Латын әліпбиі жазба тарихымызда бұрын да болған. 1926 жылы кеңестік түркі республикалары жаңа әліпбиді қабылдап, сол кезеңдегі газет-журналдар латынша шыға бастады. Сондықтан біз үшін қаріп ауыстыру айтарлықтай қиын бола қоймайды. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық түрік этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Гульчин Гейдарова осындай пікір айтты.
– Оның үстіне, қазіргі жастар көп тілді қатар меңгерген. Ал ағылшыншадан хабары бар адам үшін латын әліпбиіне көшу онша қиын емес, – деді Г.Гейдарова.
Бірлестік төрайымының айтуынша, мәжіліс талқылауына түскен жоба түрік тәжірибесіне ұқсас. Өйткені түбі бір елдің қолданысында да бірді-екілі дыбыс екі әріптің қосындысынан шығады.
«Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Есенжол Назаров ұсынылып отырған нұсқа тек жоба екенін қаперге салды. Ол әзірге халықтың талқысында.
– Партия филиалының барлық бөлімшесін осы бастамаға жұмылдырдық. Медиа-жоспар әзірленді. Спикерлер мен блогерлер тобы құрылды. Халықтың ой-пікірін, сын-ескертпесін жинақтаған соң тиісті орындарға жолдаймыз, – деді Е.Назаров.
Н.САНИЯЗОВА.