Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 61-ші қадамында ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту, шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау міндеттері алға қойылған.
Облыс буферлік аймақтан шыққалы бері ет экспорттау сәтті жүзеге асырылып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен облыстар бойынша индикативтік жоспарына сәйкес ағымдағы жылы Сыр елі 100 тонна сиыр және 25 тонна қой етін экспортқа шығаруды жоспарлаған болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Бақыт Жаханов осы шаралардың қалай жүзеге асып жатқанын әңгімелеп берді.
– Бұл бағытта тамыз айында Қызылорда қаласына қарасты «Күшімбаев Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі Иран елінің «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясына тірілей салмағы 26,5 мың тоннаны құрайтын алғашқы 812 бас қозыны экспортқа шығарды. Сондай-ақ, Жамбыл облысы арқылы Біріккен Араб Эмиратына барлығы 1132 бас қой («Ынтымақ» ШҚ – 313 бас, «Ақсеңгір» ШҚ – 377 бас, «Бақытжан» ШҚ – 442 бас) сыртқа жіберілді, – деді.
Экспортқа алдымен қой еті шығарылуына байланысты бүгінде Сырдария ауданында 10 мың бас аналық қой өсіріп, жылына 250 тонна ет өндіретін мал шаруашылығы кешенінің құрылысы аяқталды. Алдағы уақытта аналық мал басын көбейту және экспортқа шығару мәселесі де пысықталатын болады.
– Жылқы етін экспорттау мақсатында облыста арнайы сервистік дайындау орталығын құрып, ет экспорттау логистикасын зерттеп, келер жылы Шығыс Еуропа елдеріне жіберу жоспарлануда. Осыған байланысты «Танқаман» ЖШС-ін Еуроодаққа жылқы етін экспорттайтын кәсіпорындар реестріне енгізіліп, еурокод алу жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта осы кәсіпорын негізінде сервистік дайындау орталығын құру жұмыстары жүргізілетін болады, – деді басқарма басшысы Бақыт Жаханов.
Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру және экспортқа шығару бағытында да үлкен жұмыстар қолға алынған.
Мәселен, күріш өндірісін дамыту және экспорт көлемін арттыру бағытында күріш жармасын сұранысы жоғары қымбат нарықтарға шығару бағытында Қытай мемлекетімен келісімдер жасалуда. Ал, Иран Ислам Республикасымен облыс шаруашылықтары тығыз байланыс орнатқан. Атап айтсақ, сұранысы жоғары «Торем Хошеми» сортын өндіруді «Ақтөбе и К» ЖШС 70 гектар жерге егінді, ал «Сыр маржаны» шаруашылығы сұрыпты сынамадан өткізу үшін 1 гектарға егіп, жақсы нәтиже көрсеткен жағдайда жалпы қолданысқа енгізуді жоспарлауда. Биыл Иран нарығына Сыр елінен 60 тонна Торем Хошеми сортын жіберу көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай ирандық күріш сорттарының егіс көлемін 5 мың гектарға ұлғайтып, Парсы еліне 8 мың тонна өнім өткізу жоспарда тұр.
Жыл сайын көрші мемлекеттерге көкөніс, бақша өнімдерінің 2000 тоннасы жөнелтіліп жатыр. Бұл бағытта Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының мәліметіне сәйкес 5023 тонна бақша, көкөніс өнімдері фитосанитарлық және карантиндік сертификатпен экспортқа шығаруға жатқызылған. Оның ішінде Жалағаш ауданында «Магро» фермерлік шаруашылығы 100 гектар жерге бақша дақылын егіп, Ресейге 500 тонна қауын шығарды. Осы елдің «Магнит» сауда желісі арқылы 100 тонна көкөніс өткізу жөнінде келісім-шарт жасалып, бүгінге дейін 16 тонна тәтті бұрышты жеткізілді.
Жалпы облыс бойынша 49,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда 55,5%-ға немесе 17,7 мың тоннаға артқан. Сала мамандары экспорт әлеуеті күшейіп, жыл санап сыртқа шығарар өнімдер көлемі артқанын атап өтуде.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.