« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазір қайдам, біз оқуға түскен сексенінші жылдардың соңы ҚазМУ қалашығы қыз-қыз қайнап жататын. Әсіресе, оқу корпустары қатар, жатақханалары жақын филфак пен журфак студенттері еншісі бір ағайынның балалары секілді еді. Жатақханадағы қыздарға сырттан еркеккіндік келсе кіржие қалатын филолог жігіттер Шыңғысханның әскеріндей шұбырып жүретін болашақ журналистерге қабақ шыта қоймайды. Өздері де олардың жатақханасына барса есік алдында іркіліп қалмай, еркін кіреді. Қаныбекті ең алғаш осындай жорықтардың бірінде көрсем керек.
Оқу бітіріп Қызылордаға келген тоқсаныншы жылдардың ортасы еді. Бір күні қаланың орталық алаңына келіп тоқтай қалған маршрутты автобустан Қаныбек түсіп келе жатыр...
Үстінде қара күрте, басында қақырайған шляпа. Бесінші курста «Жас Алаш» газетіне жұмысқа тұрған еді, енді сол басылымның Қызылордадағы меншікті тілшісі қызметіне ауысқан беті екен. Студент бір-бірімізді сырттай ғана білетін екеумізді Ақмешіт ағайындай араластырып жіберді. Көп ұзамай қатарымызға Нұртуған, Бексұлтан, Нұрлыбек қосылып, бір қауым елге айналдық.
«БОЛЬШЕВИКТЕ» ҚАЛҒАН БАЛАЛЫҚ
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай қаласына жақын ауылда туып өсті. Ес білгелі өздерін былайғы жұрттың «Кәлпенің әулеті» деп атайтынын аңдайтын. Сөйтсе, аталары Бәйіт Бұқара медресесін тауысқан адам екен, ал әкесі Шәрібек жырау еді. Ол туралы кезінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде белгілі ғалым Көбей Сейдехановтың көлемді мақаласы жарық көрген.
Көп сөзге жоқ әке қолына домбыраны анда-санда бір алатын. Әуелгіде жәймен басталған әуен бірте-бірте зорайып, мақамды құлағы шалған көршілер ешкім шақырмай-ақ тегіс жиналады. Алқа қотан отырған көпшілікке қосылатын бала Қаныбек те түн ауғанша отыратын. Кейде жырдың аяғына жетпей қалады, ондайда басы әлдеқашан жастыққа тиген төрт бауырының қатарына барып қисая салатын. Бірақ көпке дейін кірпігі ілінбей, жырдың мақамы мен сөзі құлағында жаңғырып тұрар еді. Жырау әке кенже ұлдың көкірегіне осылайша өнер дәнін сеуіпті.
Бірақ оныншыны бітіретін жылы әкесі Қаныбектің Алматы медицина институтының Шымкенттегі филиалында оқуы тиістігін айтып, күрт өзгерсін. Осыған дейін аудандық газет редакциясына жазған-сызғанын жіберіп, ондағылардан жылы лебіз естіп жүрген баланың жаны ышқынып кетті. Тұңғыш рет әкенің айтқанын тыңдамай, Алматыға аттанды. Таңдағаны КазГУ-дың журфагы еді. Екі рет құлап, үшіншісінде дайындық бөліміне тырнақ іліктірді. Оқуға шақырарда жеделхат салуы тиіс деканаттағылардан хабар келмегендіктен, осы курсқа да екі ай кешігіп келгені бар. Бұл келген сәт филология ғылымдарының кандидаты Ержан Бектұрғановтың сабағы жүріп жатыр екен. Марқұм, қимылы да, сөзі де жылдам қызық адам еді. Бір қарағанда қатал көрінгенмен, жүрегі жұмсақ, жайлы кісі болатын.
Сол ағай кешкі бөлімнің кешіккіш студентіне шүйліксін. «Бала, сен көп сабақты жіберіп алдың. Оқудан шығып, келесі жылы қайта тапсырғаның дұрыс» дейді түсін суытып. Үшінші жыл дегенде көкірегінде үміт оты тұтанған бала оған көнсін бе?!.
