ОБЛЫСТА СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНУШЫЛАР САНЫ АРТТЫ

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов биылғы жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы міндеттер туралы баспасөз мәслихатын өткізді.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, жыл аяғына дейін Атырау қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өтетін ҚР V Спартакиадасына облыс құрама командасының қатысуын қамтамасыз етіп, қазан айында өтетін ауыл спортшыларының «Алтын күз» спартакиадасын өткізу жоспарланып отыр.
– Жалпы осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 26,5 пайызды құрады. Жыл соңына дейін осы көрсеткішті 30 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз, – деді О. Әкімов.
Биыл облыстық бюджеттен Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде 7 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысандар келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Орталық стадионның қосалқы футбол алаңы қайта жаңғыртудан өткізілді.
– Спортпен шұғылданушылар санын арттыру барысында «Мерей» шағын ауданынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Спорт кешенінде 1200 спортшы 15 спорт түрімен шұғылданады. Қаланың шеткі аймақтарында жастар мен жасөспірімдердің спорт нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен заман талабына сай 4 стрит воркаут алаңы салынды, – деді ол.
Жыл басынан бері салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыста 1040 бұқаралық спорттық шара өткізілді. Сонымен қатар биыл облыс спортшылары ҚР чемпионаттарында 592 медаль жеңіп алса, Азия және Әлем чемпионаттарында 62 медаль иеленді. Спорт түрлері бойынша 42 спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының сапына енді.


Шынар БЕКБАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2017 г. 501 0