« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ғаламторды шарлап отырып, «365info.kz» сайтындағы мына бір қызықты зерттеуді көзіміз шалды. Онда жаңа пәтер сатып алу үшін қаражат жинастыруға Қазақстанның әр аймағының тұрғындарына қанша уақыт кететіні туралы болжам, есептеу келтіріліпті.
Иә, үйі жоқтың – күйі жоқ. Сондықтан да баспаналы болу адам өміріндегі ең маңызды әрі қуанышты сәттердің бірі саналады. Алайда, баспана бақытына қол жеткізу де оңай емес. Оны көптеген жыл күтуге тура келеді. Сол себепті де жоғарыда айтылған есептеулерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Жалпы алғанда дағдарыс зардаптары әлі сезіліп тұрған қазіргі кезеңде екі баласы бар ерлі-зайыптыларға аумағы 50 шаршы метр пәтер сатып алу үшін 10 жылдай ақша жинау қажет екен. Ал осы уақытта олар барынша үнеммен өмір сүруіне тура келеді.
2017 жылдың тамызында республикада пәтердің бір шаршы метрі 0,2 пайызға төмендеп, 252,8 мың болды. Ал, қайталама тұрғын (сатылуға шығарылған) үй бағасы соңғы 19 айда тек бір рет қана қымбаттады (2017 жылдың маусымында 0,1 пайызға). Алайда, көптеген қазақстандық үшін өз баспанасын сатып алу қол жетпес арман болуда.
Қазақстанның қай өңірінде пәтер сатып алуға қажетті қаржыны тез жинауға болатынын келесі тәсілдермен анықтауға болады. Ол отбасының табысы (ерлі-зайыптылар аймақтағы орташа жалақыны алып отыр деп есептегенде) және шығынды ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін төмендеткен жағдайда (отбасында екі ересек және екі бала бар деп есептегенде, бұл жағдайда облыстың орташа көрсеткіші алынады, адамдардың жасы мен жынысына мән берілмейді). Сонымен қатар, бұл отбасы банк депозиттерін және басқа да қорларды пайдаланбайды. Сондай-ақ осы отбасы мемлекеттік бағдарламалар көмегіне жүгінбей, 50 шаршы метр пәтерге ақшаны өздері жинауға бекінген. Әрине, өмірде әртүрлі жағдай кездеседі, десе де қазақстандық ортастатистикалық отбасына барлығынан бас тартқан жағдайдың өзінде баспана сатып алу қиынға соғатыны анық.
Еліміздің батыс өңіріндегі ахуал басқа жақпен салыстырғанда жақсы деуге болады. Шығындарды барынша қысқарта отырып, 3 жылда пәтер сатып алу мүмкіндігі бар. Ал Батыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін бұдан сәл көбірек уақыт керек. Батыстың өзге өңірлермен салыстырғандағы бір айырмашылық, мұнда қайталама тұрғын үй бағасы қымбаттау. Әдетте, мұнайлы аймақта тұрғын үй бағасы, ең төменгі күнкөріс деңгейі республиканың орташа көрсеткішінен жоғары болып келеді. Ол түсінікті де. Өйткені бұл жақтағы жалақы көлемі де жоғары.
Қазақстанның оңтүстігіндегі ең жақсы жағдай Қызылорда облысында деп сеніммен айтуға болады. Әрине, мұндағы еңбекақы төлемі республикадағы ең жоғары деуге келмейді. Әйтсе де, Қазақстандағы тұрғын үйдің ең төменгі бағасы осы облыста. Жаңа үйлердегі пәтерлердің шаршы метрінің бағасы 119,6 мың теңге. Сатылуға шыққандарының бағасы 123,6 мың теңге. Бір орташа жалақыға жаңа пәтердің 1,1 шаршы метрі келеді. Олай болса, ең төменгі күнкөріс деңгейін сақтай отырып, пәтер сатып алатын ақшаны 3 жылда жинап алуға болады. Өкінішке орай, оңтүстіктегі басқа облыстарда мұндай қолайлы жағдай қалыптаспаған. Жамбыл облысында пәтер сатып алуға – 7, Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа құрылыстан пәтер сатып алуға 10 жылдай уақыт ақша жинастыруға мәжбүр. Ал бұл аралықта балалар есейіп, жұмысқа орналасып, үй сатып алатын ақшаға өз үлестерін қосып қалуы ықтимал.
Бұның басты себебі жалақының төмен көрсеткіші, әйтпесе мұндағы сатуға шығарылған үй бағалары республиканың орташа көрсеткішінен төмендеу. Жамбыл облысында көппәтерлі үйлер тек қана мемлекеттік бағдарламалар бойынша ғана салынуда, сондықтан да бекітілген бағамен ғана сатылады.
Алматылық төрт адамдық отбасы ақшаны бес жыл жинауы тиіс. Оңтүстік астанада жаңа үйлердегі және сатылуға шығарылған пәтерлердегі баға еліміздегі ең жоғары баға қатарында.
Енді солтүстіктегі жағдайды шамалайық. Баспана бағасының қымбаттылығы жөнінен Астана елімізде екінші орынға ие. Бірақтан мұнда Алматымен салыстырғанда жалақы да жоғары (Атырау мен Маңғыстаудан төмендеу). Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарындағы жалақының орташа көрсеткіші республикалық көрсеткіштен 23 пайызға, ал сатылуға шығарылған үйдің шаршы метрінің бағасы республикалық орташа көрсеткіштен бар болғаны 8,8 пайызға ғана төмен. Бұл облыстарда жаңа құрылыстардағы баға одан да жоғары. Ең қиын жағдай Солтүстік Қазақстан облысында. Пәтер сатып алатын ақшаны жинастыруға 6 жыл 8 ай қажет.
Орталық және Шығыс аймақтарға келетін болсақ, сөз болып отырған мәселеде Шығыс Қазақстан облысымен салыстырғанда Қарағанды облысының бәсі биік. Жалақы жоғары, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен салынып жатқан пәтердің шаршы метрінің бағасы төмен. Бірақ, сатылуға шығарылған баспана бағасы қымбат, әйтсе де жалақының жоғары мөлшері бұл ауыртпалықты жеңуге себі тиеді. Осындай артықшылықтарға қарамастан, мұнда жаңа пәтер алу үшін – 5, сатылуға шығарылған пәтер алу үшін 4 жыл 4 ай ақша жинастырасыз. ШҚО көрсеткіші тіптен ауыр. Бұл жақта сәйкесінше қажетті сома жиналып бітуіне 6 жыл 10 ай және 5 жыл кетеді.
Міне, осы келтірілген мысалдардан байқағанымыздай, Қызылорда облысының тұрғындары үшін жаңа баспана сатып алу еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда анағұрлым жеңіл деуге болады. Бұған облысымызда жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты әлеуметтік қорғау саласы бағытында атқарылып жатқан істер, сондай-ақ тұрғын үй құрылысында түрлі бағдарламалардың кең көлемде жүзеге асырылып жатқаны себеп болуда. Қызылорда облысында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы өте жоғары қарқынмен дамыды. Соңғы 4 жылда облыс орталығында 11 ықшам аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық жаңа баспанаға қол жеткізді. Мысалы жыл басында 61 көппәтерлі үйдің құрылысы басталды. Ал Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында 18 көпқабатты үй инвесторлар қаржысына салынуда.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |