АЙМАҚ ЖЕТІСТІКТЕРІ ЖИНАҚТАЛҒАН ФОТОАЛЬБОМ ЖАРЫҚ КӨРЕДІ

Суреттерді сөйлететін топтама «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекенім» жобасы аясында шығарылады. 1 мың данамен жарық көретін фотоальбом Қызылорда облысының өткені мен бүгіні, әлеуметтік-экономикалық дамуына арналады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев мәлімдеді.
Қызылорда облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсат-міндеттер жүйелі жүзеге асуда. Басқарма жанынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыратын жобалық кеңсе ашылды. Орталықтың негізгі функциясы - бағдарламаның бағыттары бойынша жауапты салалардың жұмысын үйлестіру. Осыған орай «Сыр елі – рухани жаңғыру бастауы» атты тоқсандық жоба бекітілді. Соның аясында ішкі саясат басқармасы «Туған жерге тағзым» жобасын жүзеге асырмақ. Кең көлемді шара шеңберінде «Мектепке тағзым», «Бақыт тамшысы», «Өмір – баға жетпес байлық», «Қайырымдылық әуені» атты акциялар өтеді. Сондай-ақ, Қызылордадан шыққан белгілі кәсіпкерлер мен табысты азаматтардың басын қосатын форум ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, «Жетістікке жеткің келсе» атты кәсіпкерлер мен жастардың кездесуі өтеді. Онда кәсіпкерлер табысқа жетуінің сырымен бөліседі.
Ал қараша айында өңірдің іскер, өз саласында толайым табысқа жеткен әйелдердің форумы өтеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында басқарманың тапсырысы бойынша «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында «Туған өлке» және «100 жаңа есім» жобалары көрермен назарына ұсынылуда. «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты барлық газет-журнал, интернет ресурстарда арнайы айдарлар ашылып, бағдарлама аясында өткен шаралар ақпараттандырылуда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Облыстың киелі жерлеріне баспасөз және блог турлары ұйымдастырылады. Қойнына талай сырды бүккен Қаратауға ақпараттық экспедиция жасау жоспарлануда. Сондай-ақ, Қазақстан Халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығымен бірлесіп қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың 80, Шахмардан Есеновтың 90 жылдығы, Халық батыры Текей Қарпықұлының 350 жылдығына орай мерейтолық шаралар, ғылыми-танымдық конференциялар өтеді.

Өңірлік коммуникация қызметі.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қыркүйек 2017 г. 1 092 0