ОРАҚ ЖАР ОРТАҒА КЕЛДІ

Облыста күріш жинау науқаны қарқын ала түсті. Бүгінгі күні егілген күріштің жалпы көлемінің тең жартысынан астамы жалға түсіріліп, бастырылды. Астығы жиналып алынған алқаптардан орташа 47,6 центнерден өнім айналуды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, бүгінде жалпы 56038 гектар жер орылып, 226523 тонна дақыл қоймаларға тасылып алынған. Күніне 2945 гектар күріш танабы орылса, оның 2692 гектары бастырылуда. Яғни, дестеге алынған күріш сол уақытында бастырылып, қырмандар қызылға толып жатыр. Бұл өз кезегінде желдің өтінде қалмай, күзгі жаңбырға ұрынбай, қыркүйектің қырына түспей, Сыр салысы ысырапсыз жиналады деген сөз. Көш басында Шиелі, Жалағаш, Сырдария аудандары келеді.
«Күріш ектім дегенше ырыс ектім десеңші, барлығын да бағамдап, дұрыс ектім десеңші», демекші, сәтін салса Сыр диқандарының ала жаздайғы атыз аралап, егіс жағалаған еңбектері еселеніп қайтатын күн жақын. Себебі күрішке орақ салған шаруалар жылдағыдай егістің әр гектарынан берекелі өнім алуды жоспарлап отыр.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қыркүйек 2017 г. 775 0