Бүгінгі таңда Қызылордада құрылыс жұмыстары қарқын алғаны белгілі. Әсіресе, Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан ғимараттар кімді де болса елең еткізбей қоймайды. Бейсенбі күні Елордаға қарап бой түзеп келе жатқан сол жағалауда журналистерге арнап бапасөз туры өткізілді.
Дарияның арғы бетіндегі құрылыс жұмыстарын көруге өз басым осымен екінші рет барып тұрмын. Өткен жолы келгенде кірпіші енді қаланып жатқан балабақшаның шатыры жабылу үстінде екен. Тіпті, бірнеше жерде бой көтеретін ғимараттардың іргетасы ғана бар еді. Бұл жолғы көргеніміз мүлде басқа көрініс. Халыққа қызмет көрсету орталығының жанындағы көпірге мінгеннен ауыр жүк¬терді көтеруге арналған мұнаралы крандар мен мұндалап тұр. Әзір асфальт салынбаған жолдың шаңын аспанға көтере жүрген жүк көліктері қажетті құрылыс заттарын тасуда. Бірнеше жерде көпқабатты үйлердің төбесі көрініп қалыпты. Тіпті, кейбіреуі төртінші қаба¬ты¬на дейін өрілген.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкіл¬дерін күтіп алған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Сұлтанбай Қонар¬баев бұл аймаққа салынатын нысандарға тоқталды.
– Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 шілдедегі №1087 қаулысымен бекітілген Қызылорда қаласының бас жоспары негізінде қарастырылған. Оған сәйкес 2013-2014 жылдары инженерлік геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргі¬зілді. Нәтижесінде 1532 гектар аумақтың жоспарлау жобасы әзірленді. Сол жағалау он бес ауданнан тұратын болады. Оның он бірі тұрғындарға арналса, біреуі индустриялық аймақ та, қалған үшеуі парк пен бульварлар болып табылады, – деді ол өз сөзінде.
Журналистер үстеріне құрылысшылардың киімін киіп, Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражайы ғимаратын салуға өз үлестерін қосты. Бірі лай тасыса, бірі кірпіш қалады. Осылайша, қолдарына қалам мен микрофон ұстап, фотоаппаратын асынып, бейнекамерасын арқалап жүретін журналистер қауымы әп-сәтте кәдуілгі құрылысшыға айналып шыға келді. Осындай қарбалас тірліктің арасында жүріп, құрылысшыларды да әңгімеге тарттық.
– Құрылыс жұмыстарын «Промстрой¬сервис-Е» ЖШС жүргізуде. Нысан басында 35 құрылысшы жұмыс жасайды. Қазір кірпіш өру жұмыстары жүруде, – деді учаске бастығы А.Аман¬баев.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, 2018 жылы рес¬публикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп салу да жоспарда бар екен. Алдағы уақытта осы аумақтан Жастар орталығы, Неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы бой көтермек.
Қаламды құрылысшының қалағына айырбастаған біз шамамыз келгенше кір¬піш қалау жұмыстарымен айналыстық. Әзірге Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражайын толық соғып тастамасақ та, құрылысшының бір күнгі өмірі қалай өтетінін ұғындық.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).