Қоғам араға уақыт салып өзгеріп тұрады, бір формациядан екінші формацияға өтіп тұрады, бұл – заңдылық. Тарихтың түкпіріне дендесек, адамзат тайпа-тайпа болып өмір сүрген кездің өзінде, әр тайпаның өзінің жазу таңбалары болғаны белгілі. Осы таңбалар арқылы олар бір-бірімен хат-хабар алмасып, өздерінің қай ұлысқа жататынын, қай жерді мекен ететінін айналасына білдіріп отырған.
Жер бетінде қанша мемлекет болса, солардың әрқайсысының тамырын тереңнен тартатын өзіндік жазу-сызу нұсқасы неше дәуірді басынан кеше отырып, бір жүйеге түскен. Белгілі бір тарихи-географиялық аймақты мекендейтін қауымның әліпбиі есте жоқ ескі заманда қалай пайда болған болса, дәл сол күйінде бүгінгі күнге жеткен деп айтуға тұратындай мысал саусақпен санарлық.
Қазіргі таңда әлемдік өрке¬ниет көшіне өз желкенін керіп бет түзеген Қазақстанның қолда¬ныстағы кириллицадан латын қарпіне көшуінің күнгейін емес, көлеңкелі жағын көргісі келіп жүргендердің ой-пікірлеріне үңіле отырып, өз ойымды білдіргім келеді.
Қоғамда пікір алуандығы қа¬шан да болған, бола да береді. Дегенмен, бұл ұмтылыстың тонын теріс айналдырып, керағар пікір айтушылар күн санап тұс-тұстан көбейіп тұр. Батыстың жалаңаштанған мәдениетін жатыр¬қамай, өретүрегеліп қарсы шық¬пай келген үлкенді-кішілі ағайынның түбірімізге оралу туралы бастаманы жан-жақтан көкпардай тартқылауы түсініксіз. Сананы улайтын бейәдеп фильм¬дерге, ашық-шашық киімдерге, жауыздықты, қатыгездікті насихаттайтын мультфильмдерге осылай белсенді түрде қасарысып қарсы шықсаңыздар, ұлтқа қызмет етудің бір үлгісі осындай-ақ болсын дер едім. Бірсыдырғы қалыппен өтіп жатқан ағымның бағытын бұратын уақыт келгенде, ол экономикалық бетбұрыс болсын, әлеуметтік бетбұрыс болсын, елді бір дүрліктірмей қоймайды. Әліпби ауыстыру мәселесі де оны жақтаушылар мен оған қарсы шығушылар арасындағы «қарусыз майдан» алаңына айналып отыр. Бірақ бір нәрсеге назар аудару керек, негізін Кирилл мен Мефодий қалаған славян жазуының кириллицасы да біздің төл әліпбиіміз емес.
«Латын әліпбиіне көшсек, тіліміз де Рим папасы мен дінбасы тұратын мекеннің халқы ғана сөйлейтін латын тіліне кірігіп кетеді» деп негізсіз үрей тудырып жүргендер Қазақстанды Латын Америкасымен салыстырып жүрген сияқты. Басын ашып айтайық – өзгерейін деп жатқан тіл емес, әліпби. Сайын даланы мекен еткен қазақтың сол кең жазира даласының табиғатымен үндес қоңыр да әуезді үні латын қарпімен таңбаланған қазақ тіліндегі дыбыс¬тарда ешқандай ассимиляцияға ұшырамайды, бұл – тіл білімі саласындағы ғалымдардың байламы. Көркем де шұрайлы, бай қазақ тілі – Мәңгілік Елмен мәңгі жасай бермек.
XX ғасырдың басында қазақ¬тың ұлт зиялылары бұқара халыққа әдебиет, мәдениет және өнер саласындағы шығармаларын ең алғаш латын қарпінде ұсын¬ған болатын. Елбасымыз «Қазақ¬станның алтын ғасыры» деп ат берген XXI ғасырда жаңа тұрпатта дамумен қатар ұлттық сананы қалыптастыруда бір кездері көш басында болған сол латын қарпіне қайта оралып жатырмыз.
Сөзімізді түйіндесек, «Аққу – аспанға, шортан – көлге, бақа бат¬паққа тартадының» кебін кимей, еліміздің өсіп-өркендеуі, дамуы жолындағы қадамын байыппен зерделеп, өзге үшін емес, өзіміз үшін жасалып жатқан игілікті бастаманы жатырқамай, астарынан шөп-шалам іздемей қабылдайық. Ал, дер кезінде, дұрыс бағытқа бет бұрғанымызды уақыт өзі дәлелдейді.
Нұрсәуле МҰСАЕВА,
тілдерді оқыту орталығының директоры.