар арасында тәртіп бұзушылық азайып, еңбек тиімді тәрбие құралы екендігіне көз жеткізілді.

Қазіргі күні технология пәнін экономикалық біліммен ұштастыра білудің маңызы зор. Әли Мүсілімұлы өз еңбектерінде «технология» пәнін оқытуда оқушылардың қолдан жасаған бұйымнан табыс табуға үйретуге мән берген. Бүгінде мектептерде ақылы қызметті ұйымдастыру туралы Үкіметтің қаулысына сәйкес осы идея іске асырылып, жалғасын табуда. Сонымен қатар оқушыларды еңбекке даярлау проблемасын кешенді сипатта және олардың осы заманғы адамды қалыптастыру процесімен жан-жақты байланыста ерекше қарастыру, олардың еңбекке саналы даярлығына кәсіби бағдар беру проблемасына назар аудару ерекшеліктері мен маңыздылығын өз еңбектерінде көрсетіп берді. Сонымен қатар, өз еңбегінде оқушыны еңбекке даярлау үрдісін жетілдіру мақсатымен педагогикалық байланысты жақсартып, білім беру мен еңбек тәрбиесін бір-бірімен ұштастыра жүргізілгендігін атап өткен.

Әли Мүсілімұлы облыс мектептерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға зор үлес қосты. Арал, Қазалы аудандарында жабылған мектептер мен Қызылорда қаласындағы А.С.Макаренко атындағы балалар үйінің қайта ашылуын жолға қойды. Жылдан жылға мектептегі оқу үдерісі жақсартылып, оқушылардың білім деңгейі артып отырды. Мектеп бітірушілердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіштері өсті. Жыл сайын мектеп оқушыларына арналып өткізілетін республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауы, шығарма жазу жұмыстарында І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған оқушылар саны артты.

Жас дарындыларды дайындауды басты назарда ұстады, сол мақсатта мектеп мұғалімдері мен оқушылардың шетелде білім алуына қол жеткізілді. Осы жұмыстар нәтижесінде төрт рет халықаралық олимпиадаларға қатысушы республикалық топтар құрамында облыс оқушылары жүлделі орындарды иеленді.

Әли Мүсілімұлының «Біз де бала болғанбыз» атты балалық шағы жайлы кітабы – аға ұрпақ тарихы, аға аманаты. Кітап 2010 жылы Астана қаласында жарық көрді. Еңбекті бүгінгі біздер сүйсіне талдасақ, келер ұрпақ та соншалықты қасиет тұтары сөзсіз. Өйткені бұл – балалық шақ ескерткіші.

Автор балалық шағына деген сағынышын өз шығармасына арқау еткен. Бұл – қарапайым тілмен жазылған, шындықтан туындаған шығарма. Кейіпкер балаларға бала болып жан сырын ашады. Өзінің бар болмысын, қателігін де, жақсылығын да жасырмай жазады. Сол жасырмай жазуының арқасында оқырманның ыстық ықыласына бөленеді. Кітабының басты мақсаты – жақсылыққа тәрбиелеу. Сондықтан бұл шығарманы іздеп оқитындар қатары алдағы күндері де көбейе түсетіні де күмәнсіз.

Зор парасат иесі Ә.Мүсілімұлының білім саласында қалаған ғылыми жолына оның отбасы да бет бұрып, ғылыми дәрежеге жеткені баршаға үлгі боларлықтай өнеге. Ұлағатты ұстаздың зайыбы Гүлбарам Сәдуақасқызы өңірде белгілі, беделі жоғары ана, ұстаз ретінде танымал тұлға. Г.Сәдуақасқызы оқу процесіне жаңа технологияларды енгізу арқылы сапалы білім беруді ұйымдастыру мәселелері бойынша біршама еңбек атқарды. Химия пәні бойынша мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар, студенттер мен мектеп оқушыларына арналған тест жинақтары кеңінен пайдаланылып келеді. Әсіресе мектеп бітіруші оқушылар «Химияның теориялық негіздері» есептер мен жаттығулар жинағын, «Органикалық химия» тест тапсырмаларын, «Бейорганикалық қосылыстардың негізгі кластары» тест тапсырмаларын терең оқу арқылы химия пәнінен Ұлттық бірыңғай тестілеуде және олимпиадаға даярлық кезінде оң нәтижелерге қол жеткізді. Әли Мүсілімұлының отбасында бүгінгі күні үш ғылым кандидаты бар екенін айтуымыз керек.

