АУЫЛ СПОРТШЫЛАРЫ АЛҒАШҚЫ ҮШТІКТЕ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ақтөбе қаласында өткен «Ақ бидай» республикалық IV ауыл спорт ойындарынан жүлделі үшінші орынмен оралған облыс спортшыларын қабылдады. Кездесуде жергілікті спортшыларды жеңіспен құттықтап, ризашылығын білдірді.

– Сіздер Сыр спортының мерейін тағы бір мәрте көтердіңіздер. Айтулы жарыста 174 ұпай жинаған облыс құрама командасы  жалпыкомандалық есеппен үздік үштікке енді. Жекелей сындарда да жерге қарайтын нәтиже болған жоқ. Осындай жігердің арқасында спорттық әлеуетіміз танылды. Бұл ауыл жастарының бетбұрысын және бұқаралық спорттың дамығандығын білдіреді, – деді аймақ басшысы.

11-16 қыркүйек аралығында өткен «Ақ бидай» ойындарына елімізден 1500-ге жуық спортшы қатысты. Төрт жылда бір келетін додада спорттың 14 түрінен медаль сарапқа салынды. Соның ішінде қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан Сыр саңлақтарының мерейі үстем болып, жалпыкомандалық есепте алға шықты. Айта кетейік, 2013 жылы дәл осы ойындардан облыс құрамасы 7-орынға табан тіреген еді. Араға төрт жыл салып жаңа биікті бағындырды.

Бүгінде ауыл спортын дамыту мақсатында барлық ауданда жалпы дене дайындығы бойынша спорт клубтары жұмыс істейді. Онда 5 мыңға жуық жасөспірім спорттың 14 түрімен шұғылданады. Одан бөлек елді мекендерде де спорт мектептердің филиалдары бар.

Қабылдау кезінде сөз алған тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Хакімжан Елеусінов пен қазақ күресінің шебері Нұрым Сәлімгереев өңірдегі спортқа жасалған қамқорлық үшін облыс әкіміне алғыстарын жеткізді. Аймақ басшысы да өңір спортын дамытуға үлес қосып, ауыл жастарын салауатты өмір салтына тәрбиелеуге шақырды.


М.ҚҰРМАНӘЛІ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қыркүйек 2017 г. 538 0