ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУДАҒЫ «СЫР БОЙЫНЫҢ» ТӘЖІРИБЕСІ

Дәл қазіргі уақытта латын әліпбиі туралы баспасөздегі, әлеуметтік желілердегі сан қилы көзқарастар ағыны басқа тақырыптарды шайып кетерліктей қатты. Тарихқа үңілсек, ХХ ғасыр басындағы латын қарпі қолданысқа алғаш рет енгізілген кездегі пікірталастардың қарқыны да осындай болған екен.
Кеңес билігі орнаған соң қоғамның барлық салаларына қатаң бақылау орнату үшін  жаңа ортақ жазу үлгісін іздестірді. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері А.Жүнісбаевтың  пайымынша, «большевиктер кириллицаны да, араб графикасын да дінмен, сондай-ақ еңбекші халықты қанап келген патшалық режиммен және Орта Азиядағы хандықтармен байланыстырып, олардан қол үзу жолдарын іздестірді. Сондықтан да, кеңестік қайта құрулардың бастапқы кезеңінде халықтардың жазуларын бірыңғайландыру және жаңарту мәселесінде әлемдік революцияның жеңісіне сенген партия басшылары интернационалды әліпби ретінде латын жазуын қолданысқа енгізуді жоспарлап, оған болашақтың жазуы немесе «революция әліпбиі» ретінде қарады».
Кеңестер Одағы араб графикасын латындандыруды КСРО-ның құрамындағы түркі халықтарынан, нақтырақ айтқанда, Әзербайжаннан бастады. Одақтық республикаларда латындандыру қарқын алғанда Қазақстанда дәл қазіргідей қолдаушылар мен қарсылық танытушылар пікірі қақ жарылған. Орынбор қаласында өткен Қазақ білімпаздарының І съезінде  латын графикасына көшу мәселесі біржақты шешілмеді. 1926 жылы 26 ақпанда Бакуде ашылған І Жалпыодақтық түркітану съезінде де түркітілдес халықтардың жазуларын латын графикасына көшіру мүмкіндігі қарастырылды. 1926 жылы 10 желтоқсанда елдің сол кездегі астанасы Қызылордада латын әліпбиіне өту мәселесі бойынша арнайы кеңес өтеді. Бұл кеңесте де араб жазуында қалуды қолдаушылар мен латынға көшуді құптаушылар арасындағы өткір пікірталас өз жалғасын тауып, екі жақ тағы да ымыраға келе алмай тарады.
Қазақстандағы латын әліпбиіне көшу мәселелері күрделеніп кеткен соң, 1928 жылы желтоқсанда Қызылордада Жаңа қазақ әліпбиін жақтаушылардың І өлкелік конференциясы өтеді. Конференцияда «Жаңа қазақ әліпбиі – Қазақстандағы революция. Оны тез арада жүзеге асыру үшін жұмыстың революциялық әдістері керек. Қазақстан бауырлас түркі республикалардың соңында қалып қойды. Бұл артта қалушылықты жою керек. Жаңа әліпбиді енгізу үлкен қиындықтарға тап болып отыр, оған еңбекшілердің қалың бұқарасын тарту қажет» деген пікір айтылды. 1928 жылы 19 желтоқсанда Қазаткомның  сессиясында жаңа қазақ әліпбиін енгізу туралы заң қабылдап, латын графикасының негізінде құрылған жаңа әліпбиді мемлекеттік әліпби ретінде жариялайды. Бұл заң Қазақстанда латын әліпбиін жаппай енгізу науқанына жол ашқан болатын. Ал 1929 жылы Қазақстанда барлық оқулықтар мен методикалық құралдар тек жаңа әліпбиде ғана басылып шығатын болды. 1930 жылдың қазан айынан бастап басылымдарды араб әліпбиінде шығару толықтай тоқтатылды.
«Сыр бойы» газеті еліміздегі байырғы басылым¬дардың бірі болғандықтан, біз латын әліпбиіне қатысты мәселеге орай төл басылымның архивін ақтардық. Бір өкініштісі, архивте 1929 жылғы нөмірлер сақталмаған. Сондықтан біздің басылымның латын қарпінен кириллицаға көшу тәжірибесіне назар аудардық.
Жоғарыда айтқанымыздай, қолда бары – 1939 жылдың бірінші жартыжылдығындағы тігінді. Байқа¬ға¬нымыз, сол жылы «Ленин жолы» деген латынша атау қосымша кириллица қарпімен де жазыла бастапты.  Қалғаны таза латын қарпімен басылған. Ақпан айындағы нөмірлерде мемлекеттік «Исскуство» баспасы басып шығарған, кирилше безендірілген плакаттарға газет бетінен орын берілген.
