Әділ Ахметов «ө», «ә», «ү» әріптерінің латын нұсқасын апострофпен жазуды ұсынды

Қазақ тіліндегі латын әліпбиінде «ө», «ә», «ү» әріптері қос әріппен берілген. Ол интернетте қызу талқыланып, үлкен түсінбеушілікті тудыруда. Сондықтан аталған әріптерді апострофпен жазуға болады. Бұл туралы ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысында Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі Әділ Ахметов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біздің азаматтар ағылшын тілінде апострофты диакритикалық таңба деп ойлайды. Бұл ұғым мүлде қате. Ол клавиатурада жеке таңба ретінде тұр. Мысалы, «ө», «ә», «ү» әріптері қазіргі латын әліпбиінде қос әріппен берілген. Бұл, әрине интернетте талқыланып, үлкен түсінбеушілік тудыруда. Оған көз жұма қараудың қажеті жоқ. Бірақ біз латын әліпбиіне бұрын да көшкенбіз. Біз осыған қайта оралудамыз», - дейді ғалым.

Осы орайда лингвист ғалым аталған мәселені шешудің жолын ұсынды. «Қазақтың бірінші дипломаты Нәзір Төреқұлов латын әліпбиіндегі өз нұсқасын ұсынған. Ол онда апострофты, яғни дауысты дыбыстарды жіңішкертудегі бірігей таңбасы ретінде ұсынған. Екі әріпті жаздың не, апострофты қойдың не? Бұл апостроф диакритикалық белгі емес. Ол – таңба. Кәдімгі латынның бір ресурсы, мүмкіндігі. Сондықтан оны дикритикалық белгі дейтін болсақ, қателесеміз. Мен мұны, ағылшын, орыс, қазақ тілдерін жете білетін азамат және лингвисткалық маман ретінде айтып отырмын», - деді ғалым.

Оның айтуынша, «ө», «ә», «ү» әріптерін апострофпен жазуға болады.

«Мен бұл туралы бұрыннан айтып жүрмін. Өйткені, екі әріпті қойдың не, апострофты қойдың не? Бір оқпен үш қоянды атып аласың. Мысалы, «ae», «oe», «ue» дегендерді айналып өтуге болады», - деді ол.

Сонымен қатар лингвист латын әліпбиін жасауда «у» әрпінің ерекшеліктерін ескеру қажеттігін айтты. «Содан кейін тағы бір мәселеге назар аудару керек. Қазақ тілінде «у» деген таңба кейде дауысты, кейде дауыссыз», - дейді Әділ Ахметов.

Айта кетейік, ҚР Парламент Мәжілісінде өткен қоғамдық тыңдауда латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы таныстырылған. Қазіргі қазақ тілінің жаңа әліпби жобасы 25 таңбалы алфавиттен бөлек 8 диграфтан тұрады.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қыркүйек 2017 г. 1 047 0