Бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі Қамшыбек Қоңқабаев студенттермен кездесті. Салтанатты шараны физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бахытхан Әбдікәрімов ашты. Қамшыбектің жеңісті жетістіктерін, бағындырған биігін сөз етіп, спорт саңлағын үлгі етуге шақырды.
– Сыр өңіріндегі 80 жылдық тарихы бар университет – толайым табыстардың жаршысы. Оған білім ордасынан түлеп ұшқан елге танымал қоғам қайраткерлері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, Қазақстанның Еңбек Ері атағының иегерлері, белгілі ғалымдар мен ұстаздар, даңқты спортшылар дәлел. Қазіргі таңда спорттың түрлі салалары бойынша халықаралық деңгейде 8 студент Олимпиада ойындарының жүлдегері, 10-ы Әлем чемпионы атанған. Соның ішінде Қамшыбектің қосқан үлесі орасан. Талайлар көз тіккен тартыста додаларда ел намысын қорғап, өршілдік танытып жүр. Ол – Сыр елінің ғана емес, бүкіл қазақтың мақтанышы, жастарға үлгі-өнеге болар даңқты спортшы, – деді Б.Әбдікәрімов.
Мұнан кейін былғары қолғап шебері жетістікке апарар қағидалар мен өмірлік ұстанымы жайлы сыр бөлісті. Шаршы алаңға шығар алдындағы өзінің ішкі толғанысы жайлы айтып, көпшілік сауалына жауап берді. Әсіресе, жастарды боксшының алдағы жоспарлары қызықтырды. Қарсыластарымен қарым-қатынасын білгісі келетіндер де көп. Бір сөзбен айтқанда, бокс әлемінде аты шыққан азаматпен жүздесу ашық сұхбат алаңына айналды. Басқосу соңында азулы спортшыға спорт саласын дамытуға, ел мерейін халықаралық аренада көтеруде өлшенбес із қалдырғаны және бұқаралық спортты насихаттау саласына қосқан сүбелі үлесі үшін университеттің “Үздік түлек” медалі табысталды. Қатысушылар Қамшыбекпен естелік суретке түсіп, қолтаңбасына қол жеткізді.
Мөлдір СНАДИН.