Облыс бойынша бүгінгі таңда әлеуметтік төлем алушылар саны – 271.2 мың адам болса, оларға жыл басынан төленген әлеуметтік төлем –44,4 млрд теңгені құрады. «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыс көлемінде төлем алушылардың, оның ішінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерін 9 пайызға және базалық зейнетақы мен жәрдемақының барлық төлемдерінің түрлерін 7 пайызға көбейту жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Лиман Боранбаева БАҚ өкілдеріне айтып берді.
Оның айтуынша есепті мерзімде тағайындалған төлемдер саны - 55909, оның ішінде жаңадан тағайындалғаны- 32896, қайта қаралғаны – 23013. Журналистер брифингте сондай-ақ Елбасының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаҺандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағы 11 пайызға, базалық зейнетақы төлемі 13 пайызға арттырылып, 2016 жылдың деңгейіне сәйкес 20 пайызға ұлғайтылатыны туралы естіп білді. Соған сәйкес, облыс көлемінде 139 мыңнан аса төлем алушылардың зейнетақы мөлшерлері қайта қаралды.(69,1мың- зейнетақы, 69,9 мыңнан астам базалық зейнетақы). 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақының жоғарғы мөлшері (базалық зейнетақымен қоса есептегенде) 2016 жылғы 77 186 теңгеден 92 747 теңгеге, зейнетақының ең төменгі мөлшері (базалық зейнетақыны қоса есептегенде) 37 789 теңгеден 45 711 теңгеге, ал орташа мөлшері (базалық зейнетақымен қоса есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге артқан.
Сонымен бірге, бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан 7 пайызға, ал 2017 жылғы 1 шілдеден тағы 20 пайызға арттырылды, нәтижесінде 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда жәрдемақының мөлшері 27 пайызға ұлғайтылып отыр. (2016 жылы 1,2,3- балаға - 66 621 теңге, 2017 жылғы 1 шілдеде 86 222 теңге. Ал, 2016ж. 4 және одан көп балаға- 111 035 теңге, 2017 жылғы 1 шілдеде 142 947 теңге).
Л.Боранбаева ақпарат құралдары өкілдеріне 2017 жылдың 8 айлық есебінің қорытындысына сәйкес алғашқы мүгедектікке шығу көрсеткішінің төмендеуі байқалғанын жеткізді. Бұл көрсеткіш 2016жылы 1609, 2017жылы 1603 болған еді. Алғашқы рет мүгедек болып танылған 1122 ересек адамдар ішінде 87,6 пайызы (983 адам) жұмысқа жарамды жастағы, ал 12,4 пайызы (139 адам) зейнеткерлер құрайды. Есепті кезеңде ересектер арасында алғашқы мүгедектікке шығудың аурулар құрылымы өзгермеген, Бірінші орында–қан айналу жүйесі, екінші орында–қатерлі ісіктер, үшінші орында–туберкулез, төртінші орында–жарақаттар салдарынан шыққандар. Сонымен қатар, балалар арасында алғашқы мүгедектікке шығудың негізгі себептері: бірінші орында туа біткен кемістіктер аурулары, екінші орында нерв жүйесінің аурулары, үшінші орында сүйек буын жүйесінің аурулары, төртінші орында жүйке жүйесінің бұзылуынан шыққандар құрайды.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне» байланысты 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізілетіні туралы хабардар болды Осыған орай, бүгінгі күні түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.