Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Кеше осындай тақырыппен мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелерін талқылау мақсатында идеологиялық актив жиналысы өтті.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, облыстық мәслихат депутаттары, филолог-ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер, білім беру саласының мамандары, үкіметтік емес және жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Басқосуға қатысушылар қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ латын әліпбиінің жаһандық технология мен әлемдік ақпараттың тілі екендігі, тіпті техниканың тілі де осы латынша жазылатындығы айтылды. Латын әліпбиіне көшу стратегиялық маңызға ие. Әлемдегі ең дамыған ғылыми және әдеби туындылар осы әріптермен жазылатындықтан, жаһандық өркениетке жақындауға зор ықпал етеді. Осы бұлтартпас тұжырымды аймақтағы зиялы қауым өкілдері де қуаттап отыр.
Латын әліпбиінің жобасын Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың әдістемелік орталығының ғалымдары әзірлеген жаңа алфавитте барлығы 25 таңба болады, қосымша 8 диаграф қолданысқа енгізіледі. Оны дайындауда ғалымдар, сарапшылар шетелдік тәжірибелерге қарап, осы жобаны дайындаған. Яғни, қазіргі қазақ тіліндегі кириллица алфавитіндегі қолданбайтын әріптерді алып тастаймыз. Қазақтың фонетикасына сәйкестендіреміз. Бұл тіліміздің әрі қарай жаңғыруына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Латын қарпіне көшу – үлкен мүмкіндік. Зор жауапкершілік жүктеледі, – деп жаңа әліпбиге зиялық қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді.