« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры бұл жолы Қазалы, Арал аудандарының денсаулық сақтау саласының жай-күйімен танысуға арналды. Шара аясында тілшілер қауымы алдымен Қазалы ауданындағы теміржол ауруханасына ат басын бұрды.
Жалпы, Қазалы теміржол ауруханасынның қызметі аудан халқына жақсы таныс. Ғасырдан аса тарихы бар аурухана 140 орынға арналған. Мұнда хирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық, балалар, жалпы терапия және жансақтау секілді алты бөлім бар. Кеңес беру-диагностикалық бөлімі ауысымына 250 келушіні қабылдауға қауқарлы. Өткен жылдың ақпан айында аурухана базасынан нейроинсульт орталығының ашылуы тек қазалылықтарға ғана емес, сонымен бірге Қармақшы, Арал тұрғындары үшін де мол мүмкіндік болып отыр. Нейроинсульт орталығы 20 төсек орынға арналған. Оның ішінде 10-ы инсульт бөліміне арналған, тағы 10-ы нейрореабилитация, сонымен бірге жансақтау бөлімі де бар. Орталықтың басты мақсаты – бөлімшеге келген науқастарға жоғары дәрежелі медициналық көмек көрсету, диагнозын анықтап, стандарттарға сәйкес жоғары сапалы ем жасау.
– Орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Аурухана базасында инсульт орталығының ашылу себебі де осы. Атап айтқанда, облыстық медицина орталығынан кейін тек бізде ғана бар КТ, УДЗ аппараттары тәулік бойы жұмыс жасайды. Сонымен бірге, тәуліктік мониторинг аппараттар, тыныс алу құралдары, экстракраниальды тамырларды дуплексті сканерлеу, элекрокардиограф құрылғылары жұмыстың өз деңгейінде жүріп, науқас жағдайының жақсаруында үлкен маңызға ие. Оған қоса, науқастың сауығып кетуіне мол мүмкіндік беретін емдік денешынықтыру бөлмесі, яғни жаттығу залы, физиотерапиялық кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған,–дейді Қазалы теміржол ауруханасынның бас дәрігері Құбыл Ршымбетов.
– Инсульттің геморрагиялық және ишемиялық түрлері бар. Қабылдау бөлімінде науқасты қабылдағаннан кейін оның маңызды тіршілік қызметтері, жалпы жағдайы, яғни, глазго кома шкаласы бойынша науқас санасынның деңгейін, неврологиялық статусы бағаланып, зертханалық және инструментальды тексеру жүргіземіз. Витальды қызмет бұзылысы яки, санасының бұзылысы, тыныс, жүрек-тамыр қызметінің бұзылысы бар –жоғы ескеріліп, жедел тексерулер жасалады. Ишемиялық инсульт алған жағдайда науқас үш сағат ішінде ауруханаға келіп үлгерсе, онда оны құтқарып қалу мүмкіндігіміз мол. Ол науқасқа медикаментозды реперфузионды терапия жүргізіледі. Былайша айтқанда, дәрі егу арқылы науқастың тартылған аяқ-қолын, қисайған бет-ауызын қалыпқа келтіруге болады. Ал, басына қан құйылған жағдайда, яғни, гемморагиялық инсультта оның қаншалықты көлемді екені анықталған соң ота жасалады, – дейді реанимация бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Қуанышбаев.
Қай кезде де істің тетігі білікті кадрдың қолында екені белгілі. Бұл орайда нейроинсульт орталығы мықты мамандарымен мақтана алады. Атап айтқанда, дәрігер невролог Талғат Жиенқұлов, 2011 жылдан бастап еңбек етіп келе жатқан невролог маманы Райхан Қорғанбекқызы, тілшілер қауымын бастап, орталықтың бүге-шігесін таныстырып жүрген нейрореаниматолог Жасұлан Қуанышбаев, логопед Гүлдана Бирашова сынды дәрігерлер орталық қызметінің жанданып, абырой биігінен көрінуі жолында аянбай еңбек етуде.
Өткен жылы бұл орталықтан 292 науқас емделіп шыққан, 11 ота жасалса, ағымдағы жылдың сегіз айында 266 науқас түсіп, 260-ы емделіп шыққан, 8 ота жасалған.
Келесі кезекте тілшілер қауымының тоқтаған нысаны бұл –Қазалы аудандық ауруханасы.
Бес жыл бұрын аудандық аурухананың ескі ғимараты апатты деп танылып, жаңа ғимарттың құрылысын салу көзделді. Оған республикалық бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Әйтеке би кентінде салынып жатқан бұл нысан желтоқсан айында пайдалануға берілмекші. 150 төсектік аурухана үш қабаттан тұрады.
– Аурухананың жаңа ғимаратқа көшірілуімен бірге медициналық қызмет сапасы да жақсара түседі, жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылатын болады. Атап айтқанда, магнитті компьютерлі тамограф, ангиограф, эндоваскулярлы қондырғылар алынуда. Бұл құралдардың көмегімен жүрек қан тамырлары ауруларына уақытылы көмек көрсетіліп, өз кезегінде нәтижелі емге қол жеткіземіз,– дейді амбулаторлық-емханалық қызметі бар Қазалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Күншығар Әбілов.
