УАҚЫТ ТАЛАБЫМЕН ҮНДЕСЕДІ

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап латын әріптеріне көшу мәселесі көтеріліп, қоғам талқысына түсіп келеді. Бұл мәселе төңірегінде 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген еді.
Елімізде ХХ ғасырдың өзінде 2-3 рет әліпби ауысты. Осы және көрші мемлекеттердің тәжірибесін ескерген біздің әліпбидің нұсқасы, өте ыңғайлы, әрі үйренуге жеңіл. Ендігі кезекте мұны жүйелі түрде іске асыратын болсақ, халқымыз ұтылмайды. Керісінше, бірігу мен тұтастанудың негізіне айналады.
Латын әрпіне көшу – бүкіл ұлтты бір күнде, бір партаға отырғыза алатын жағдай, яғни, бәріміз қайта жазып, қайта оқуды үйренеміз. Сол арқылы тілді білмеген азаматтардың өзі де қатарға қосылып, тіл үйренеді.
Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Әлем халқының жартысынан астамы латын әліпбиін қолданады. Мұның артықшылықтарына келетін болсақ, тілдік ерекшелігімізді сақтаймыз, әлемдік интеграцияға еніп, ақпарат алу мүмкіндігіміз кеңейеді. Ғылым, білім саласында озық жетістіктерді игеріп, ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуға мүмкіндігіміз артады. Сонымен қатар, түрік әлеміне жақындай түсеміз.
Бүгінде латын әріптеріне көшу, уақыт талабынан туындаған Елбасымыздың көреген шешімі деп білеміз. Ең бастысы, қазақ тілін қайта жаңғыртуға жағдай туғызады.

К.ДАДАШЕВ,
өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қыркүйек 2017 г. 519 0