ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕУЛІ

Бейсенбі күні А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері Сейдулла Оспановты еске алуға арналған «Ғасыр жасаған ғұмыр» атты танымдық конференция өтті. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Байділда Жылқышиев, Оңтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлұлы және өңірдің құрметті азаматтары мен ардагерлер қатысты.

Конференцияда Сейдулла Оспановтың қызмет жолы мен өнегелі өмірі айтылды. Өз дәуірінде басшылық қызметтер атқарған ғасыр ғұмырдың иесі Сырдария ауданында дүниеге келген. Қызылорда теміржол техникумында білім алған ол облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалады. Одан соң Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет етіп, елдің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Өзінің абыройлы жұмысымен көзге түскен ол облыстық партия комитетінің екінші, кейін бірінші хатшылығына дейін көтеріледі.

Конференция барысында сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел үшін қызмет еткен ердің өнегелі өміріне тоқталды.

– Елбасы биылғы Жолдауында рухани жағырудың алғышарттарының бірі туған өлкесіне қызмет еткен азаматтардың өмірін дәріптеу екенін атап өтті. Халыққа жасаған еңбегін ұрпаққа ұлағат етер осындай тұлғаның бірі – Сейдулла Оспанов. Оның өңірді гүлдендіруге қосқан үлесі ерекше. Тіпті, туған топырағына жасаған жақсылығын жұрт «Оспановтың кезінде озғанбыз» деп еске алады. Бұл – ердің шын бағасы. Азаматты еске алуға жиылған ағайын-туысқа, дос-жаранға және Оңтүстік Қазақстан облысынан келген делегацияға алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.

Сейдулла Оспанов өзі басшылық жасаған аудандарды үнемі алға оздырып отырды. Мысалы, Жаңақорған ауданындағы қызметінде балшыққа айналып жатқан алып орынды құрғатуды, кейін ол жерге тал егуді қолға алды. Жасыл желекке айналған жерді халық «Оспановтың бауы» деп атап кеткен. Сонымен қатар, ол Оңтүстік Қазақстан өңірінде де қызмет атқарды. Осында Жданов атындағы кеңшардың директоры, Бөген аудандық кеңесінің, облыстық ауыл шаруашылығы комитетінің төрағасы қызметтерінде болды. Мұнда да мал шаруашылығын өркендетіп, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев оның еңбегіне жоғары баға береді. Шара барысында қайраткердің ерен еңбектері айтылды. Оңтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлұлы, қоғам қайраткері Биғали Каюпов, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, облыстың құрметті азаматы Ернияз Омаров азамат жайындағы ескірмес естеліктерін жеткізді.

Конференцияда ардагердің қызметтегі жылдары мен өмірінен сыр шертетін дүниелерден көрме жасалып, көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ, халық жадындағы тұлғаның өміріне арналған бейнеролик көрсетілді. Шарадан соң ардагерге арналып ас берілді.

 

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ,

Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қыркүйек 2017 г. 718 0