«АРАЛТҰЗ» ӨНІМІ – ӘЗЕРБАЙЖАНҒА

Арал тұзының алғашқы вагоны Әзербайжанға жөнелтілді. Бұл туралы 11-14 қыркүйек аралығында Ресей астанасында өтіп жатқан «World Food Moscow» 26-шы халықаралық мамандандырылған көрмесінде компанияны таныстырған «Аралтұз» АҚ-ның маркетинг және тарату жөніндегі вице-президенті Евгений Король хабарлады.  
Бүгінде кәсіпорын Ресейдің тұз нарығының 13 пайызын жеңіп алған. Одан бөлек, өнімдерді Қырғызстанға жөнелтуді де көздеп отыр. «Аралтұз» АҚ-ның вице-президенті Евгений Король болашақта нарықты кеңейтіп, Қытай мен Шығыс Еуропа елдеріне шығуды жоспарлап отырғанын айтады.
Сонымен қатар, «Аралтұз» АҚ металлургия, химия, өнеркәсіптің өзге де салаларында сұранысқа ие кальцийлендірілген сода өндірісін іске қосуды көздеп отыр. Зауыттың жылдық қуаты 300 мың тонна өнімді құрайды. Бұл республикада кальцийлендірілген сода шығаратын жалғыз зауыт болмақ, әрі еліміздегі сұраныстың 75 пайызын қанағаттандырады. Бүгінде кальцийлендірілген сода нарығының 100 пайызын  импорттық өнімдер құрайды.
«Аралтұз» АҚ  йодталған ас және техникалық тұз шығаратын қазақстандық ірі кәсіпорын. Мұнда 1200-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жұмсақ және қатты қаптамалардағы ас тұзын, сондай-ақ мал азығына және техникалық қажеттіліктерге арналған түрлерін шыға¬рады.
Айта кетейік, Мәскеуде өтіп жатқан «World Food Moscow 2017» халықаралық азық-түлік жәрмеңкесіне әлемнің 64 елінен  1500-ден астам ресейлік және шетелдік азық-түлік өнімдері мен сусындарын жеткізуші компаниялар қатысуда. «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ жәрмеңкеде  Қазақстанның ұлт¬тық бұрышын таныстырып,  жеті бірдей отандық өндіруші-компаниялардың өнім¬дерін ұсынды.

М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қыркүйек 2017 г. 537 0