ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Еліміз тәуелсіздігін алған ширек ғасыр ішінде тарих толқынында алтын әріппен жазылатын тарихи шешімдер мен ғасырға бергісіз белестерді бағындырар өзгерістер орын алды.

Ұлттың ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасуы үшін қажетті үш нәрсе – тілі, ділі, дінін сақтай білген ел ғана егемендігін баянды, тәуелсіздігін тұғырлы ете алары сөзсіз.

Айтылған үш тұғырды ту етіп ұстап, дамудың даңғыл жолына түскен, бүгінде бүкіл әлем танып, мойындаған қазақ елі алдына қойған мақсаты айқын, бағыт-бағдары баянды, дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат еткен елге айналды.

Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев егемендік алған 26 жыл ішінде сан мәрте сарапталып, бүгінде уақыт талабына сай туындап отырған қазақтың төл тілі «латын әліпбиіне» көшу мәселесін тағы да көтеріп, халықтың талқысына салуды Үкімет пен халық қалаулыларына тапсырды.

Латын әрпіне көшу елдің ертеңгі тізгінін ұстар жастардың болашағы үшін маңызды болса, халықаралық қарым-қатынас барысында, әлемдік аренадағы беделіміздің биіктейтініне, тарыдай шашылып, шетелде жүрген 5 миллион қандас бауырларымыздың туған жерінің тарихын танып, азаматтарын ардақтауға үлкен мүмкіндіктер алатыны айдан анық.

Латын әліпбиіне көшу – бірінші кезекте білім саласынан бастау алатыны заңдылық. Латын әліпбиі – бізге әлемнің озық жаңа тех­но­логиясын, жаңа инновациялық жаңалықтарын меңгеруге, ағылшын тіліндегі әлемдік ақпаратты еркін пай­далануға, халықаралық білім мен ғылым тілін тез игеруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда, қолда­ныс­тағы «кириллица әрпімен» қатар жүріп, 2022 жылы 1-сыныптан енгізілетін жаңа әліпбидің қоғам талқысына ұсынылған бүгінгі нұсқасы әлі де нақтыланып, сүзгіден өтері белгілі.

Ұлты мен ұлысының келешегін ойлаған Елбасының бастаған қандай да бір ұлы бастамалар елінен қолдау тауып, жүзеге асары хақ.

Бекжан ЕСЕНБАЕВ,

облыстық білім басқармасының

бөлім басшысы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2017 г. 533 0