Дүние жүзіндегі ең алғаш жердің жасанды серігі Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылғаны белгілі. Бұл ғаламдық жаңалыққа биыл 60 жыл толып отыр. Осыған орай ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жұлдызды қалаға баспасөз-турын ұйымдастырды. Сапар барысында айлақта жүзеге асатын ауқымды шаралармен танысып, кешен жөніндегі көкейдегі сұрақтарға жауап тапқандай болдық.
Осыдан біршама уақыт бұрын «Байқоңырдың» болашағы бар ма?» деген сауалдардың жиілеп, келешегiне күмәнданушылар табылғанын білеміз. Оған себеп – Ресей мемлекетінің өз аймағында «Восточный» ғарыш айлағының құрылысын бастауы. Осылайша аспанға алғаш жол салған әлемдегі ірі кешеннің жұмысы күрт төмендеуі мүмкін деген болжам жасалды. Алайда, даурықпа әңгімеге дауа болар жобалардан соң мәселе мәнісі ашыла түсті. Қазір «Байқоңырды» ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту қолға алынды. Айлақтан «Бәйтерек» жаңа зымыран кешенін салу көзделіп отыр. Бұл байыпты бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Еншілес екі мемлекет дамытудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап та кеткен.
Бүгінде «Байқоңырдан» салынатын «Бәйтерек» жаңа зымыран кешенін жедел іске асыру бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Себебі бұл айлақты сақтап қалу мен одан әрі өрістетуге жол ашады. Баспасөз туры барысында осы жоба¬ның жай-жапсары ¬таныстырылды. Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Данбаевтың айтуынша, жоба «Зенит-М» ҒЗК жер үсті ғарыштық инфрақұрылым объекті¬лерінің негізінде жүзеге асырылады. Бұл бойынша 2018 жылы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі АК-ның «Бәйтерек» БК» АҚ «Зенит-М» ҒЗК-ні пайдалануға алмақ. Осылайша кешен көкжиегі кеңейеді.
Маусым айында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин үкімет¬аралық комиссияның 5-ші отырысында бас қосқаны белгілі. Сол кездесуде де аталған кешенді салуды тездету және зымыранды ұшыру мерзімін 2025-жылдан 2022-жылға ауыстыру ұсынылған болатын. Талқылау нәтижесінде ұсыныс қабылданып, мерзім қысқартылды. ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов ендігі жұмыстың кезең-кезеңімен іске асатынын айтады.
– Айлаққа қатысты сан сауалдың туындағаны рас. Бірақ қос тараптың бірлескен жобалары бұл күмәнды ойды сейілтті. Кешенге серпін беретін шаралар басталды. Жаңадан салынатын «Бәйтерек» кешенінің ұшырылу аймағын Қазақстан тарапы ¬дайындайды. Ал зымыранды құрастыру Ресей жағы¬ның еншісінде. Одан бөлек осы ауқым¬ды жоба аясында Байқоңыр қаласын да жан-жақты дамыту жоспарға енген. Бұл жұмыстарды біз толықтай өз міндетімізге алып отырмыз, – дейді.
Осылайша жаңа кешен жүзеге асқан соң, «Байқоңырдың» екінші тынысы да ашылады. Бұл ғарыштық қуатты арттырады.
Қос елдің бірлескен бағдарламасында тек айлақты ғана емес, қаланы дамыту да көзделген. Жұлдызды қалада әлеуметтік мәселелер аз емес. Соңғы 10 шақты жылдың көлемінде мұнда бірде-бір тұрғын үй салынбаған екен. Сондай-ақ, тұрғындар қала маңына келіп тұрған газдың да игілігін көре алмай отыр. Одан бөлек жұмыс көздерін ашу мен жол салу, орталық алаңдарды жөндеу секілді мәселелер бар. Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин бұл қажеттіліктерді өтеу биылдан басталатынын айтады. Жыл соңына дейін 5 көпқабатты үйдің құрылысын қолға алу көзделіп отыр. Бұл облыстық бюджет есебінен жүргізілмек.
– Біз тұрғындарға сауалнама жүргі¬зіп, пікірлерін сұраймыз. Оларға ең алдымен не қажет екенін біліп отырамыз. Көбі халық демалатын орындарды жаңартуды сұрайды. Осыған байланысты кешенді жұмыс істеудеміз. Біздің бүгінгі мақсат – жұмыс көздерін көбейтіп, жеңіл өнеркәсіпке көңіл бөлу. Оны сауда орындарын салып, кәсіпкерлікке шақыру арқылы жүзеге асырамыз, – дейді ол.
Көгілдір отынға қосу да биылғы жылдың еншісінде. Байқоңыр қалалық әкімшілігі алғашқы кезектегі 6 нысанды әзірлеп қойған. Қараша айында газ беріледі. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы өз қамқорлығына алған 6 мектеп пен балабақша да көгілдір отынның игілігін көреді. Аурухана бойынша да жұмыстар жалғасуда.
Байқоңыр қаласына барған сапардан ұққанымыз жергілікті тұрғындарды тек ғарыш айлағына тәуелді етпей, экономиканы әртараптандыруға күш салу керектігі. Бүгінде ғарыштық бағдар¬ламалар азайған. Бұл тек бізге қатысты ғана емес, әлемдік құбылыс. Сондықтан өзге қаржы түсіретін көздерді қарастыру керек. Соның бір бағыты – туризм. Бүгінде «Байқоңыр» – бренд. Жаһан халқы алғашқы зымыран ұшқан айлақты көруге құмартады. Ұшқанын көзбен көруді қалайды. Мұражайын аралап, ғарыштық мұрамен танысқысы келеді. Оған сапар барысында өзіміз де куә болдық. Баспасөз туры «Союз МС-06» транспорттық басқарылатын кемесінің ұшырылуымен қорытындыланды. Зымырандық стартты тамашалауға келгендердің көбі дерлік шетелдіктер. Зымыранның аспандағы көрінісі мен ғарышкерлердің қозғалысы үлкен экраннан көрсетіліп тұрды. Орбитаға өтем дегенше тапжылмай тамашалады. Енді шетелдіктердің осы қызығушылығын орайын тауып олжаға айналдырсақ, ұтылмайтынымыз анық.
М.ҚҰРМАНӘЛІ,
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).