– Ағай, әуелі сабақ сұраңыз. Білмей жатсам, өз обалым өзіме...
Бір жақсысы, ағайы көзі жанып тұрған қара баланың меселін қайтарған жоқ, қайта бар сұрағына мүдірмей жауап бергені үшін арқасынан қағып, алдыңғы қатарға отырғызды.
Айтпақшы, сол жылдары Қаныбек туған ауылдың аты Большевик болса, аудан орталығы Кировтың атын иеленетін. Қияндағы Мырзашөлдің жұмырында жатқан ауылға алты аласы, бес бересі жоқ Сергей Мироновичтің атын бергізген коммунистік идеологияның күші ғой баяғы. Кировтан шыққан Қаныбек 1986 жылы қабылдау емтиханын мерзімінен бұрын тапсырып, әскерге С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті болып аттанды.
МАЙЫН ІШКЕН МАКЕТТІҢ
Жалпы қай басылымның да ажарын макет кіргізетінін газет-журналдың маңайында жүргендер жақсы біледі. Бұл жағынан күні кешеге дейін «Жас Алаш» газетінің алдына түсетін басылым жоқ еді. Осыдан болар 20 жыл бұрын Қызылордада «Ақмешіт ақшамы» газеті ашылғанда қала әкімінің орынбасары Бауыржан Омарұлы Алматыдан белгілі журналист, «Жас Алаш» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Сапарбай Парманқұлды арнайы алдырды.
Бізге «қазақтың Песковы» атанған журналистің әр қылығы қызық. Жаңа ұжымдағы қыздар жағы оның желкесін шапқан қайратты шашын сәнмен сілкіп қоятын әдеті барын байқапты. Жігіттер «Атақты журналистің темекі шеккені де бөлек болады екен-ау» деп таңданады. Сол сапарында Сапекең осыған дейін газетте бір күн жұмыс істемесе де, жауапты хатшының жүгін арқалап жүрген біз пақырыңызға бірталай макет сыздырды.
«Мына «сапогты» құрт» дейді алғашқы сызған парағымды алдыма лақтырып, келесіде «Өткір материалдарды бірінші беттің «подвалына» салуға тырыс» дейді гүрілдеп. Екі-үш өткенде біздің сызғанымыз жобаға жақындады білем, ағаның қалың қабағы сейіле бастады. Үстел үстіндегі өзегі кепкен фламастерлердің бәрін қоқысқа тастатты да, менің қолыма ырымдап бір қорап түрлі-түсті қарындаш ұстатты.
– Есіңде болсын, материалдың обал-сауабы оны газетке орналастыратын жауапты хатшының мойнында болады, – деді Алматысына қайтар күні. – Нешауа, алып кетесің ғой, егер қиналып бара жатсаң, біздің Қаныбек бар, содан көмек сұрарсың.
Осылайша бүгінде оқырманын тапқан басылымға айналған «Ақмешіт ақшамының» алғашқы нөмірлерінде Қанекең де қолтаңбасын қалдырды. Газет шығатын сәрсенбі күні таңға дейін отырамыз. Беттеуші Марат газеттің қиюы келмеген тұстарын Қанекеңнің кеңесімен жымдастыра қояды. Таң құланиектене үйге жете құлаймыз. Бірақ жаңа нөмірді қолға алған сәтте түні бойын көрген азабыңды ұмытып сала беретінің тағы бар.
«Жас Алаштан» үйренген тәлімі Қанекеңді макеттің майын ішкен маманға айналдырғанына кейін де талай куә болдық. Осыдан 2-3 жыл бұрын Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің басшылығын қолға алған ол әуелі жұмысты макеттен бастады. Материалдары мінгесіп жататын газеттің өңі ашылды. Көп ұзамай басылымның мазмұнында өзгеріс байқалды. Шынын айтайық, «Жаңақорған тынысы» жұрт іздеп оқитын газетке айналып шыға келді.
