Жүзеге асатын пилоттық жоба орта мектептердің 5-7 сыныптарында оқытылады.дәріс барысында балалар аймақтың қалыптасуы, табиғи-географиялық ерекшеліктері мен туған өлкенің тарихы туралы мол мағлұмат алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов мәлімдеді.
«Бұл курс «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өлкетану» базалық жобасы аясында іске асуда. Кітаптың авторлар тобы жасақталып, мазмұны әзірленді. Оқулықтың алғашқы даналары қазан айында қолға тиеді. Биылдан бастап барлық мектептердің 5-7 сыныптарында 20 сағаттық өлкетану курсы оқытылады. Ал, 2018-2019 оқу жылынан бастап өзге өңірлерде қолға алынады», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша маңызды жобалардың көбі білім саласына тиесілі. Мәселен, қазіргі таңда аймақта бағдарламаның 4 негізгі базалық бағыты бойынша 27 жоба жүзеге асуда. Алғашқысы - «Өлкетану бағыты». Онда 6 республикалық жоба іске асырылады. Облыста 8 іс-шара болады. Әр жобаға жетекшілер белгіленген. «Отаным-тағдырым» бағыты бойынша 6 республикалық, 9 облыстық жоба қолға алындаы. Ал, «Саналы азамат» бағыты республика көлемінде 5, облыстық деңгейде 9 жобаны жүзеге асырады. «Кітап – білім бұлағы» бағыты бойынша республика және облыс бойынша 6 жобамен жұмыс жасалады. Жобалар аясында аймағымызда жыл бойына түрлі шаралар ұйымдастырылады.