« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Күз келіп, жаңа оқу жылы басталғалы бері мектептерге 5 күндік жүйе енгізілді. Бұл нендей жаңалық? Жыл сайын жаңғырып отырған білім саласы бұл жолы қандай қадамға барып отыр? Мамандар не дейді, ата-аналар қандай көзқараста?
Елбасы «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз» деген болатын. Осы орайда, еліміздегі білім беру саласы жаңа бағытқа бет бұрғаны мәлім. Орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілді.
Балаларымыз мектепте оқитындықтан мұндай жаңалықтардан хабарымыз бар. Дегенмен, мамандар не дейді? Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшті. Жаһандық өзгерістер мен әлемдік трендтер мектептегі білім беру мазмұнының жылдам қарқында жаңаруын талап етеді. Келесі оқу жылында бұл жүйе бойынша 3, 6, 8, 10-сыныптар, ал, одан кейінгі жылдарда 4, 9, 11-сыныптар көшеді.
Жаңа бағдарламаның тағы бір ерекшелігі бес күндік оқу жүйесімен байланысты болып отыр.
– Барша дамыған елдердегі мектептерде бескүндік оқу аптасы енгізілген. Балаға өзін қалпына келтіруге, педагогқа демалып, алдағы сабақтарға дайындалуға мүмкіндік беріледі. Оқыту аптасы қысқарған кезде білім берудің нәтижелілігі артатынын ғалымдар ғылыми түрде дәлелдеді, – деді облыстық білім басқармасы оқу орталығы, жалпы орта білім беру бөлімінің меңгерушісі Гүлшат Смағұлова.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайындаған «2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хатында да бескүндік оқыту жүйесі туралы түсіндірілген. Көтеріліп отырған мәселені жан-жақты зерделеу үшін осы академияның сайтына үңілген едік.
Жалпы, білім беру ұйымдарында сабақтың ұзақтығы 40 минуттан аспауы тиіс. Бірінші сыныптарда оқу жүктемесін бірте-бірте арттыра отырып, сабақтардың «сатылы» режимі пайдаланылады. Қыркүйекте үш сабақ 35 минуттан, қазаннан бастап 40 минуттан жоспарланады. Сабақ уақытында дене шынықтыру минуттарын және көзге арналған жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар, бірінші сынып оқушылары үшін бір жыл ішінде қосымша бірапталық демалыс болуы тиіс. Жалпы білім беретін мекемелерде оқу жүктемесі сыныптар бойынша көрсетілген нормадан аспауы керек. Оқу жүктемесі ұлғайған жағдайда сабақ кестесі қамқоршылық кеңесі және ата-аналар комитетімен келісілуі қажет.
Жаңа оқу жылынан бастап сабақ ұзақтығы 40 минутты құрап отыр. Бұл биылдан бастап барлық сыныптарға бескүндік оқу аптасына көшу рұқсат етілген деген сөз. Оқу сабағының ұзақтығы 45 минуттан 40 минутқа қысқартылды. Нәтижесінде 30 минут үнемделіп отыр. Бұған қосымша 10 минутты негізге алып, кестеге 7-ші сабақ қосылды. Сондықтан, қосымша сабақ қосылған жағдайдың өзінде оқушылар мектепте әдеттегіден тек 10 минут артық өткізіп, жүктемесі айтарлықтай өзгермейді. Мысалы, мектепте барлық сабақтар бір ауысыммен өткізілсе, немесе мектеп көлемі мен кабинеттер саны бескүндік оқу аптасын екі ауысымда жүргізуге мүмкіндік берсе, онда бескүндік оқу аптасы туралы шешімді мектеп әкімшілігі қамқоршылық кеңесі және ата-аналар комитетімен келісе отырып қабылдайды.
Біз мектеп басшыларымен де тілдескен едік. Қаладағы №12 мектептің директоры Жанат Хамитбекова «Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал, осы жаңартылған мазмұндағы білім беру – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол» десе, №211 мектеп басшысы Әлия Көшкінбаева жаңа бағдарламаларда оқушыларға қажетті машық пен дағдыларды қалыптастыруға үлкен мән берілгенін атап өтті.
– Сабақ үдерісінің жүргізілуінде де жаңа әдіс-тәсілдер енгізілді. Оқушылар партада аз отырады. Сабақ көбінесе қимыл-қозғалысқа, бірлескен іс-әрекеттерге негізделген. Сабақ үстінде балалар өздерін шын мәнінде қызықтырған шаруамен айналысады. Сондықтан, олар тез шаршамайды, енжарлық танытпайды. Оқушылардың сапалы білім алуын көздесек, олардың физиологиялық, психологиялық тұрғыдағы әлеуетін де ескеруіміз керек, – деді Ә.Көшкінбаева.
Сөз басында бес күндік оқу жүйесіне ата-аналар қалай қарайды деген болатынбыз. Енді солардың пікірлеріне ойысайық.
– Мен №6 мектепте ата-аналар комитетінің төрайымымын. Бұрын алты күн бойы оқудан бас алмайтын. Оның үстіне олар түрлі үйірмелерге қатысады. Сол себепті, тек жексенбі күнгі демалыс толық тынығуға және келесі аптаның сабағына дайындалуға мүмкіндік бере қоймайтын. Ал, жаңа бескүндік жүйе оқушы денсаулығына көп күш түсірмейді. Мұның артықшылығы осында деп білемін, – деді Бекзат Базарбаева. Ал, №222 мектептің ата-аналар комитеті төрағасы Нұрлан Нұғманов: «Бескүндік деген дұрыс. Мен оны қолдаймын. Оқу жылы енді ғана басталса да, балаларымыз аптасына екі күн демалатынына қуанып отырмыз. Өйткені, апта бойы сабақтан бас алмайтын оқушылар екі күн демалыста жақсылап тынығады. Сонан соң сабақтарына да дайындығы күшейеді» – деп ойын түйіндеді.
А.БЕК.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |