« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ақ күріштің ордасы атанумен бірге «Сыр қауыны» деген брендімен шет елдерге атағы жайылған Қазалы бау-бақша өнімдерімен де көпшілікке танылған өңір. Осыдан тура 75 жыл бұрын Бельгияның астанасы Брюссельдегі халықаралық көрмеде Қазалының қара күләбісі алтын медаль иемденгені баршаға аян. Өкінішке қарай, сол игі дәстүр соңғы жылдары бәсеңдеп қалды. Дегенмен, ағымдағы жылы аудан әкімінің тікелей қолдауымен ауылдық округтерде бау-бақша егу жұмыстарын жандандыру қызу қолға алынған-ды. Жыл көлемінде өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстар үйлестірілуі бағбандық кәсіптің қарқындауына септігін тигізді.
Ең бастысы, ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесі жолға қойылған. Осы тұрғыда өткен жылы Н.Шамұратов бастаған арнайы делегация Ресейдің Мәскеу қаласы мен қоса көршілес Ақтөбе облысына іссапармен барып, Қазалы ауданы әкімдігі мен ресейлік «Kaz-Food» компаниясы, «Скайленд-94» жабық акционерлік қоғамымен, Ақтөбе облысының аудан әкімдерімен жергілікті өнімдерді өткізу жөнінде меморандумдарға қол қойғанын бұған дейін де жазған едік.
Міне, берекелі күз де келіп жетті. Бау-бақшамен айналысатын тоғыз кооператив өздері еккен 511 гектар жерден 7300 тонна өнім алған болатын. Бүгін осы бау-бақша өнімдерінің отыз тоннасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп-Әлінің бастауымен арнайы автоколлонаға тиеліп, Орск қаласына жөнелтілді. Экспортқа шығарылған өнімнің 22 тоннасы «Самұрық» және «Майдакөл» кооперативтеріне тиесілі болса, калған қауын түрлері «АгроОптСервис» ЖШС директоры Бекболат Бибалаевтың иелігінде өсірілген. «Самұрық» кооперативі «Жалпақ» елді мекенінен қауын-қарбыз ексе, «Майдакөл» кооперативіне 23 адам бірігіп, 60 гектарға бақша өнімдерін өсірген болатын. Жеке кәсіпкер Биболаев биыл индустриалдық аймақтан өнім сақтау қоймасын салу жобасын жүзеге асыруды межелеуде.
Бүгінгі таңға ауданнан 190 тонна бау-бақша өнімдері экспортқа шығарылған. Бұл өнімдер Мәскеу, Орск, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Арал, Байқоңыр, Түркістан, Жезқазған қалалары мен аудандарына да жөнелтілуде. Сондай-ақ, халықты жергілікті бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Әйтеке би кентінен бау-бақша өнімдері сатылатын 5 орын белгіленіп, шатырлар орналастырылды. Енді кент тұрғындары өздері тұратын аймақтарда жергілікті бақша өнімдерін тиімді бағада сатып ала алады. Жергілікті шаруалардың өнімдерін насихаттау үшін Қызылорда мен Астанада, аудан орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жергілікті өнімдер халыққа нарықтан төмен бағада ұсынылып келеді.
Айта кетерлігі, аудан бойынша 324 мүше бірігіп құрылған 36 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жерді қоршау, өңдеу, аяқ су жеткізу жұмыстарына қолдау көрсетілді. Олардың 25-і мал, 9-ы егін шаруашылығымен, қалғаны көкөніс өңдеумен айналысады. «Бақша» кооперативі ауданда өндірілген өнімдерді тиісті орындарға жіберумен шұғылданады. Бақшалық жерлерді қоршауға қажетті материалдар алуға бюджеттен 18 млн теңге бөлініп, машина-трактор паркі 18 дана техникамен толықты. Оған қоса сатып алынған МТЗ маркалы тракторлар, тіркеме мен соқа, дән сепкіш техникалары Алға, Аранды, Майдакөл, Бозкөл, Сарыкөл, Өркендеу ауылдық округтерінің шаруаларына табысталды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |