ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ҮН ҚОСТЫ

Қоғам талқысындағы латын графикасына көшу мәселесіне қызылордалық теміржолшылар да үн қосты. «Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалы ұйымдастырған кездесуде филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғабит Тұяқбаев, тілдерді оқыту орталығының қызметкері Баян Байділдаева жаңа әліпбидің бірыңғай стандарттары туралы айтып берді.

Филиал төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева тілдің жаңғыруы – қоғамдық сананы серпілтетін фактор екенін жеткізді. Филолог Ғ.Тұяқбаев бұл арқылы қазақ елі әлемдік өркениетке бір табан болса да жақындай түседі деген пікірде.

– Латын әліпбиіне көшуді бірінші боп лингвистер емес, ақпараттық жүйе мамандары көтерді. Өйткені ол – техниканың, компьютердің тілі. Біздің бастамаға байланысты Ресей ғалымдары екіге жарылды. Бір жағы «Қазақстан орта ғасырларға қайтып оралмақ» десе, екінші жақ «біз Қазақстаннан бір саты артта қалатын болдық» деп жүр. Қалай десек те, бұл – заман талабы. Ресей, Беларусь, Украина да түбі латын қарпіне ауысады, – деді ол.

Мамандардың ойынша, жаңа графика түркітілдес елдермен, шеттегі қандастармен байланысты нығайтады. Теміржолшылар бұл мәселеге бейжай қарамайтынын көрсетті.

Н.САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қыркүйек 2017 г. 483 0