МЕРЕКЕ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ МЕЗІРЕТ

Кеше жаңарған, ерекше сымбатты күйге енген Қызылордада қала күнін мерекелеу басталды.  Келер жылы екі жүз жылдығы тойланатын бұл қала бүгінде адам танымастай өзгерген. Оның сұлулығын, заман талабына сай жаңғырғанын жергілікті тұрғындар да, сырттан келген қонақтар да тілге тиек етуде.

Сүйікті қаламыздың мерейлі мерекесіне орай ұйымдастырылған шаралар «Сыр сүлейлері» аллеясынан бастау алды.

Салтанаттың ашылуына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, қызылордалықтар мен қала қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады.

– Баршаңызды Қызылорда қаласы күндерінің басталуымен шын жүректен құт­тықтай­мын. Бұл жәй мереке емес, бұл – еңбектің салтанаты. Барлық аудан қала күнінің қарсаңында өздерінің жәрмеңкесін өткізетін болады. Сөйтіп, халық арзан бағадағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтылады. Мереке қарсаңында қайырымдылық шараларын өткізуге де көңіл бөліп отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Соңғы бес жылда облыста құрылыстың көлемі 3,5 есеге өссе, Қызылорда қаласында 8 есе артқан. Биылдың өзінде 61 көпқабатты үй салынуда. Дарияның сол жағалауында жаңа құрылыс жүріп жатыр. Ол жерде 18 көпқабатты үй, «Болашақ» университетінің қалашығы, Жастар сарайы, Неке сарайы, Қазақстан Орталық Атқару комитетінің мұражайы бой көтеруде. Оның бір жағы мұражай болса, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болмақ.

Жыл басынан бері Қызылордада қала тұрғындарының игілігі үшін жалпы ауданы 240 580 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 7 мыңға жуық жерлесіміз қоныс тойын тойлады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала полицейлеріне 69 жаңа автокөлік табысталып, 14 станционарлы полиция бекетінің құрылысы басталды. Бұған қоса  20 спорттық-жаттығу алаңы салынуда. Жаңа үлгідегі автобус паркі пайдалануға берілді. Қала орталығындағы Қазыбек би көшесінен Жезқазған автожолына дейінгі аралыққа созылған «Қорқыт ата» көшесін қайта жаңғырту жұмыстары толықтай аяқталды. Қала қатынасында маңызды саналатын 124 көшеге орташа, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстары жасалуда.

Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес «Сәулет» шағын ауданының 35 көшесін жөндеу жұмыстарын жүргізуге қол жеткізілді.  «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы республикалық бюджет есебінен Қызылорда қаласында 27 жоба бойынша 34,4 шақырым ауыз су және 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртылуда.

Қала күні мерекесіне қызылордалықтар осындай табыстармен жетті. Бұл күні елді мекендердің қатысуымен этноауыл көрмесі, «Бауырсақ» фестивалі, «Аспазшылар» сайыстары ұйымдастырылып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.

Айта кетейік, қала күніне арналған думан мұнымен бітпейді. Түрлі бағыттағы спорттық және қайырымдылық шаралар өткізеледі. Мереке аясында «Таза қала – жанға дауа», «Саябақтар шеруі», «Таза көше», «Әдемі аула», «Үлгілі ауыл», «Әсем ғимарат» деп аталатын сенбіліктер мен байқаулар өтеді. Сондай-ақ, суретшілер байқауы мен фотокөрме, мерекелік концерттер, кездесулер, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады деп күтілуде.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2017 г. 475 0