ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЛОГИСТИКА – ТАБЫСТЫҢ ЖАҢА КӨЗІ

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бесінші басымдық – жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту екендігін айрықша атап көрсеткен болатын. Осының аясында Мемлекет басшысы «Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет» деп тапсырма берді.

Биылғы жылы Қазақстан аумағы бойынша транзиттік контейнерлік жүк ағымын 320 мың контейнерге дейін, соның ішінде, Қытайдан Еуропаға – 165 мың, Қытай-Кавказ/Түркия – 5 мың, Қытай-Иран мен Парсы шығанағы мемлекеттеріне – 5 мың контейнерге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, теміржол өткізу пункттерінен жүктердің өткізілуін жеңілдету мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы бірігіп тасымалдаушы және кеден органдарының жүйелерін интеграциялау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, осы мақсатта жұмыс істейтін «Астана-1» және «АСУ ДКР» ақпараттық жүйелері толыққанды іске кірісетін болады. Әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған бұл шара алдын ала ақпарат ұсынылған жағдайда кеден рәсімдерін жеңілдетіп, жылдамдатуға мүмкіндік береді. Жолдауда айтылғандай жүктердің еркін транзитін қамтамасыз ету үшін бұл – таптырмас мүмкіндік. Бүгінде жүк тасымалы барысында оның шекарадан кедергісіз өтуі қаншалықты маңызды болса, оның діттеген орнына жылдам жеткізілуі де бірінші кезекте назар аударарлық дүние. Бұл тұрғыда елімізде транзиттік жүктерді қысқа мерзімде тасымалдауға мүмкіндік беретін теміржол магистралінің оңтайлы қаңқасы жасалған. Соңғы бес жыл ішінде теміржол желілерін пайдалану ұзындығы 14,4 мың шақырымды құрайтын оңтайлы торап желісі 1854 шақырымға ұзартылды.

Өткен жылы «Құрық» портының паром өткелінің алғашқы кезеңі іске қосылды. Теңіз порттарының жүк өткізу қабілеті 4 миллион тоннаға ұлғайды. Сонымен бірге, теміржол бойынша транзиттік тасымалдауды сақтау мен ұлғайту мақсатында 2017 жылы Орта Азия, Иран және Ресей бағыттары бойынша тиімді тарифтік шарттар ұсыну бойынша жұмыстар жалғасын табуда.

Осы жылдың наурыз айынан бері автомобиль жолдарында да транзиттік бағыт туралы алдын ала хабарлайтын «Сәтті сапар» атты жүйе жұмыс істейді. Ол жолдағы тексерісті жою арқылы транзиттік бағыттағы жүктердің жеткізілу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Тар жолдарды» жою және өзге де жолдардың өткізу қабілетін арттыру мақсатында тасымалдау мерзімін 2 есеге қысқартатын 112 шақырымдық «Шу-Алматы» учаскесінде екінші жол құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Бүгінгі таңда контейнерлік тасымалдау түрі табыстылығы жағынан дәстүрлі транзитке қарағанда тиімді болып отыр. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша 245 мың контейнер тасымалданған. Қытай-Еуроодақ-Қытай бағытындағы контейнерлік жүк көлемі 2015 жылмен салыстырғанда, 2 есе, яғни, 104,5 мың жиырма футтық эквивалентке көбейді.

Транзиттік тасымалдың жылдық көлемін ұлғайту Қытай-Еуроодақ-Қытай, Қытай-Кавказ-Түркия, Қытай-Түркіменстан-Иран, Ресей-Орта Азия-Қытай бағыттарын дамыту есебінен жүзеге асырылатын болады. Осылайша, 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 255 млрд теңгеден 1,3 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауындағы транзиттік жолаушыларды 2020 жылға дейін 1,6 миллионға дейін арттыруға қатысты тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен және жеке сектордың өкілдерімен бірлесіп, «Транзиттік авиатасымалдар» жобалық тобы шеңберінде жұмыс жүргізілуде.

Азаматтық авиация саласындағы билеттің бағасы авиамаршрутты орындауға жұмсалған шығыстар, жанар-жағармай материалдарының құны, әуежайлық шығындар, метео қамтамасыз ету бойынша шығындар, аэронавигациялық қызмет көрсету және өзге де шығыстар бойынша белгіленеді.

Инвестициялар және даму министрлігі ұсынған мәліметтер бойынша соңғы уақытта ең төменгі әуебилеттердің бағалары өспеген. Мысалы, «Эйр Астана» әуе компаниясының «Астана-Алматы» бағытына жеңілдікпен бекіткен бағасы – 13-14 мың теңге. Компания бұл тарифті соңғы 3 жылда өзгертпеген. Әуекомпанияның негізгі шығыстарды (70%) шетел валютасымен жүзеге асырылатындықтан, тек қана шекті тарифтерге бағалары өсті.

Еуропаның қалаларымен салыстырғанда Қазақстан қалаларының ара қашықтығы едәуір ұзақ екенін ескеру керек. Мысалы, Астана мен Мәскеудің арасы – 2400 шақырым. Демек, қашықтықты есепке алсақ, қазақстандық қалалардың арасындағы бір рейстің өзіндік құны еуропалық рейстен едәуір жоғары болып шығады.

Қазіргі уақытта «Қазақстан теміржолы» компаниясы жыл сайын өсіп отыратын, 2016-2020 жылдарға арналған магистральды теміржол желілерінің қызметтеріне шектік тарифтерді бекіткен. Демек, еліміздегі жүк тасымалдау қызметтеріне бағаны мемлекеттік реттеу тек монополияға қарсы заңнамаға сәйкес реттеледі.

Су көлігі саласына тоқталар болсақ, 2013-2017 жылдар аралығында отандық кеме қатынасы компанияларының мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бағасы өзгермеген. Отандық кеме қатынасы компанияларының құрғақ жүктерді тасымалдауы 2014 жылдан басталды. Құрғақ жүктерді тасымалдау бағасы, оның ішінде астық, металл және т.б. 2014 жылдан бері 40 пайызға төмендеген.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі – ең қысқа дәліз және ол Орта Азия елдері мен Еуропа аралығындағы көлік байланысын қамтамасыз етеді. Оның Қытайдан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Ресейдің батыс өңірлеріне және әрі қарай Еуропаға шығатын тағы бір бағыты бар.
Қазақстан Республикасының транзиттік мүмкіндіктерін тартымды ету әрі сенімді көлік байланысын қалыптастыру – бүгінде дәліздің басты мақсаты. Оған балама ретінде Транссібір теміржолы мен Суэцк каналын алуға болады. Бірақ жолға кететін уақыты жағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі едәуір тиімді. Мысалы, бұл дәліз бойынша Ляньюньгань айлағынан шыққан екі жүргізуші тәулігіне 10 сағат, 80 шақырым сағат орташа жылдамдықпен жүріп отырса, шамамен 10 тәулікте Еуропа мемлекеттерінің шекарасына жете алады. Теңіз арқылы бұл жолға 45 тәулік кетсе, Транссібір теміржолы арқылы жүрсеңіз, 14 тәулік уақыт жоғалтасыз.

Мемлекет басшысы Қазақстанның келешегін көлік-логистикалық қызметтің дамуымен байланыстырады. Бұл еліміздің шикізат табысынан арылып, бюджеттің жаңа кіріс көздерін қалыптастыратын саланың дамуына жаңа серпін береді.

Дайындаған 

Ж.ӘЛМАХАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қыркүйек 2017 г. 929 0