ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында атап  көрсетілгендей, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», міндеті әр тарапта кезең-кезеңімен жүйелі жүзеге асуы тиіс. Бұл еліміздің жалпы дамуымен қатар «Мәңгілік ел» идеясының орындалуының негізгі тиянағы болмақ. Осы орайда Сыр өңірінің оңтүстік аймағындағы Шиелі ауданында облыс басшысының тікелей қадағалауы әрі қолдауы арқасында бірқатар нәтижелі жұмыстар өріс алып келеді.

Мәселен, үшінші жаңғыру аясында ауданда негізгі секторларды техникалық қайта жарақтандыру, еңбек өнімділігін арттыру, өндірістің бәсекеге қабілетті өнім шығаруын дамыту жөніндегі ауқымды шаралар қолға алынуда. Жүйелі жұмыстың барысында ауданның өнеркәсіп орындары ағымдағы жылдың жартыжылдығында  11 млрд 692 млн теңгенің өнімін өндіріп, межені 100,1 пайызға артығымен орындады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 3 млрд 165 млн теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңге 1,9 пайызға артты. Осы қол жеткен табысты еселей түсу мақсатында және де өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ауданда 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі «Фирма Балауса» ЖШС-ның «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жобасы болса, өткен жылдың қараша айында британдық компаниямен қара тақтатастарды автоклавтық өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, кезеңдік шаруалар қозғалды.

Ал екінші аса маңызды жоба – Қытай мемлекетімен бірлесе қолға алынған  «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның «Тампонажды цемент шығару» зауытының құрылысы. Жобалық құны 64 млрд теңгені құрайтын зауыт құрылысына үстіміздегі жылдың наурыз айында қытайлық инвесторлармен 7,5 млн АҚШ доллары көлемінде алғашқы транш бөлінді. 2018 жылы белгіленген кесте бойынша зауыт іске қосылғанда  жылына 1 млн тонна уран және мұнай өндірісінде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент шығаруы тиіс. Бұл – Қытай халық республикасымен бірлескен және Индустрияландыру картасына енгізілген ірі жобалардың бірі.

– Жергілікті атқарушы орындардың екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетін аталған зауыт құрылысына қызығушылығы мен қолдауы бізді қанағаттандырады. Жобаға мемлекеттік қолдау шаралары ретінде индустриалды аймақтың жанынан 50 гектар жер табысталды. Нақты кезеңде біз оның 4 гектарына қызметкерлерге арналған жатақхана және басқа да әлеуметтік құрылыстарды орналастырдық. Ал жер телімінің қалған 46 гектар бөлігіне зауыт құрылысы мен оған тиесілі басқа да алаң салынды, – дейді  «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның  Компания директоры Ли Цзиньцин өз мәлімдемесінде. Расында зауыт орналасатын аймақта қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аса қарқынды жүргізіліп отыр. Кеше ғана бос жатқан жерге қысқа мерзімді бірнеше жатақхана ғимараттары салынды. Жаңа технологияны пайдалану арқылы шетелдік компания құрылыс ғимараттары өте шапшаң бой көтеруде. Айта кетерлігі, Қытай инвесторлары тарапынан алғашқы траншқа 7,5 млн АҚШ доллары бөлінсе, оны игеру мен жұмыстың сапалылығын мамандар жақсы бағалап отыр. Зауыттың құрылысын салу кезінде мұнда 120 адам еңбек етеді делінсе, зауыт толық іске қосылғанда 260 адам жаңа жұмыспен қамтылады. Және оған жергілікті тұрғындар тартылады. Бастысы, аталған зауыттың іске қосылуы цемент құнын анағұрлым арзандатумен бірге, сырттан тасымалданатын мөлшерін де азайтады. Яғни, жергілікті өнімге баса назар аударылуы тиіс. Нақты уақытта зауыт құрылысына 190 адам қатысып келе жатса, оның 117-сі еліміздің азаматтары. Оның 62-сі қызылордалық екендігін де ескерте кеткеннің де артықтығы болмас.

Міне, Шиеліде осылай бірлескен зауыт бой көтеріп келеді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қыркүйек 2017 г. 649 0