МҰҒАЛІМДЕРДІҢ МЕРЕКЕЛІК ТАРТУЫ

Бүгінде қаланың әр бұрышында әсем ән әуелеп, күй қалықтап тұр. Орталық алаң көркем безендіріліп, гүлмен көмкерілген. Қызылорданың туған күнін тойлап жатқан тұрғындар мен қала қонақтары көтеріңкі көңіл күйде. “Өткені сырлы, келешегі нұрлы Қызылордам” деген қанатты сөзбен көмкерілген жазбалар да мереке көркін аша түсуде. Оның үстіне шаһарда күн сайын шырайлы шаралар өткізіліп жатыр. Білім саласы қызметкерлерінің ұсынған кезекті концерттік бағдарламасы да көрерменге шаттық сыйлады. Салтанатты шараны аймақ тұрғындарымен бірге қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тамашалап, қуанышпен ортақтасты.

– Береке-бірлігі бұзылмаған ұлы достықтың ордасы, Алаштың Ақмешіті атанған Қызылорда қаласының туған күнін атап өтудегі басты мақсат – жыл көлемінде өңір дамуына сүбелі үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген жерлестерімізге алғыс білдіру. Ауызбірлікпен атқарылған тірлік нәтижелі жеміс беруде. Қаламыздың қайта түлеп, жаңаша жаңғырғаны жайындағы оң пікірді жиі естиміз. Соңғы жылдары ел жүрегі – Астана қаласына қарап бой түзей бастаған Қызылорданың бүгінгі келбеті көптеген облысқа үлгі боларлықтай. Ажары сәулеттеніп, халқы дәулеттеніп, өндіріс ошақтары мен кәсіпорындардың саны артуы болашаққа деген сенімді нықтай түсті. Жол-көлік, ауыз су, аяқ су, жылу жүйелері мен жарық желілерінің инфрақұрылымы қарқынды дамып, кең көшелер қатары артып, кешенді нысандар мен зәулім ғимараттар жаңа үлгіде асқақтап бой көтеруде. Осының барлығы бірлігі бекем, тірлігі түзу қаланың қарыштап өскендігін аңдатады. Мерейлі мереке аясында ұйымдастырылған осы айтулы шарада сіздерге бақ-береке, мерекелік көңіл-күй, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деді шаһар басшысы.

Қала әкімінің құттықтауынан соң шара көне дәстүр мен ұлттық құндылықтардан сыр шертетін көрініспен жалғасты. Әртүрлі спорттық ойындар мен жарыстар ойнатылды. Ойын-той десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз ғой. Сол әдетінен бұл жолы да танбаған ағайын сайыскерлерге қуат, жеңіске ұмтылыс сыйлап отырды. Сондай-ақ, жастар айтулы күнге арнайы тарту ұсынды. 500-ге жуық мектеп оқушысы бір мезетте флешмоб биледі.

Қолөнер шеберлерінің ұсынған көрмесінде де ізденісі мол ісмерлердің жұмысымен танысуға мүмкіндік алдық. Мәселен, мына көптің көзі сүйсінген бүркіт мүсіншесінің қасында біраз аялдауға тура келді. Себебі, №198 орта мектептің технология пәні оқытушылары жасаған дүниеге таңданыс шексіз болды. Азаттықтың айбынын паш ететін бейне сәтті шыққан. Күлшара Сәдуақасова, Жазира Қойшыбаевалар дайындаған ұлттық нақыштағы ат әбзелдері мен өзіндік сыр-сымбатымен дараланатын бұйымдар да керемет әсер қалдырды. Жас суретшілер байқауында да қатысушылар Сырдың ерекше калоритті табиғи ерекшеліктері, әсем орындары кескінделген туындыларын таныстырды.

Ал №11 мектеп-лицей “Қанатты дос – табиғаттың тартуы” атты құстар көрмесін ұйымдастырды. 70 жылдан астам тарихы бар білім ордасының оқушылары мұндай жылыжай мен ерекше құстардың тек өздері оқитын мектепте ғана бар екенін мақтанышпен айтты. Осылайша, думанға бөлеген мереке тұрғындарды бір серпілтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ертең, яғни 22 қыркүйек “Руханилы, қазыналы Қызылорда” күні ретінде бекітілген. Бұл күні қала өнерпаздары қоғамдық көліктерде жолаушылармен бірге ән салып, мәдени шара өткізбек. Ал 23 қыркүйекте танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қыркүйек 2017 г. 1 113 0