ЕГІНЖАЙДАН ЕСКЕН ЛЕП

Облыста күн санап күріш орағы қарқын алып келеді. Егін жинуады қысқа мерзімде өткеруге шаруашылықтардың техникалық әлеуеті жеткілікті.
– Биыл облыста мол күріш егілді. Оның жалпы көлемі 90,9 мың гектардан асады. Шаруашылықтар вегетация кезінде егілген дақылдарын агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптауды қамтамасыз етті. Қазіргі таңда техника, адам күші, жанар-жағармай толық жеткілікті. Күріштің негізгі қорегі судан тапшылық көрмей, күріш орағына жан-жақты дайындық жасалды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов.
Ағымдағы жылы күріш егісінің 67,2 мың гектары арам шөптерге қарсы өңделсе, 70,2 мың гектары тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілген. Ораққа түскен күріш егісінің 76,7 мың гектары (84,3%) «жақсы», 11,1 мың гектары (12,2%) «орташа», 3,2 мың гектары (3,5%) «қанағаттанарлық» деп бағаланып отыр.
Бүгінгі күнге дейін күріштің 29214 гектары (32,1%) орылып, 21919 гектары (24,1%) бастырылып, 98104 тоннасы қоймаға жиналды. Күріш дақылының әзірге орташа өнімі 45 центнерге жуықтайды.
Облыс бойынша астық жинау науқанына 1830 дана трактор, 838 дана комбайн, 456 жатка, 394 дана тасымал көлігі және 905 дана трактор тіркемесі қатысуда.
Биылғы жылғы күзгі дала жұмыстарына бөлінген арзандатылған дизель отынының көлемі 16 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта қажетті дизель отыны шаруашылықтарға таратылды.
Адал кәсіппен нәсіп терген сырбойылық диқандар алты ай жазғы жанқияр еңбектерін баянды етуге біркісідей жұмылуда. Шаруалардың ең басты ұстанымдары – Сыр салысын дер кезінде ысырапсыз жинап алып, биік дәрежеден көрінуге аянбай тер төгу.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қыркүйек 2017 г. 555 0