« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«ТҮРКСОЙ» Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының қолдауымен түркі әлемі мәдениетінің астанасы саналатын Түркістан шаһарында Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Туркия, Гагауыз елі, Қазақстан, Башқұрстан, Татарстан, Дағыстан, Саха елінен келген 30-ға жуық ақын бас қосып, әдебиет, мәдениет, жалпы руханият тақырыбында өзара ой орамдарымен бөлісті. Дүниенің төрт бұрышынан келген түркітілдес ақындардың, шайырлардың ұлтының тарихы мен халқының тағдырын арқау еткен төл туындыларынан, лирикалық иірімге толы жырларынан рухани үндестік айқын көрініс тапқандай.
Арнайы әзірленген бағдарламаға сәйкес ақындар алдымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қала тұрғындарымен, студент жастармен кездесті. Кездесуде Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев құттықтау лебізін білдіріп, жалпы түркі халықтары әдеби-мәдени байланысын нығайтуға бағытталған дәстүрлі шараның келешегі зор екенін атап өтті.
– «Еліңе ақын келсе, босағаңа бақ байланады» деген қанатты сөз бар халқымызда. Сондықтан бұл ұлағатты шараның ұрпақтар сабақтастығы үшін маңызы ерекше,-дейді ол. Сондай-ақ, жоғарыда аталған университет ректоры Мехмет Кутамыш түркі әлемі ақындарына құтты қадам тіледі. Түркия еліндегі мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Асқар Тұрғанбаев, Халықаралық Жазушылар және зиялылар қоғамының басшысы Осман Баш сөз сөйлеп, осынау мәдени шараның аясында ақындар емін-еркін сұхбаттасып, әдебиет, өнер, руханият тұрғысында бауырлас елдер арасы біршама жақындай түсеріне сенім білдірді.
Айта кетейік, түркі халықтары ақындарының басын қосқан мәдени шара Әзірбайжан халқының көрнекті ақыны, қайраткер тұлғасы Молла Пенах Вагивфтің 300 жылдығына арналды.
Кездесу кешін филология ғылымдарының докторы, профессор, әйгілі әдеби сыншы, оның ішінде түркі халықтары әдебиетін насихаттауда зор еңбегі бар Құлбек Ергөбек ағамыз жүргізді. Арнасынан аса шабыттанып, арқаланған ақындармен түске дейін басталған кездесу кеші түстен кейін қайта жалғасты.
Иә, шындығында түп тамыры бір түркі халықтарының әдебиет, мәдениет, дәстүр сабақтастығы тұрғысында танымы мен талғамы бір-бірінен алшақ еместігін аңғарғандай болдық. Айталық, түркі әдебиеті өкілдерінің қазақтың біртуар ақындары Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Шаханов шығармаларымен етене таныс екендігі және аса қызығушылық танытып жатқаны бізді бей-жай қалдырмады.
Түрік елінің белгілі ақындары Осман Баш, Айхан Насинбейоғлы, қырғыз халқының әйгілі «Манас» дастанын түрік тіліне аударған Хайреттин Ивгин, Олжас Сүлейменовтың отты жырларын башқұрт тілінде сөйлеткен Ахат Салихов, қырғыз елінің ақындары Қожагелді Құлиев, Аида Эгембердиева, Гагауыз елінен келген Гүллі Каранфул, Әзірбайжан елінен Даянат Байрамов, Меһпара Сұлтан, Саха елінен Зинаида Архипова, қазақ елінің Мұратхан Шоқан, Бақытжан Алдияр сынды мықты ақындардың туындыларынан поэзияның бірегей, биік өнер екені тағы бір мәрте дәлелденгендей болды. Жасыратыны жоқ, өлеңдерді сөзбе-сөз түсінбесек те, ой орамдарының түп төркінін аңдап, сезім сырларын сезіндік. Поэзияның құдыреті осы болса керек, сірә...
Бұдан әрі зиялы қауым Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы ғалым, ұстаз Бейсенбай Кенжебай атындағы музейді, сондай-ақ, 40 мыңға жуық кітап қоры бар түркі тілдес халықтардың кітапханасын тамашалады. Осы орайда жалпы түркі әлемінің рухани құндылықтарын насихаттайтын музейдің, кітапхананың, көркемсурет галлереясының ашылуына және тарихи жәдігерлермен жабдықталуына Түркология ғылыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек ағамыздың еңбегі ерекше екенін атап өткеніміз орынды болар. Айталық, ол осынау ғылым жолында алпысқа жуық әдеби сын, монография және деректі кітаптар жазып, қазақ әдебиетінің қорына құнды да құнарлы туындыларымен қолтаңбасын қалдырған.
Шартараптан жиылған шайырлар келесі күні Арыстанбаб кесенесіне, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барып, зиярат етті. Одан кейін еліміздің оңтүстік өңіріндегі ежелгі Отырар, Сауран қалаларының орнына саяхат жасап, көне дәуірдің тарихына қанықты. ІХ – Х ғасырларда ғылымның орталығы болған Отырар қаласы ХІІ ғасырдың ортасына қарай әйгілі Шыңғысханның шапқыншылығынан қатты күйреген. Алайда ХІІІ ғасырларда қайта гүлденіп, ірі сауда орталығына айналған. Ал ортағасырлық Сауран қаласының орны сол дәуірдегі қала мәдениетінің маңызды ескерткіші болып табылады. Ол жерден әлі күнге дейін табылып жататын керамика сынықтары, күмістен, қоладан жасалған ыдыс қалдықтары ғасырлар бойы ою-өрнегін, бояуын, бедерін жоғалтпай сақталғаны ғалымдардың таңданысын тудырады. Қазіргі таңда осынау тарихи-мәдени орындарға «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Қорыта айтқанда, түркі халықтары арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталған шара өз мақсатына жеткендей. Келешекте әдеби шығармаларға аударма жасап, жинақтар шығару арқылы байыпты бастама жалғасын табатын болады.
Ғазиза ӘБІЛДА.
Қызылорда – Түркістан –Қызылорда.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |