Қоғамдық-саяси, діни ахуал тұрақты

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев брифинг өткізіп, жылдың алғашқы жартысында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Аймақтағы қоғамдық-саяси, діни ахуал тұрақты. Басқарма тарапынан өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты мониторинг нәтижелеріне сүйене отырып іске асырылады. Мониторинг барысында анықталған қандай да бір әлеуметтік–саяси кернеулік алғышарттары «Ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары Картасына» енгізіліп, олардың шешілу барысы бақылауда болады. Жыл басынан бері картаға 44 мәселе енгізіліп, I жартыжылдық қорытындысы бойынша 12 мәселе шешімін табуына байланысты бақылаудан алынды. Сонымен қатар, тұрғындар үшін облыс әкімдігінің ресми сайтында http://e-kyzylorda.gov.kz/kk/blog арнайы сілтемесі орналастырылып, тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша хабарласу мүмкіндігі жасалды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру үшін 129 адамнан жасақталған 9 облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Есепті мерзімде ақпараттық топ барлығы 1 435 арнайы шараға қатысып, 140 мыңға астам тұрғын Жолдаудан туындайтын міндеттер бойынша ақпарат алмасты. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында бүгінге дейін 159 іс-шара ұйымдастырылды.

-  Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы үкіметтік емес ұйымдардың 153 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде, облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша 21 әлеуметтік жобаға облыстық бюджеттен 190 млн. 623 мың теңге қаржы бөлінді.  Соңғы 2 жылда аймақта азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін қоғамның өзекті мәселелеріне жұмылдыру мақсатында «Әлеумет» жобасы жүзеге асуда. Осы бағдарлама бойынша ағымдағы жылы 20 жоба жүзеге асуда. Олардың ішінде ерекше атап өтетін жоба ретінде жастарға патриоттық тәрбие беретін орталықтың ашылуын айтуға болады, - деді басқарма басшысы. 

Сондай-ақ, қоғамдық кеңестермен жүргізілетін бақылау да тиісінше жүруде. Қоғамдық кеңес қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-консультациялық орталық ашылды. Мұнда ұсыныстар мен пікірлерге арналған жәшіктер бар. Тұрғындарды толғандырған мәселелер тыңдалып, талданып, тиісті шаралар жасалуда. Кеңес жұмысын кеңінен ақпараттандыру мақсатында orda_kenes.kz сайты жұмыс істеуде. Азаматтардың қоғамдық кеңеске деген сенімі артып келеді. мәселен, халық тарапынан түсетін сұрақтардың дені ауыз су мәселесі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, газдандыру, базарлардың санитарлық жағдайына қатысты сұрақтар. Олар бойынша тиісті талдау жасалып, тұрғындар нәтижесінен хабардар етіліп келеді.

Бұл жұмыстар мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әріптестігі көздеген мақсаттарға қол жеткізіп қана қоймай, елімізді демократияландыру стратегиясын тиімді жүзеге асыруға жол ашатыны сөзсіз.

Идеологиялық, экономикалық және аймақтағы ұйымдастырушылық жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында облыс көлемінде 215 ірі көлемді шарадан тұратын 2017 жылға арналған қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда.

 Мәселен, Алашорда қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Сонымен қатар, қала орталығынан қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың ескерткіші ашылды. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық форум болып өтті. Сондай-ақ, Семей полигонының жабылуына 26 жыл толуына орай облыстық конференция ұйымдастырылып, онда «Жарылыс жаһанға жат» атты кітаптың тұсаукесері өтті. 1500 данамен жарық көрген туындыда Семей полигонының зардабын жоюға атсалысқан қызылордалықтар туралы жазылған. Бұл олардың ерен еңбегі мен ерлігін ұрпақ жадында қалдыру үшін жасалған үлкен жұмыстың нәтижесі.

Қазіргі таңда облыстың медиа кеңістігінде 92 бұқаралық ақпарат құралы тіркеліп, жұмыс жасауда. Олардың 4-еуі электронды, 5-еуі ақпараттық агенттік, 83 баспа БАҚ. Соңғы 5 жылда мемлекеттік ақпараттық саясатқа бөлінген қаражат 2,6 есеге ұлғайды. Сондай-ақ, басқарма жанынан құрылған Өңірлік коммуникациялар қызметінің штаттық құрылымы ұлғайып, материалдық-техникалық базасы нығайды. Жыл басынан өңірлік коммуникациялар орталығының алаңында 208 спикердің қатысуымен 200-ге жуық баспасөз-конференциясы ұйымдастырылды. Орталық жұмысының басты принципі – ақпаратты нақты әрі жедел тарату. Осыған орай, қоғамдық пікір туғызған кез-келген мәселе бойынша баспасөз-турлары мен көшпелі баспасөз-конференциясы жедел ұйымдастырылып келеді. Мәселен, аймақта су тасқыны қаупі туындаған кезде Жалағаш және Сырдария аудандарына баспасөз-турлары жасалып, халық төнген қатерден құлағдар болды. Сондай-ақ, аймақ журналистері мен жергілікті атқарушы органдардың баспасөз-хатшыларының біліктілігін арттыру мақсатында белгілі блогер Аршат Ораз бен Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдігі директоры Томас Хельмнің шеберлік дәрістері ұйымдастырылды. Алдағы күндері аймағымызға танымал блогер Өркен Кенжебек пен білікті журналист Нартай Аралбайұлы келіп, тәжірибелерімен бөліседі.  2017 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 31,7 млн. теңге қаржы бөлінді. Басқармаға қарасты тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар және басқа да ұйым қызметкерлеріне, сонымен қатар жеке тұлғаларға мемлекеттік және ағылшын тілдерін тегін оқытуда.

