АСЫРАУШЫ САЛАДАҒЫ АУҚЫМДЫ ІСТЕР

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев әлем халқының көбейіп келе жатқанына байланысты аграрлық сала өнімдеріне ұдайы сұраныс болатынын, сондықтан да ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге және озық халықаралық тәжірибелерді игеруге үнемі шақырып келеді.

Иә, елімізде ауылшаруашылық саласына мемлекет тарапынан лайықты қолдау жасалуда. Соның бір ғана мысалы 2017 жылы облыстың ауылшаруашылық секторын мемлекеттік қолдауға 9,2 млрд теңге қаржы бөлініп, өткен жылғы көрсеткіштен 2,2 пайыз артты. Мәселен, облыс бойынша 2017 жылғы күзгі дала жұмыстарына бөлінген арзандатылған дизель отынының көлемі 16 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта облысқа белгіленген операторлар арқылы қажетті дизель отыны толығымен облысқа жеткізілді. Тұқым шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдаудың арқасында 2017 жылы егілген егіс көлемінің 100 пайызы жоғары репродукциялы тұқыммен себілді. Облыс бойынша астық жинау науқанына 1830 трактор, 838 комбайн, 456 жатка, 394 тасымал көлігі және 905 дана трактор тіркемесі қатысуда.

Көктемде шаруашылықтарда 18397 га жаңа жоңышқа (101,4 пайыз), 6685 га мақсары (90,7 пайыз), 3545 га жаздық дәнді дақылдар (108,5 пайыз) (бидай, арпа, сұлы, дәндік жүгері, тары) егілді. Сонымен қатар, биыл жеміс-жидек өндірісін ұлғайту мақсатында барлығы 106 га (оның ішінде, 96 гектарға жеміс ағаштары мен 10 гектарға жүзім) жерге жеміс-жидек екпелері егілді. Өңірде  4591 га картоп (100 пайыз), 5015 га көкөніс (100 пайыз), 7120 га бақша (100 пайыз), 310 га күнбағыс және 600 га сүрлемдік жүгері дақылдары егілді.

Биыл Сырдың бас дақылы күріш 9203 гектарға артты. Тамыздың соңғы күндері күрішке орақ түсті. Облыс бойынша күріштен өзге дақылдар  толықтай жиналып алынды. Бұл күндері өңірде картоп, көкөніс, бақша өнімдерін жинау жұмыстары жалғасып жатыр.  Үстіміздегі жылы облыс бойынша  180,2 мың гектар жерге егіс егілді. Жалпы  ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға артық егілді. Мұның басты себептерінің бірі Сырдария өзенінде су  барынша  мол болды. Жаңадан ашылған жерлерге күріш дақылы егілді.

Сыр өңірі – егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын дамытып келе жатқан аймақ. Жыл басынан бері облыс бойынша барлығы 18002,8 тонна ет (тірі салмақта), 45659,2 тонна сүт және 3056,2 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім тиісінше ет 1,8 пайызға, сүт 1,7 пайызға және жұмыртқа 11,9 пайызға артық өндірілген.

«Сыбаға» бағдарламасына сәйкес үстіміздегі жылы 2100 бас аналық сиыр (72 бұқа) сатып алу жоспарланып, осыдан бүгінгі күні 68 шаруашылық 2483 бас сиыр сатып алынып, жоспар 118,2 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1000 бас қой (40 қошқар) алу жоспарланып, 10 шаруашылық 1513 бос қой сатып алынып, жоспар 151,3 пайызға орындалды.

«Құлан» бағдарламасы бойынша 500 бас жылқы сатып алу жоспарланып, бүгінгі күні 19 шаруашылық 509 бас бие сатып алынып жоспар 101,8 пайызға орындалды.

2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арасында келісілген үшжақты индикативті іс-шара жоспары бойынша 20-дан астам жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен барлығы 19 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланған.

Қазіргі таңда, облыста 1019 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен 40 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оның ішінде, 20-дан астам жеке секторлардың бірігуімен 38 кооператив құрылды. 2016-2017 жылдар аралығында құрылған 31 кооператив 2443,0 млн теңге қаржыға 14308 бас МІҚ, 550 бас уақ мал, 56 бас жылқы, 3000 бас құс, 2 рефрижератор және 1 мал азығын дайындау цехын сатып алуға қол жеткізді. Сонымен қатар, тіркелген кооперативтердің 20-сы мал сою алаңымен, 5-і сүт қабылдау бекетімен, 3-і сүт өнімдерін өңдейтін цехтармен, 7-і рефрижератормен қамтамасыз етілген болса, 6 кооператив мал сою алаңын, 2 кооператив сүт қабылдау бекетін, 1 кооператив трактор сатып алу бойынша жұмыстар жасауда. Облыста бүгінгі таңда 233 ауылшаруашылық кооперативтері жұмыс істейді. Олардың жұмысын үйлестіретін облыстық штаб құрылған. Мемлекет  сүт қабылдау пункттерін және мал бордақылау алаңдарын құрған кооперативтердің шығындарының 50 пайызын жабуға субсидия береді.

Ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру агросектордың аса маңызды міндеттеріне айналып отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен экспортқа ет шығарудың индикативтік жоспарына сәйкес ағымдағы жылы шет елге 100 тонна сиыр және 25 тонна қой етін шығару көзделген. Облыста халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты болмағандықтан, бүгінгі күнге салқындатылған немесе тоңазытылған етті экспортқа шығаруға мүмкіндік болмай отыр. Осыған байланысты ет комбинатын салу мақсатында «Сыр маржаны» ЖШС Иран Ислам Республикасының «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясымен келісімге келіп, ет комбинатының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үстінде.

Иран Ислам Республикасының «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясымен жасалған келісімдерге сәйкес ағымдағы жылдың 14 тамызында Қызылорда қаласына қарасты «Күшімбаев Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі Иран Ислам Республикасына 812 бас қозыны тірілей салмағы 26,5 тонна экспортқа шығарды. Ендігі мақсат – оның санын 10 мыңға дейін арттыру. Жыл соңына дейін 1 тонна жылқы еті Еуропаға сынақ ретінде жөнелтілмек.

Қызылордалық аграршылардың Иран еліне еттен бөлек күріш экспорттау бағытындағы ауқымды жоспарлары бар. Былтырғы жылы Сыр дихандары Иран елінен күріштің жаңа сұрпын әкеліп, жерсіндірген еді. Осы күріштің 60 тоннасы биыл Иранға экспортталады. 2017 жылдың алты айында күрішшілеріміз экспортқа 47,3 мың тонна өнім шығарды. Жалпы өңірде ауыл шаруашылығы экспорты 55 пайызды құрап отыр. Бақша өнімдерін Ресейге өткізу, майлы дақылдар, көкөніс, картопты өсіру жөнінде  жобалар жеткілікті.

Облыстың АӨК дамыту және экспорттық әлеуетін арттыру бағытында 2017-2020 жылдар аралығында 30 млрд теңге көлеміндегі 99 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның бірқатарына тоқталып өтелік.

Шиелі кентінде ЖК «Мөлдір и К» қуаттылығы жылына 3,5 млн дана жұмыртқа өндіретін құс фермасын іске қосты. Қазіргі таңда құс фермасында 11 мың бас тауық жұмыртқа салуда. Жыл соңына дейін жобаны 65 тонна құс етін өндіру бойынша кеңейтуді межелеуде. Сондай-ақ, Шиелі кентінде шұбат өңдеу цехы іске қосылды. Бүгінгі күні цех базасында «Төрт түлік» АӨК құрылып, тәулігіне 1 тонна шұбат өнімдерін өндіріп отыр.

Қызылорда қаласында ЖК «Натишаева» 5 га аумаққа 120 жылыжай кешенін, 1 га аумаққа көкөніс және бақша дақылдарын өсіру жобасын іске қосты. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 46 жылыжайға көкөніс отырғызылып, жұмыстары жалғасуда. 1 га жылыжай жемісін беруде.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы жалпы құны 3076,6 млн теңгені құрайтын 5 ірі жоба, көлемі 2 гектар автоматтандырылған 1 жылыжай, қуаттылығы жылына 1500 тонналық құс етін өндіретін құс фабрикасы, қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешен, жылдық қуаттылығы 2 мың тонна ет комбинатын және 200 гектар тамшылатып суару әдісімен қызанақ өсіру жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы жолдаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында  елімізде  ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырғаны белгілі. Жоғарыда аталған жобалар облыс бойынша осы межеге жетуге жасалып жатқан   нақты қадамдар деуге болады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қыркүйек 2017 г. 493 0