Қай қоғамда, қай елде болмасын әліпби жасау немесе оны ауыстыру – бұл жалпыхалықтық, оның ішінде алдымен ұлттық мәселе. Сондықтан ол – саяси, мәдени, лингвистикалық, әлеуметтік, экономикалық, т.б. жақтан ойланып, толғанып шешетін маңызды әрі күрделі проблема. Олай дейтін себебіміз, ол біріншіден, мемлекеттің тіл саясатының бағытын танытса, екіншіден, төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, бет-бейнесін көрсетеді. Үшіншіден, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сәйкес емле ережелерін жасауға икемді әліпби жасау лингвистикалық біліктілікті көрсетеді. Төртіншіден, таңдалып алынған әліпбиді қоғам санасы дұрыс қабылдап, тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алуы, тіл тұтынушылардың сол тілді еркін меңгеруіне ықпал етуі, тілдік бөгетті жеңе алуы мәселенің әлеуметтік лингвистикалық қырын танытады. Бесіншіден, әліпби ауыстыру – бұл әрі тілдік реформа жүргізу деген сөз. Ал тілдік реформаның басқа реформалардан айырмашылығы – ол сол тілді тұтынушы халықтың әрбір мүшесіне дейін қамтитындығында. Сондықтан әліпби ауыстыру ұлттық жаңғырудың бастамасы, еліміздің лингвистикалық егемендігінің белгісі деп санаймыз.
Елбасы бастамашы болып, тіл мамандары ғылыми негіздемесін жасаған, Парламентте талқыланған тіліміздің төл табиғатына сай жасалған қазақ жазуы, жаңа қазақ әліпбиі құтты болсын. Тіліміздің дамып, өркендеуіне қызмет етсін.
филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры.