МЕМЛЕКЕТ МЕРЕЙІН ТАСЫТҚАН МӘРТЕБЕ

Үш айға созылған халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі өткен жексенбіде мәресіне жетті. Бұл – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы жөнінен әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық ауқымды шара. Бірегей көрме мемлекетіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, ұлтымыздың ұлылығын көрсетті.

«ЭКСПО-2017» көрмесі ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда өткізілді. Сөйтіп, қазақ елінің ордасы айтулы шараны өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Тақырыбы ретінде таңдалып алынған «Болашақ энергиясы» жобасы баламалы энергия көздерін, «жасыл» технологиялар мен экологияны сақтап қалу мәселелеріне арналды. Мақсат – тұрақты қуат көздерін басқаруды қамтамасыз ететін шешімдер мен әдістерге қоғамдастық назарын аудару. Көрмеде әлемнің үздік технологиялары мен тәжірибесі, баламалы энергия көздерін пайдалану саласындағы жетістіктер паш етілді. Үш ай ішінде Астана бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналды. Тәуелсіз Қазақстанның символы ретінде нағыз ХХІ ғасырдың қаласы ретінде жаңа қырынан танылды.

10 маусым-10 қыркүйек аралығында көрмеге Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, Франция секілді 115 мемлекет және БҰҰ, МАГАТЭ, ЭСКАТО, ШЫБ сияқты 22 халықаралық ұйым қатысып, баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологияларды ұсынды. «ЭКСПО-2017» тақырыбын айқындайтын 140 экспозиция көрсетілді. Соның 102-сі – энергия үнемдеу технологияларын қолдану, 32-сі – жаңа инновациялық технологиялар мен өнертабыстар, қалғаны басқа бағыттарды қамтыды. Энергетика, құрылыс, инвестиция сияқты салаларда Қазақстандағы ғылыми-ағартушылық, іскер топтардың өкілдері мен көрмеге қатысушы мемлекеттер арасында 36 келісімге қол қойылды.

Қатысушы мемлекеттер – ұлттық, халықаралық ұйымдар мамандандырылған күндерін, шет ел басшылары 105 ресми шара ұйымдастырды. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында 8,5 мың адам ерікілер ретінде іріктеліп алынды. Оның 5,5 мыңы көрме аумағында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Олардың 2 500-ден астамы - – Астана қаласынан, 900-і – Алматыдан, 1600 волонтер өзге аймақтардан жиналды. Сондай-ақ Ресей, Қытай, АҚШ, Бельгия, Италия, Польша, Моңғолия, Қырғызстан және басқа мемлекеттерден келген 150 шетелдік волонтер үлес қосты.

Үш айда 4 миллионға жуық адам халықаралық көрменің қонағы болды. Олардың қатарында беделді саясаткерлер, әлемдік деңгейдегі ғалымдар, «Нобель» сыйлығының лауреаттары, инвесторлар мен бизнес қауымдастығының өкілдері де бар. Өткен сенбіде «ЭКСПО-2017» медиа орталығында ұйымдастырылған брифингте «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметов сол күні тек түске дейін 50 мың адам келгенін айтты.

– 93 күнде 2 миллион адам келеді деп жоспарлаған едік. Бірақ алдын ала мәліметке сәйкес бұл көрсеткіш 3 миллион 800 мыңға жетіп отыр. Оның 500 мыңдайы – шетелдік туристер. Көпшілікті көрме нысандарының алдағы тағдыры қалай болатыны алаңдатады. Оның әрбір ғимараты, әрбір шаршы метрі ескерусіз қалмайды. Біздің бұл бойынша нақты жобаларымыз бар. «Нұрлы әлем» ұлттық павильоны болашақта музей ретінде қалады. Ал басқа павильондардың орнынан білім беру орталықтары ашылады, – деді Ә.Пірметов.

Сол күні көрменің үздік қатысушылары анықталды. Халықаралық павильондар «Көрме дизайны» және «Көрме тақырыбының ашылуы» санаттары бойынша бағаланды. Қазылар алқасы құрамына көрме, сәулет және халықаралық көрмелер саласындағы 9 халықаралық сарапшы енді. Бірлескен павильондар арасында «Көрме дизайны» санаты бойынша қола жүлде – Латын Америкасы, күміс жүлде – Тынық мұхиты, алтын жүлде Кариб қоғамдастығы плазасына берілді. Келесі санатта қола – Украинаға, күміс – Гана Республикасына, алтын Тәжікстанға табысталды. Аумағы 400 шаршы метрден кем павильондар арасында «Көрме дизайны» бойынша қола жүлдені – Латвия, күміс жүлдені – Словакия, алтын жүлдені – Польша жеңіп алды. «Көрме тақырыбының ашылуы» бойынша финляндиялық плаза үздік деп танылды. Күміс жүлде – Сингапурға, қола жүлде – Чехияға бұйырды. 400 және 700 шаршы метр аумағы бар, 700 шаршы метр және одан көп аумағы бар павильондар арасында да үздіктер марапатталды.

Қазақстанның бүкіләлемдік аренада танылуына, туристік тартымдылығын арттыруға септігін тигізген ауқымды шара 10 қыркүйекте қорытындыланды. Көрменің жабылу салтанатында келешекте адамзаттың игіліне жаратылатын озық технологиялар мен әлемдік дәрежедегі энергия өндірудің үздік жобалары таныстырылды. Ресми бөлігінде алып экрандардан «ЭКСПО» көрмелерінің тарихы көрсетіліп, адамзат баласының жеткен жетістіктері – автокөліктен бастап смартфондарға дейінгі үздік технологиялардың тарихынан сыр шертілді. Көркем қойылымда алып экран арқылы күн және жел күшімен бірге су астындағы балдырлардан да энергия өндірудің технологиясы көрсетілді. ХХІ ғасырдың креативті жобасы – болашақтың вакумды пойызының жобасы таныстырылды. Сағатына 1300 шақырымға жүретін келешектің көлігін атақты америкалық өнертапқыш Илон Маск ойлап тапқан.

Ал «Болашақпен тілдесу» деп аталатын мультимедиялық шоуда көрме туралы қорытынды статистикалық мәліметтер келтірілді. Мысалы, көрме павильондарын жай аралап шығуға 96 сағат қажет болған. 3500-ден астам мәдени шара ұйымдастырылып, онда 33 мыңға жуық әртіс өнер көрсеткен. Көрме аумағында 100 миллион фотосурет түсіріліп, 88 жігіт өз сүйіктілеріне сезімдерін білдірген. Сонымен қатар «ЭКСПО-2017» көрмесінде әлем ғалымдары адамзат өміріне елеулі өзгерістер әкелген 153 жаңа өнертабысты таныстырған.

Сондай-ақ «Адам қуаты» деп аталатын ерекше акция ұйымдастырылды. Онда Елбасыдан бастап қол ұстасқан қонақтар бір-біріне қуат беру арқылы Сфераға жарық сыйлады. Кеш қонақтарынан бөлек, қол ұстасқан бір жарым мыңға жуық ерікті Конгресс-холлдан «Нұр әлемге» дейін сап түзді. Олардың кеуделеріндегі «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты бойтұмары да бірінен кейін бірі жанып, шарға жетті. Тізбек 2232 адамнан құралды. Оның мәні – халықаралық көрме тұтас 2232 сағатқа жалғасқан еді. Тізбек соңында тұрған көрменің басты кейіпкері – балақай толассыз энергиямен қуаттанып, Сфераға қолын тигізген сәтте айнала жарқырап шыға келді. Бұл – бірліктің, берекенің, сарқылмас қуаттың белгісі. Осылайша Астана аспанында Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» әуелеп, алып шарда бейнеленген бейбітшілік құсы көкке, күллі әлемге қанат самғады. Бұл – биікке талпынған жасампаз Қазақ елінің нышаны.

Осылайша күллі әлем көз тіккен халықаралық көрме де соңына жетті. Маңызы зор, мақсаты биік көрме елорданың, тұтастай алғанда еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша стимул болды. Бұл Қазақ елінің абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан тағы бір тарихи оқиғаға айналғаны даусыз.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ, 

Қызылорда-Астана-Қызылорда.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қыркүйек 2017 г. 645 0