Жаңа әліпби - лингвистикалық егемендіктің белгісі

Қай қоғамда, қай елде болмасын əліпби жасау немесе оны ауыстыру - бұл жалпыхалықтық, оның ішінде алдымен ұлттық мəселе. Сондықтан ол - саяси, мəдени, лингвистикалық, əлеуметтік, экономикалық т.б. жақтан ойланып, толғанып шешетін маңызды əрі күрделі проблема. 
Олай дейтін себебіміз ол біріншіден, мемлекеттің тіл саясатының бағытын танытса, екіншіден, төл əліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мəдени құндылығын, бет-бейнесін көрсетеді. Үшіншіден, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сəйкес емле ережелерін жасауға икемді əліпби жасау лингвистикалық біліктілікті көрсетеді. Төртіншіден, таңдалып алынған əліпбиді қоғам санасы дұрыс қабылдап, тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алуы, тіл тұтынушылардың сол тілді еркін меңгеруіне ықпал етуі, тілдік бөгетті жеңе алуы мəселенің əлеуметтік лингвистикалық қырын танытады. Бесіншіден, əліпби ауыстыру - бұл əрі тілдік реформа жүргізу деген сөз. Ал тілдік реформаның басқа реформалардан айырмашылығы - ол сол тілді тұтынушы халықтың əрбір мүшесіне дейін қамтитындығында. Сондықтан əліпби ауыстыру ұлттық жаңғырудың бастамасы, еліміздің лингвистикалық егемендігінің белгісі деп санаймын.
Латын əліпбиін таңдауымыздың себебі не? Қарап отырсақ, кирилл əліпбиінің иесі - орыстар, армян жазуының иесі - армяндар, иероглиф - қытайдікі, араф жазуы - арабтікі, ал латын əліпбиі барлық тілдерге ортақ. Өйткені латын тілі - жазуда ғана қолданылатын өлі тіл. Сондықтан оны ағылшын да, француз да, неміс те, өзбек пен түріктер де пайдаланады. Латын əліпбиі сондай-ақ ғылым мен техникада кеңінен қолданылады. Демек латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау - заман талабы, уақыт сұранысы. 
Əліпби ауыстыру - өз тілімізді ұмытып басқа тілге (латын тіліне) көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысына сай ету. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми техникалық прогреске икемді тіл ету. Жаңа əліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мəселе емес. Ол арнайы бекітілгеннен кейін өзіндік емле ережелері жасалып, кезең-кезеңімен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жаңа əліпбиді игере алмаймыз деп қорқудың, дабыра қылудың еш қисыны жоқ. Қайта ана тілімізді əлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсы жаңалыққа үн қосып қолдау білдірейік.


Аман АБАСИЛОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қыркүйек 2017 г. 1 302 0