Латын әліпбиі - интернетті игеруді жеңілдетеді

Бүгін Алматы қалалық Қоғамдық кеңесі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі туралы жиын өткізді. Отырыста кеңес мүшелері аталған жаңалыққа қатысты өз пікірлерін білдірді. Қоғам қайраткері, жазушы Бекнұр Қисықовтың айтуынша, латын қарпіне көшкенде ең алдымен заманауи модельді таңдауымыз керек. 
«Әлемде 2,5 млрд адам ағылшын тілінде сөйлейді. Ағылшын тілінде 26 әріп бар, онда транскрипция көп рөл ойнайды. Бұл болашақтың талабы. Онсыз даму жоқ. Сондықтан бізге де латын әліпбиінің  qwerty версиясына көшу керек. Өйткені қазір әлемде интернет базасы үлкен рөл ойнайды. Интернеттегі барлық кодтар, хостингтер барлығы латын қарпімен белгіленеді. Әлем қазір интернетпен өмір сүріп жатыр», - деді Б.Қисықов. 
Филолог маман Парламент тыңдауында ұсынылған латын әліпбиінің нұсқасын әлі де зерттей түсу керек деп санайды. «Диакритика, диграф арқылы латын қарпіне көшу қиын болады. Өйткені немістердің өзі әліпбиін қалыптастыруға 100 жыл уақыт жіберген. Бұл біз үшін өте ұзақ уақыт», - деді Б.Қисықов.  Оның айтуынша, латын әліпбиі дүниежүзіндегі 5 млн астам қазақтың бірігуіне ықпал етеді. «Сырттағы 5 млн қазағымыз, төте жазуды қолданатын Қытайдағы қандастарымызды қоспағанда латын әліпбиін пайдаланады. Латын әліпбиі - дүниежүзі қазақтарының интеграцияланып, қарым-қатынасын күшейтетін фактор», - деді ол. 
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Парламент тыңдауында қазақ тілінің латын графикасындағы әліпби жобасы ұсынылған болатын.  
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қыркүйек 2017 г. 1 045 0