ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу» мәселелері жөнінде тыңдау болып өтті. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулин бастап, бірқатар министрлер, тіл мәселесін терең зерттеп жүрген ғалымдар, Мәжіліс депутаттары өз тарапынан ой-пікірлерін білдірді.
Айталық, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулин мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру бүгін ғана туындаған кездейсоқ мәселе емес, көп жылдардан бері толғағы жетіп, заман талабына орай уақыттың өзі алға тартып отырған ауқымды бастама екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда латын графикасы ғылым саласы, шығармашылық және ақпараттық кеңістікте кең қолданысқа ие. Сондықтан мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі біздің тарихи таңдауымыз,–деді Мәжіліс төрағасы.
Расында, аталған мәселе еліміздің келешегіне бағытталған кешенді жоба. Атап айтқанда, білім-ғылым саласында түбегейлі өзгерістер орын алатыны сөзсіз. Әлемге танылған әліпбиді жаңартып, қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа стандарты бойынша оқулықтар әзірлеп, қолданысқа енгізу жұмыстарының оңайға соқпасы анық. Дегенмен, бұл бастаманың нәтижесінде болашақ ұрпақ осынау ғылыми прогрестің шарықтаған шағында ақпараттық технологияның жаңа мүмкіндігін жан-жақты игеретін болады. Жалпы алғанда, бұл бастама еліміздің рухани жаңғыру бағытындағы ең басты саяси, әлеуметтік маңызды қадам болмақ.
Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.