Ал 1941 жылдың басындағы нөмірлерде «Шет елдерде», «Көктем егісіне әзірлік» деген айдарлар ғана кирилицамен жазылған. Қаңтар айының 7-дегі нөмірге «7 январь 1941 жыл, сисембі» деп кирилше жазылса, 9 қаңтардағы санда Кеңес баспасөзінің ортақ ұран болған «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер», «ҚК(б)П Қызылорда облыстық комитеті мен қалалық комитетінің және еңбекшілер депутаттары облыстық советінің органы»  деген жазулар жаңа алфавитпен таңбаланған.  
Осы айдың 10-ы күнгі санда «Жаңа әліппені оқып үйренейік» деген айдармен Жетібай Смаилов, Ізбасқан деген авторлардың «Жаңа алфавитті үйренуде», «Жаңа алфавитке көшу жолында», «Жаңа алфавитті оқып жатыр» деген хабарлары жарияланған. Олардың бірінде «Тілшілерімізден редакцияға түскен көптеген хаттарға қарағанда, Қазақ ССР Ұлы советінің V сессиясы қабылдаған қазақтың латын әліппесі негізінде құрылған жазбасын орыс графигіне негізделген жаңа алфавитке көшу туралы  шығарған Указын орындау ісіне облысымыздың бірсыпыра жерлерінде жаппай кіріскендікті көруге болады. Мысалы, Арал ауданында 3 жерден жаңа алфавитті үйрену кружоктары ұйымдастырылып, ол курстардан 70 адам оқып шыққан» делінген. Осындай хабарда Жалағаш, Тереңөзек аудандарында курсқа қанша адам қамтылғаны хабарланған.  Сонымен қатар осы нөмірдегі ҚазТАГ-тың фотосында Өскемендегі қазақ тілінің оқытушысы  Жүсіпов өткізіп жатқан сабаққа қатысушылар бейнеленген. Тақтадағы жазуларда латын қарпінің кирилше белгіленген нұсқалары көрсетілген.
Жаңа әліпбиге көшу науқаны қарқын алған кездегі Үркімбаев деген автордың өлеңінен үзінді келтірейін. «...Енді міндет жаңа әріпті, Жатпай-тұрмай үйренуде, Жұртшылық боп жазбай жұпты, Жұмылайық үйренуге» деген ұраннан көп нәрсені аңғаруға болады. Сын мақалалардың қатарында Шиелі аудандық «Стахановшы» газетінің редакторы С.Төлбасов «Көптеген мекеме басшылары жаңа алфавитке көшу мәселесіне тіпті салақ қарайды. «Оқымай-ақ үйреніп кетеміз» деген зиянды пікірге салынып жүр. Мәселен, аудандық жер бөлімі, МТС, мақта пункті басшылары курсқа кісі жіберуден бас тартқан» деп жазыпты.
Қаңтардағы нөмірлерде «Жаңа  алфавит пен орфографияны үйренушілерге көмек» айдарымен «Кружоктарда оқыту әдістемесі» деген Қ.Бегалиевтің мақалалар топтамасын «СоцҚазақстаннан» көшіріп басыпты. Кейін нөмір аралатпай криллицаны үйрету сабақтары жарияланып тұрған. Наурыздағы нөмірлерде шетел және Одақ жаңалықтарының тақырыбын, кейбір хабарларды кириллицамен баса бастапты.  
Кейін бірте-бірте аралас, яғни латын және кириллицамен қатар басылып, оқырман көзін үйреткен сыңайлы. Осылайша 1941 жылдың орта шеніне дейін жалғасқан. Тек 1941 жылдың қазан айындағы нөмірлер таза кириллицаға көшкен. Бұл – біздің тарихымыз, бір жағынан әліпби ауыстырудағы тәжірибеміздің бар екенін көрсетеді.
Енді кириллицадан латын әліпбиіне көшу, жоғарыда көр¬сетілгендей, науқаншылдықпен, қиындықтармен қа¬бат¬¬таспайтын сияқты. Өйткені 40-жылдардағыдай емес, біздің замандастарымыз түгелге дерлік сауатты. Аға буын болмаса, кейінгілер мектепте ағылшын тілі пәнін оқыған, яғни латын қарпін таниды. Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ұрпақтың хат алмасуы, жазуы онсыз да латыншаға бейім. Сондықтан әліпби бекітілген соң, басылым беттеріндегі мақалаларды кезең-кезеңмен, көзді үйрете оты¬¬рып, латын қарпіне көшіру аса қиындық туғызбайды. Тек ниетіміз түзу болғай!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қыркүйек 2017 г. 640 0