« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Тақтайдай тегіс жолдармен заулап келемін. Өзім отырған көліктің орындығына шірене қисайып, айналама қарап қоямын. Қос жолақты, қос тарапты тегіс те кең жолдар кімді де болса барар жеріне тез жеткізеді. Оның үстіне анық салынған жол белгілері жұртқа айқын көрінеді. Бағдаршамнан бөлек жолдағы қозғалысты реттеу үшін полиция қызметкерлері де барын салып жүр. Осы көрініске көз тігіп, мұның барлығы халықтың қауіпсіздігі үшін жасалғанын ұғындық.
Теп-тегіс болып жалтырап жатқан жол кімді де болса сүйсіндірмей қоймайды. Қала көшелерімен келе жатсаң небір ғажайыптарды көресің. Алдыңнан кездескен тас мүсіндер талай ойға жетелері анық. Ал, жолдың қос қапталын жағалай егілген гүлдер мен түрлі-түсті етіп тастан әдіптелген оюлар тіпті керемет. Жол бойында орналасқан шырақ-шамдар арқылы түннің өзі күндіздей көрінеді.
Иә, бұл – бүгінгі Қызылордадағы жақсарған жолдың жарқын көрінісі. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, аймақта жергілікті және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 2338,8 шақырымды құрайды екен. Үстіміздегі жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелерді жөндеп, инфрақұрылымын дамытуға 8,9 млрд теңге бөлінді.
Ағымдағы жылдың 6 айында 28 шақырым жол мен көше жөндеуден өткізіліп, 2 көпір пайдаланылуға берілді. Тамыз айында жаңа автобус паркі жұмысын бастады. Ол қала көлемінде жолаушылар тасымалымен айналысатын үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңымен жабдықталған.
Жыл басынан бері әңгіме арқауына айналған тегіс жолмен 207 миллионнан аса жолаушы тасымалданыпты.
– Қазір еліміздің қай түкпіріне болса да баруға болады. Тек астыңдағы машинаңды сайлап алсаң болғаны. Өзім Қызылорда мен Шиелінің арасында көлік жүргізіп, жолаушылар тасымалдаймын. Құдайға шүкір, жол жақсы, – дейді Мақсат Пернебеков есімді азамат.
Сыр елінде автожолдан бөлек әуе және теміржол қатынасы да бір ізге қойылған. Бүгінгі күні «Қорқыт ата» әуежайы арқылы аптасына 30 тұрақты рейс орындалады. Биылғы жылдың 8 айында 70 мыңнан аса жолаушы әуежай арқылы діттеген жерлеріне барған.
Теміржол саласында да ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар жеткілікті. Бүгінгі таңда облыс аумағынан 18 жұп жолаушылар пойызы, оның ішінде мемлекетаралық бағыттағы 6 жұп пойызы өтеді. Облысымыздан өтетін магистральдық теміржол желісінің ұзындығы 1055 шақырымды құрайды. Биылғы жылдың шілде айында «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» бағытындағы жаңа пойыз жолға шықты. Екі вагоннан тұратын пойыз аптасына бес рет қатынайды. Ол оңтүстік бағыттағы аудан орталықтары мен стансаларына, бекеттеріне тоқтайды. Оның жүру бағытына Белкөл, Бірқазан, Сұлутөбе, Тартоғай, Бәйгеқұм, Шиелі, Төменарық, Жаңақорған, Аққұм, Талап, Бесарық, Түркістан сынды елді мекендер кірген. Мақаланы жазу барысында біз аталған пойызға мінген жолаушылардың бірімен әңгімелескен едік.
– Өзім бұл пойызға осымен екінші рет мініп отырмын. Әр жолғы сапар сайын есіме баяғы студент кезім түседі. Ол кезде «Тоқылдақ» аталып кеткен осындай пойыз бар еді. Бір жағынан осындай қызығы болса, екінші жағынан қажетті жеріңе барасың, – деді Хамит Төлбаев бізбен әңгімесінде.
Сыр өңірінің барлық аймағы тас жол мен теміржолдың бойында орналасқан. Облысымыздың қай ауданына барсаңыз да осы жолдарды пайдалана аласыз. Жол – экономиканың күре тамыры. Оның үстіне, Сырдария өзені аймағымыздың ырзығын арттырып тұр. Дария суын пайдаланған диқандар елді астықпен қамтуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы арқылы облыс аумағындағы жол қатынасы бұрынғыдан да жақсара түсті. Оған әуе және теміржол қатынастарын қосыңыз. Осыған қарап-ақ Қызылорданы тоғыз жолдың торабында орналасқан аймақ деуге болады.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |