Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын еліміздің келешегіне бағытталған кешенді бағдарлама, кемел шешім деп ойлаймын. Өйткені онда ұлттық болмысымызды, сан ғасырлық тарихымызда сағы сынбаған адами, рухани құндылықтарымызды қаз-қалпында сақтап қалудың жайы жан-жақты баяндалған.
Сондай-ақ, филология саласының маманы ретінде осы мақаладағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі менің ойымнан шықты. Расында, бұл – бүгінгі заман талабы. Себебі, латын графикасы ғылым мен техниканың, ақпарат ағынының жаңа мүмкіндігіне айналып отыр. Әлбетте, бұл байыпты бастама кешелі-бүгін көтерілген мәселе емес. ҚР Президент жанындағы Ұлттық комиссия бұл бастаманы барынша зерттеп, зерделеді. Кешегі өткен Парламенттік тыңдауда еліміздің белгілі ғалымдары, тіл мамандары, қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары өз тарапынан пікірлерін білдіріп, тарихи таңдаудың келешегіне зор сенім артты.
ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин өз сөзінде мемлекеттік тілдің латын графикасына негізделген бірыңғай стандарты қазақ әліпбиін және емле ережелерін реформалауға бағытталғанын, осының аясында фонетика мен графика арасындағы сәйкестікті орнатуға мүмкіндік беретінін атап айтты. Мен бұл пікірге толықтай қосыламын. Яғни, мұнда қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері қаз-қалпында сақталатын болады. Бір сөзбен айтқанда, байыпты бастаманың болашағы зор.
Жеңіс СӘДУАҚАСҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.