Айта кету керек, ауданда хирургия, анестезиология жақсы дамыған. Лапароскопиялық ота жасау жолға қойылған. Өткен жыл 100-ден аса ота жасалса, биыл лапароскопияның көмегімен жасалған ота саны мұнан да көп. Бұл құралдың арқасында науқас отадан кейін2-3 күнде үйлеріне шығарылады, сонымен бірге аталған құрал түрлі аурулардың диагнозын қоюға мүмкіндік береді екен.
Тілшілерді тасыған «Хайс» көлігі әп-сәтте Аралға алып келді. Мұнда алдымен аудандық аурухананың құрылысымен таныстық. 150 төсек орындық жаңа ғимарат 2018 жылдың екінші жарты жылдығында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыстың бас мердігері «Абусер» ЖШС.
Бас дәрігер Марат Ршымбетовтің айтуынша, жаңа ғимаратқа көшірілумен қатар аурухананың қызмет ауқымы да кеңейіп, заманауи құрыл-жабдықтармен қамтылатын болады. Қазірдің өзінде қол жеткен жетістіктер аз емес. Ауданда бала туу көрсеткіші өскен. Мәселен, өткен жылдың 7 айында аталған көрсеткіш 13,9 болса, үстіміздегі жылдың осы мерзімінде 14,2-ні құраған. Осыған сәйкес табиғи өсім 10,5-тен 10,8-ге көбейген. 1 жасқа дейінгі балалардың шетінеу көрсеткіші едәуір азайған, яғни, өткен жылдың есепті мерзімінде 10,3 болса, биыл 6,1. Ана өлімінің тіркелмегені үлкен қуаныш. Бұл жетістіктерді мамандар аудандық перзентхананың бірінші деңгейден екінші деңгейге көшкенімен түсіндіреді.
– Аудандық перзентхана 2016 жылдың мамыр айынан бастап екінші деңгейге көшті. Бұрын біз тек денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ аналарды ғана босандыратын болсақ, қазір өте ауыр жағдайдағы әйел болмаса осында босандыра береміз. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айында 1000 босану болып, 1001 тірі бала туылды. Қазір бізде мерзімінен бұрын аз салмақпен, яғни, шала туылған сәбилер де бар. Оларды осы жерде жетілдіріп, үйлеріне шығарып жатырмыз. Өкпені жасанды желдендіру аппараты бар. Бұл аппарат осы шала туылған балалар үшін аса маңызды құрал болып саналады, –дейді неонатолог дәрігер Айболат Әлібеков.
Ауданда ана мен балаға көрсетілер медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында бұдан бөлек, неонатолог мамандары оқытылып, біліктілігі арттырылуда.
Ауданда қатерлі ісік ауруларын ерте сатысында анықтау, туберкулезбен аурушаңдықтың алдын алу бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда скринигтік тексеруге қатаң көңіл бөлінуде. Емханада өздеріне қарасты аймақтың тұрғындары жас ерекшеліктеріне қарай тексеруден өтуге шақырылады, онан басқа келген адам алдымен дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмесінен өтуі тиіс. Онда келушінің қан қысымы, қан құрамындағы холестерин, қант мөлшері анықталып, әрі қарай тексерістен өтеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қатерлі ісікті ерте анықтау деңгейі өткен жылдың 7 айында 47,4-ті көрсетсе, ағымдағы жылдың есепті мерзімінде 53,1-ге артқан. Бастапқы сатысында анықталған аурудың жазылып кетуге мүмкіндігі мол болары белгілі. Осыған сәйкес қатерлі ісіктен 5 және одан да көп жыл өмір сүру деңгейі де өскені байқалады. Мәселен, аталған көрсеткіш былтыр есепті мерзімде 47,5 болса, биыл 53,7-ге жеткен.
– Республика көлемінде, оның ішінде аудан деңгейінде скринингтік тексеруге ерекше мән беріліп келеді. Жас ерекшеліктеріне қарай тұрғындар емханаға шақырылып, медициналық тексерістен өтіп отырады. Осының әсерінен қатерлі ісік ауруларын ерте сатысында анықтауға қол жеткізіліп отыр. Бұл дегеніміз, ауру неғұрлым ерте анықталған сайын оның жазылуы мүмкіндігі де молая береді деген сөз,–дейді бас дәрігер Марат Ршымбетов.
Айта кету керек, ауданда бүйрек аурулары науқастарына жағдай туғызу мақсатында ашылған гемодиализ орталығы жұмыс жасайды. Аталған орталық Арал, Қазалы аудандарына қызмет етеді.
Биылғы жылы Арал тұрғындары екі дәрігерлік амбулатория, үш медициналық бекеттің ашылуына куә болды.
Соңғы кездері әр салада кластерлендіру дегенді естіп жүрміз. Мәселен, экономиканы кластерлендіру, ауылшаруашылығын кластерлендіру. Сол секілді медицинаны кластерлендіру деген де көтерілуде. Екі ауданға жұмыс сапарымыз барысында аудандық денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көріп, облыстың солтүстік аумағында медицина кластерін дамытудың алғы шарттары жасалғанын байқау қиын емес еді.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |