ЦИФРЛАНДЫРУ – ӨМІРДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

  Кеше облыс әкімдігінде Цифрлан­дыру мәселелеріне арналған актив жиыны өтті. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Аймақ басшысы цифрлы технологиялардың маңызына тоқталып, өңір экономикасын дамыту үшін де олардың ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

– Өздеріңізге мәлім, Елбасы өткен аптада 13 қыркүйек күні цифрландыру жөніндегі республикалық кеңеске қатысты. Президенттің бұл бағдарламаға басымдық беріп, өз бақылауында ұстауы мемлекет болашағының, ел экономикасын цифрландыруымен тығыз байланысты болуынан. Себебі, технология атаулыға тіл бітіргендер ғана алға озады, ал оған ілесе алмағандар шаң жұтып артта қалады, – деді облыс басшысы.

«... Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан, мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі цифрландыру болып табылады», – деп атап өтті Президент.

Сол себепті, цифрлы жүйенің сиқырына жүгінуіміз қажет. Ол қалаларды ақылды етеді, әрі ауылдарды онлайн байланысқа шығарады. Қазақстан цифрлы ел болуды көздейді. Көш соңында қалмас үшін, сонымен қатар, экономиканы сандық ету үшін алдымен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Түсініп ал демей, түсіндіру керек. Жиын барысында осы сынды мәселелерді көтерген аймақ басшысы ұйымдастырылып отырған бүгінгі активтің маңызы айрықша екеніне тоқталды.

– Ресейдің жетекші техникалық оқу орындарында білім алып жатқан 500-ге тарта қызылордалық түлектеріміз қазір жаңа технология бойынша білім алуда. Алдағы уақытта олар мамандығын алып келгеннен кейін облыс экономикасына сандық технологияны енгізуде алғы шепте болатынына сеніміміз мол. Демек, біздің цифрландыру мәселесінде кадрларымыз бар, – деді аймақ басшысы.

Еліміз 2025 жылы сандық технология бойынша бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын әлемдік рейтингте 30-шы орыннан көрінуді көздейді. Қазір бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 38-ші сатыда тұр. Бұл межеге Цифрлық Қазақстан бағдарламасын жүзеге асыру барысында қол жеткізуге болады. Үкімет 4 негізгі бағытқа басымдық берген. Экономиканың базалық салаларын цифрландыру, мобильді мемлекетті дамыту, креативті қоғамды жетілдіру, елдің цифрлы трансформациясына қажетті жаңа инфрақұрылымды құру.

Елбасының үшінші жаңғыруға негіз болатын Жолдауында: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды, кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек», – деп айтылған. Шынында да, жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекетімізді жан-жақты дамытуымыз қажет.

Жалпы, санды технология болашағы зор сала ретінде қарастырылғанына біршама уақыт болды. Өйткені, жаңа дәуірдің табалдырығын аттасымен ХХІ ғасырдың ғылым мен технология үстемдік құратын заман болатынын жұртшылық білді. Соның ішінде санды технологияларды дамыту үшін Қазақстанда да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Интернет желісі қолжетімді болу үшін облыс, аудан орталықтарынан бөлек, шалғайдағы ауылдарға да қолайлы жағдай жасалуда. Мұның барлығы санды технологияны ендіру үшін жасалған қадамдар болатын.

Еліміздегі жаңа технологиялардың даму үдерістерін одан әрі қарай жетілдіру мақсатында 4 негізгі бағытты құрайтын «Цифрлы Қазақстан» атты бағдарлама қабылданды. Бағдарлама аясында ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамту, көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды саудада цифрлы технологияны енгізу көзделген.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким сөз сөйлеп, аймақты цифрландыру мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталып, бұл бағытта сала-сала бойынша атқарылатын шараларды жеткізді. Ол 2025 жылға қарай еліміз цифрлы технологияны меңгеру бойынша әлемде 30 елдің қатарына қосылу міндеті тұрғанын тілге тиек етті. Сонан соң мінберге көтерілген «Microsoft» компаниясының менеджері Дархан Қашқынбаев жаңа технологияның артықшылықтарын кеңінен әңгімеледі.

– «Microsoft» компаниясы еліміздің цифрландыру саласындағы бастамаларға қолдау көрсетуде. Елбасы төрағалығымен Үкіметте осы мәселе қаралғаннан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен меморандумға қол қойылды. Ал, нақты Қызылорда облысына келетін болсақ, төрт бағыт бойынша жұмыс істейміз. Олардың ішінде денсаулық, білім және ақылды қала жобалары бар. Білім саласына келетін болсақ, біз осында ресурстық орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Оқыту тегін жүргізіледі. Білім басқармасы қазірден бастап оқу кестесін түзіп, семинар-тренингтер өткізуге шақыруына болады. Оқығандар сертификат алады немесе базалық деңгейде сауаттарын ашады. Бұл қашықтықтан оқыту емес, мектепте немесе оқу кабинетінің базасында жүргізіледі.

Қазір «Microsoft» компаниясы серіктестерімен бірлесіп «Ақылды қала» жобасы бойынша халықты жұмыспен қамту жүйесін жүзеге асыра бастады. Алдымен меткептер мен оқу орындарын бітіргендер қанша, олардың қаншасы мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатқанына сараптама жүргізіп, анықтап алуымыз керек. Осыдан кейін барып компания нақты шешім қабылдайды. Осындай жұмыс облыстық бюджет бойынша да атқарылады. Мысалға, экономикалық өсімді 9 пайызға жеткізетін болсақ, ол қандай бағыттарда қолға алынуы тиістігі зерделенеді. Бұл деректердің барлығы онлайн режимде бір орында жинақталуы тиіс. Мұның бәрі жедел шешім қабылдауға және басты мәселелерге жауап табуға көмектеседі.

Жобаның қандай мақсатта жасалатынына келсек, мәселен, Қызылорда облысында су тасқыны жиі қайталанып тұрады. Су деңгейі бойынша барлық деректер бір базаға жинақталып, әр жылғысы салыстырмалы түрде зерделеніп, су тасқыны болуының алдын алуға болады. Сонымен бірге, ақылды бағана деген жоба бар. Айталық, көше жарық болса, ол жанбайды. Ал, көше қараңғы болса, жарық қосылады. Сөйтіп, электрді үнемдеуге болады. Сонымен қатар, мұнда жедел жәрдем қызметтерін шақыратын тетіктері болады. Бұған қоса көшедегі шуды, қоршаған ортада ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды сараптап беретін құрылғылар болады. Мұның бәрі бізді «Ақылды қалаға» жеткізеді, – деді Д.Қашқынбаев.

Қазіргі таңда әлемдегі халықтың елу пайызы ғаламторға қосылған. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, елімізде 18 млн адам болса, соның 53 пайызы қалада тұрады. Қазақстандықтардың қолында 25 миллионға жуық ұялы телефон бар, олардың 70 пайыздан астамы интернетпен қамтылған. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісі арқылы 4 млн-нан аса пост жазылады, Skype арқылы сағатына 100 мың адам сөйлеседі. Актив отырысында сөз сөйлеген облыс әкімінің кеңесшісі Рауан Кенжеханұлы осы сынды деректерді алға тартып, цифрлы заманның адам өмірінің жаңа кезеңі екенін атап өтті. Ол әлемдегі бірде-бір газеті немесе телевидениесі жоқ Facebook-тің әлемдегі басты медиа тобы екені, бірде-бір дүкені немесе сауда орны жоқ Alibaba әлемдегі басты сауда жүйесі екені цифрлы заманның нақты дәлелі бола алатыны жөнінде қызықты да бірегей деректер келтірді.

Жиын соңында аймақ басшысы барлық аудан, қала әкімдіктері облыс тұрғындарының компьютерлік сауаттылығы көтерілуіне қатысты арнайы іс-шараларды қаржыландыру көздерімен қоса шешуді тапсырды. Өйткені, халық неғұрлым компьютерді жақсы білсе, соғұрлым жаңа технологияларды тез меңгереді.

«Microsoft» және «Білім медиагрупп» компанияларымен бірлесе отырып, «жасанды интеллект» қосымшаларын ахуалдық орталықта денсаулық, ауыл шаруашылығы, бюджет және әлеуметтік салалар бойынша болжамдау және тәуекелдерді енгізу шешімдерін де қарастыру негізге алынды. Жаңа цифрлық экономика талаптарына қажет болатын ІТ мамандарды заманауи технологиялармен даярлау және қайта даярлау мәселесін жергілікті жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен білім ұйымдары тиянақты зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігі де айтылды.


 

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қыркүйек 2017 г. 2 736 0