- 2017 жылдың 20 маусымынан бастап облыста «Қазтест» жүйесі бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру» әлеуметтік маңызды жобасы іске асырылуда. Жоба аясында аудандық,  қалалық, және облыстық әкімдіктердің 675 мемлекеттік қызметшілері мен мемлекеттік қызмет көрсетеін ұйым қызметкерлеріне екі күндік семинар-тренингтер өткізілуде. Есепті кезеңде облыстық ономастика комиссиясының отырысы өткізілді. Отырыс барысында 76 ұсыныс қаралып, 74-не оң қорытынды берілді. «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 56 топонимикалық атаулар енгізілді. Облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздердің стандартқа сәйкес қолданылуын анықтау мақсатында 602 мекемеге бақылау жұмыстары жүргізіліп, орын алған кемшіліктер заң талаптарына сәйкестендірілді. Аймақтағы деструктивті діни ағымдардың алдын алу және діни тұрақтылықты сақтау мақсатында 2017 жылғы І жартыжылдықта түрлі форматта 1252 іс-шара ұйымдастырылып, оған 60 мың адам қатысты, - деді А.Қайруллаев. 

2017 жылғы І жартыжылдықта 700-ден астам интернет сайттарға талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде күмән келтірген 227 сайт ҚР Дін істері комитетіне жолданды. Комитет тарапынан 43 сайтқа теріс қорытынды беріліп, сот сараптамасын тағайындау және процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органға жолдаған. Діни экстремизм және терроризмге қарсы тұру бағытында облыс тұрғындарының, сонымен қатар дәстүрлі емес діни ағымдар жетегіне кеткен азаматтарға теологиялық білім бере отырып, теріс бағыттағы көзқарастарынан қайтару бағытындағы жұмыстарын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің ұстаздары Ризабек Батталұлы мен Еркінбек Шоқай, елімізге белгілі теологтар Кеңшілік Тышхан,  Рахымгазиев Жайдар, Құрманбаев Қайрат және басқа да дінтанушлар аймақ тұрғындарымен кездесіп, түсіндірме жүргізді.

Атқарылған жұмыстар осындай. Қызылорда облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсат-міндеттер жүйелі жүзеге асуда. Басқарма жанынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыратын жобалық кеңсе ашылды. Орталықтың негізгі функциясы - бағдарламаның бағыттары бойынша жауапты салалардың жұмысын үйлестіру.  Осыған орай «Сыр елі – рухани жаңғыру бастауы» атты тоқсандық жоба бекітілді. Соның аясында ішкі саясат басқармасы «Туған жерге тағзым» жобасын жүзеге асырмақ. Кең көлемді шара шеңберінде «Мектепке тағзым», «Бақыт тамшысы», «Өмір – баға жетпес байлық», «Қайырымдылық әуені» атты акциялар өтеді. Сондай-ақ, Қызылордадан шыққан белгілі кәсіпкерлер мен табысты азаматтардың басын қосатын форум ұйымдастырылады. «Атамекенім» кіші бағдарламасы «Азаматтық бастамалар картасы» базалық жобасы аясында Қызылорда облысының жетістіктері туралы фотоальбом дайындалады. 1000 данамен шығатын туынды аймақтың өткені мен бүгіні, әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мағлұматты қамтиды. Сондай-ақ, «Жетістікке жеткің келсе» атты кәсіпкерлер мен жастардың кездесуі өтеді. Онда кәсіпкерлер табысқа жетуінің сырымен бөліседі. Ал қараша айында өңірдің іскер, өз саласында толайым табысқа жеткен әйелдердің форумы өтеді.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында басқарманың тапсырысы бойынша «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында «Туған өлке» және «100 жаңа есім» жобалары көрермен назарына ұсынылуда. «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты барлық газет-журнал, интернет ресурстарда арнайы айдарлар ашылып, бағдарлама аясында өткен шаралар ақпараттандырылуда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Облыстың киелі жерлеріне баспасөз және блог турлары ұйымдастырылады. Қойнына талай сырды бүккен Қаратауға ақпараттық экспедиция жасау жоспарлануда. Сондай-ақ, Қазақстан Халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығымен бірлесіп қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың 80, Шахмардан Есеновтың 90 жылдығы, Халық батыры Текей Қарпықұлының 350 жылдығына орай мерейтолық шаралар, ғылыми-танымдық конференциялар  өтеді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қыркүйек 2017 г. 1 122 0