Әлекең Гүлбарам апамызбен отыз жыл отасып, бақытты өмір сүрді. Осы ретте Гүлбарам апамыздың «Есімде әлі сол жылдар» деген естелігінен Әлекеңмен үшінші курста егіс басында алғашқы танысулары туралы кейінгі жастарға өнеге болсын деп үзінді келтіргім келді. «Қарсы беттен бір жігіт тура келді де, биге шақырды. Байқасам, аққұба, көзі үлкен, әдеміше жігіт екен. Түрі ибалы, қысылыңқы күйде билеп жүрміз. Байсалды... Ретсіз сөйлеп, елпілдемейтіні байқалды. Жүзі интеллигентті, өзгелерге ұқсамайды екен» деген ой орап өтті. Ал төртінші курста Сұлутөбеде қайта кездескенде тағдырдың бар екендігін, біздің осы жақта кездесіп, өмірлік жұп құруымызға тиіс болғандығымызды кейін түсіндім», – дейді. Гүлекең «Әлекең маған әке орнына әке, аға орнына аға болды. Өзінің бар болмысымен өмір бойы қамқоршы болды. Оны бізді білетін жанның бәрі біледі» – деп жазады. Иә, ол шындық. Екеуінің бір-біріне деген махаббатының шынайылығы, бір-біріне берілгендігі айтпай-ақ көрініп тұратынының куәсіміз.

Мүсілімұлы Әли заман талабына сай, жаңашыл, өзіне де, әріптестеріне де қатаң талап қоя білетін, адамгершілігі жоғары принципшіл жан еді. Сонымен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Облыстық әкімият мүшесі, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Бірнеше мәрте облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Бүкілодақтық және республикалық мұғалімдер съезінің делегаты болып, мазмұнды баяндамалар жасады. 1995 жылы Анкарада өткен білім саласы қызметкерлерінің халықаралық съезіне қатысты.

Өмір бойы үздіксіз білім алу қағидасын ұстанатын ғалым-ұстаз шетелдерде бірнеше рет біліктілігін арттыру оқуларында және ҚР Президенті жанындағы Мемлекетік қызмет академиясы жанында да біліктілігін арттырды. Мемлекеттік комиссия құрамында Америка, Қытай және Түркия мемлекеттерінде болып, іс-тәжірибе алмасып келді.

Оның қаламынан 8 монография, 12 оқу құралы және 120-дан астам ғылыми-әдістемелік мақалалар жарық көрді. Ол еңбектері әлі күнге маңызын жойған жоқ, оқыту үдерісінде кеңінен қолданылып келеді. Сондай-ақ, ол Педагогикалық ғылымдар Академиясының академигі. Ағарту саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесін қорытындылап, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» іспеттес, кейінгі жас ұстаздарға өзінің педагогикалық ой-тұжырымдарын мұра етіп қалдырды.

Республикада бірінші болып облыстық мұғалімдер газеті «Сыр мектебін» ашты. Ұзақ жылдар республикалық «Қазақстан мектебі» журналының ақылдастар алқасының мүшесі болды. Еңбеккер жанның еңбегі бағаланып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы (1998), «Еңбек қызыл Ту» ордені (1986), «Еңбектегі ерлігі үшін» (1970), «Астана» (1998), «Ы.Алтынсарин» (1997) медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «СССР халық ағарту ісінің үздігі», «ҚазССР ағарту саласының үздігі», «СССР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен мадақталды.

Бүкіл саналы ғұмырының 40 жылдай уақытын халыққа білім беру саласына арнаған, «ағарту саласының генералы» атанған қайраткер, ғалым Мүсілімұлы Әли 63 жасында 2004 жылдың 15 мамырында дүниеден озды.

Әли Мүсілімұлының Алашқа сіңірген ақ адал еңбегі ескеріліп, Қызылорда қаласының бір көшесіне, №101 мектеп-лицейге оның есімі берілді.

Сыр өңірінің халқы мен ұстаздардың жадында Әли Мүсілімұлының ардақты да азаматтық бейнесі әлі күнге дейін нұрын шашып, артында  қалдырған өшпес ізі болашақтың баянды күндеріне қарай жол тарта бермек.


Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,  

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қыркүйек 2017 г. 836 0