АУЫЛДЫҢ ТЫНЫСЫ АШЫЛДЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры кезінде БАҚ өкілдері Қазалы ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының тыныс-тіршілігімен танысты.

Журналистер алдымен Ақтан батыр ауылы Шеңгелді учаскесіндегі «Сыр маржаны» ЖШС-ның мал бордақылау кешеніне барды. Алғашқыда 500 басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңының қуаты қазіргі таңда ұлғайып, 3000 басқа жеткізілген. Мұнда ірі қара малы үш ай бойы семіртіліп, бордақыланады. Жыл басынан бері 200-ден астам сиыр бордақыланып, оның тең жартысы сойылып, сатылды. Алаң жанынан ет консервілеу зауытын ашу жоспарланып, ет кластерін жасау үшін дайындық жұмыстары басталды. Ресей Федерациясы Астрахань қаласының әкімшілігімен 20 тонна ет өнімін экспортқа шығару жөнінде меморандум жасау бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Келесі кезекте тілшілер қауымы «РЗА-Агро» ЖШС-ның егіс алқабында болды. Күріш өндірісі саласында өзіндік орны, үлесі бар «РЗА-Агро» ЖШС биыл 4895 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған еді. Оның 2500 гектарына басты дақыл – күріш егілді. Егіс танаптарындағы «Лидер»,  «Янтарь», ресейлік «Светлый», «Фаворит», отандық «КазЕР-6» тұқымының шығымы жаман болмайтын сыңайлы. Оған қоса серіктестікте егілген   бидайдың әр гектарынан 12,5 центнер өнім жиналды. Ал мақсарының  гектарынан 4 центнер өнім алынды. Мал азығы дақылдары да жеткілікті түрде дайындалған. Сүрлемдік жүгеріні жинау шарасы қарқынды жүргізілуде. Егін жинауға қатысып жүрген техникалардың жұмысы өнімді.  Келесі жылдың егістігіне межеленген  сүдігердің осы кезге дейін 400 гектары көтерілген. Серіктестікте 247 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусымдық жұмыстарға 80 адам тартылған. Серіктестік тұқым өсіру шаруашылығымен де айналысатындықтан алдағы жылдың күріш егісіне 600 тонна I репродукциялы «Янтарь» тұқымы, 750 тонна II репродукциялы «Лидер» тұқымы құйылған.

БАҚ өкілдері дала перзенттерінің еңбегіне сәттілік тілеп, жолға шықты.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қыркүйек 2017 г. 618 0