КӨНЕ СӨЗДІҢ КӨМБЕСІ
Қаныбек – ізденгіш журналист. «Жаңақорған тынысында» жүргенде Сығанаққа апаратын жерасты жолын зерттеп, көлемді мақала жазды. Одан бөлек, Сырға қатысты тарихи һәм жер-су атауларын жатқа біледі. Кейде жекелеген сөздердің түп-төркініне үңіліп, ол туралы байламын оқырмандармен бөлісетіні де бар.
Осынысымен де ортасына сыйлы Қанекең жайлы алдыңғы буын ағалар айтар пікір бір төбе. Мысалы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, белгілі жазушы Жанат Ахмади біздің кейіпкер жайлы былайша ой толғайды.
«Қазақ атамыз «ақың кетсе зерекке кетсін» деген. Немесе «аңқау достан зерек дұшпан артық» деп зеректікті қадағалай түседі. Басыңды бағалайды дегені. Мен Қаныбекпен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, дарынды ақын Есенғали Раушановтың үйінде танысқан едім. Сонда ол алғаш рет адамға зер сала, байыпты пайыммен қарайтын сезгір қалпымен әсер еткен. Өзгені бірден өзіне тартатын бауырмал, туыстық қасиеті білінген болатын. Адамды бауыр тартып тұрады екен. Содан бірер дүркін ұшырасып шүйіркелескеннен кейін көп жылдар бойы кездеспегенбіз. Осы орайда айта кетпегім – кей адамдармен неше қайта ұшырасып жүрсең де, кездеспей жүргенде ойыңа орала бермейді. Сол көрген, танысқан жеріңде қалады. Ал Қаныбекті кейде «сол қайда жүр екен» деп ойлап қоятынмын.
Осыдан бір жыл бұрын ойламаған жерде өзі хабарласып қалды... Жаңақорған (Қызылорда) аудандық газетінде қызмет істейді екен. Мендегі шаруасы, осы аудан көлеміне жер аударылып жүрген кезімде маған өкілаға болған бір кісі туралы кітап шығармақ екен. Соған мақала жазып беруім керек. Ол осы ауданның «Қожакент» (бұрынғы «23-ші партсъезд» совхозы) ауылында тұрған Ергеш Үсеновке өз ауылынан көше берілмек екен. Өзімнің де аруағына құран бағыштап отыратын рухани аяулы ағам еді, келісе кеттім. Және ол кітаптың жазылуына түрткі болып басқарып жүрген Қаныбекке шынайы риза болдым. Ергеш аға жайлы мұнан бұрын да өзімнің «Сынаптай сусыған жаһанда» аталатын ғұмырнамалық кітабымда кеңінен атап жазғаным бар. Уәде орындалды».
Тағы бір қасиеті – қаламнан қажымайтындығы. Осыған дейін «Редактор Қалқабай Әбенов», «Желкілдек батыр», «Ғибратты ғұмыр», «Мен елімді бағаладым, елім мені бағалады», «Елі елейтін Ергеш», «Түгіскен түлеткен тұлға» атты кітаптары жарыққа шықты. Жуырда тағы бір туындысының бас-аяғын жинақтап баспаға ұсыныпты.
Дүниеде баланың пайымына, қабылдауына орайластырып дүние жазу қиынның қиыны. Біздің Қанекең оны да игерді. «Құралай» атты әңгімесі 4-ші сынып әдебиеті оқулығына еніпті. Оны да өзі айтқан жоқ, кездейсоқ біліп қалдық.
Мен білетін Қаныбек осындай. «Жас Алаштан» басталған жолы оны бүгінгі биікке жеткізді.
Кейде ол маған тау-тау құмды електен өткізіп, ішінен түйір алтын іздеп отырған бейнеткеш жанды елестететіні бар. Іздегенін тапқан болар деп те пайымдаймын. Ол елдің өзіне деген көл-көсір құрметі болса керек.
Осы құрмет ұзағынан болғай, аға-дос!
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |