ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕЛГЕН ҮДЕРІС

Әліпбиді реформалаудың тарихи тамыры тереңде жатыр және ол әлемдік ғылым-білімде, технологиялық және коммуникациялық кеңістікте Қазақстанның бәсекелестігін арттыруға бағытталған. Ол, сонымен қатар, тілді жаңғыртуды көздейді. Бұл тілдің шексіз байлығын, әлеуетін ашады. Сондықтан Қазақстан Президенті осы жылдың аяғына дейін ғалымдар мен қоғамдық көпшілік арқылы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын қабылдауды тапсырды. Осы алға қойылған тапсырмаға сай Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс тобына кірген ғалымдар қоғамдық сананы жаңғырту бойынша көптеген іс тындырды.

Аталған жоба алғаш рет Парламент қабырғасында тыңдалды. Осы отырыста айтылған пікірлерді қорытындылай келсек, қазақ тілі қарпінің латынға ауысуы ғылыми негізделген үдеріс болып табылады. Бұл жерде бір айрықша атап өтер жайт, мемлекеттік тілді реформалау мемлекеттік тіл саясатын өзгертуді көздемейді. Әліпбиді ауыстыру тек қана қазақ тіліне қатысты мәселе. Латыншаға ауысу, ең алдымен, қазақ әліпбиі мен орфография ережесін реформалауға бағытталған. Осының арқасында тіл фонетикасы мен оның таңбалануын сәйкестендіру қамтылмақ.

Бұл орайда Үкіметке бірыңғай стандартты дайындауда, талқылауда және енгізу барысында жүйелілікті сақтау мен қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар берілді. Парламенттегі тыңдау жұмыстарының нәтижесі латынға көшуге байланысты атқарылатын барлық шаралардың бастауы болды. 150 мыңнан аса адамы бар 1338 этномәдени ұйымдарды біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы және басқа да салалар әліпбидің латынға ауысу барысын толық қолдайды деп сенеміз. Алда тұрған барлық шаралар кешені тіл аясындағы заңдарымызды дамыту мен өзге де маңызды мәселелерді жүзеге асыруды көздейді. Біз, Мәжілістегі ҚХА тобы, бұл жұмысқа белсене кірісеміз.


Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА, 

Парламент Мәжілісінің депутаты.

«Егемен Қазақстан»

18.09.2017 жыл.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2017 г. 515 0