«Бәйтерек» зымыран-ғарыштық кешені «Зенит» инфрақұрылымдық кешен аумағына салынады. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі нысандағы құрылыс жұмыстарын жеделдетудің «Жол картасын» әзірлеу үстінде. Келер жылдың күзіне дейін толық техника-экономикалық негіздемесі дайын болады.
Біріккен жоба аясында Ресей тарапы жүк көтергіштігі 17 тонна болатын «Союз-5» зымыран-тасығышын құрастырып шығарады. Ал Қазақстан «Зенит-М» ұшыру және техникалық кешенін жаңғыртумен айналысады. Ғаламат жобаның жүзеге асырылуы Қазақстанның ғарыштық ұшырулар жүргізуіне мүмкіндік береді. «Бәйтерек» кешенінде алғашқы зымыран 2022-жылы көк сеңгірді бетке алады деп жоспарланып отыр. Бұл шешім Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысында мақұлданған болатын. Ғалымжан Данбаев, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі: – Ресейлік тарап «Союз-5» зымыран-тасығышын құрастыруды өз міндетіне алып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Ресей мемлекеті 500 млн доллар жұмсауды көздеп отыр. Қазақстандық тарап «Бәйтерек» кешеніндегі инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізеді. Оның құны 245 млн доллар шамасында болады.